Жалғыздық

                    Жалғыздық  

Ай да жалғыз, күнде жалғыз, Жер жалғыз,

Сен де жалғыз, ел ішінде мен жалғыз.

Жалғыздықтың жаутаңдатып жанарын,

Екеу десек, біреуіне енжармыз.

 

Шыңда шынар жалғыздықты ұқтырып,

Ақырында құлайды екен тік тұрып.

Аққу да әне, айдынынан адасқан,

Жүректерін жұбатуда жұп құрып.

 

Менменсіген Алату да бір күнде,

Жалғыздықтан  шашы ағарды бұл күнде.

Шақша басым, ақ шаласың демеймін,

Ақ шалғанша екеу болсын күлкімде.

 

Күнде алдайды жылмыңдаған  жарықтар,

Алданбауға жан –тәніңді салып қал.

Екі –екіден еркелеп қал өмірде

Ешқашан да егіз болмас табыттар.

 

Ләйлә, Ләйлә, Ләйлә   деумен сор атын

Жамылды да кетті, білем, сол ақын...

Ақылыма ақыл қосшы адамдар,

Жүрегіме жүрек керек соғатын!

 

 

 



Бөлісу: