Жалғыз қыз - 4 (Әңгіме)

Түн ортасында жеңіл киіммен ентігіп далаға атып шықты. Қалай келгені есінде жоқ, сары машинаның жанына жетіп келіпті. Шегіртке ғана шырылдайды, өзге тырс еткен дыбыс жоқ. Бір секунд та ойлануға мұршасы болмай, сары машинаның рөліне отырып, өзі шамалаған жолға түсіп, басы ауған жаққа безу - бұның мақсаты.

Айсұлу қашып келеді. Тағдырынан, өткенінен қашып келеді. Сары машина шоқалақ жолға қарамастан, жүйтки зымырайды. Ұшақта келе жатқан тәрізді. Біреу оны алақанына салып, аялап, ұшырып әкеткен секілді. Біресе, қанатқа, біресе құсқа айналып кеткендей. Кеудесін орасан қуаныш кернеді. Түп-түзу тісін тізіп, күле береді. Рөл өздігінен жол тауып, әп сәтте ауылына жетіп келді. Сол, сол-ақ екен, қайдан шыққаны беймәлім, анасын көрді. Қабағы қатулы, әлденеге кіжініп тұр. "Анашым, анашым!" Айсұлудың қуанышы су сепкендей басылды. Анасы теріс айналып, тірлігін істеп жатыр. Анасы ақ самаурынға қол соза бергенде, дүние-әлем төңкеріліп кетті. Айсұлу есін жиса, сары машина жолдың жиегіне төңкеріліп түсіпті, бұл көліктің астына кептеліп қалыпты. "Аяқ-қолым сау ма, он екі мүшем түгел ме?" деп жанталасып, дене мүшесін ойша түгендей бастады. Сау сияқты. Қан да жоқ. Анасы бәрін байқап тұрса да, бұрылмады. Ақ самаурынды алып, үйге кіріп кетті. Үй іргесінде жол апатына ұшырап, шарасыз жатқан Айсұлу тағы жалғыз қалды. "Анашым! Анашым! Көмектесші!"... Үні шықпайды. Үні неге шықпайды? Дауысынан айырылғаны ма?! Бойындағы бар күшін жиып, тағы дыбыс шығармақ болды. "Анашым!!!" - бұл жолғы дауысынан тау-тас, орман, көл жаңғырды. Егіліп жатыр бұл. Еңкілдеп жатыр. Көз жасы тиылмайды... 

Айсұлу көзін ашты. Көз жасы жұмсақ жастықты сулап тастапты. Түсі екен бәрі. Бәрі түсі екен! О, тоба! Түсі екен!

Айсұлу төсекте ұзақ жатты. Өңінде болғандай... "Расымен бәрі менен теріс айналғаны ма? Бақытты болуға құқым жоқ па?" деген ойлар миын тесіп, жанын жейді. Жанұшырып, бір қателігінің зардабын өмір-бақи тартқысы келмейді. Өзін бұл өмірге лайықсыз санайды. Кенет апыл-ғұпыл киініп, атып тұрып, далаға шықты. Сары машина да ұйықтап тұрған сияқты. Басын төмен салып, мүлгіп тұрған сияқты. Бала кезінде әкесі көлік айдауды үйреткені бар. Айсұлу күйеуінің шалбарының қалтасынан байқатпай алған көлік кілтін қыса ұстады. Қолы дір-дір етіп, өзіне бағынар емес. Қолы дейді-ау, бүкіл денесі дір-дір етіп, қалт қимылдан жарылып кетердей. Айсұлу сары машина жанына келді. Қолын көлік есігінің тұтқасына апарды. Көрген түсі есіне түсті. "Бұлай қорланғанша, тәуекелге барғаным дұрыс", - деген ой сыпсың етіп, маза берер емес. Айсұлудың қолы машина есігінде әлі тұр. Ары қарай қозғаса, бүкіл өмірі түбегейлі өзгеретіндей. Айсұлу ұзақ ойланды. Бұл уақыт бір ғасырға татыды. Шешім қабылдау мұнша қиын болар ма? Айсұлудың қолы сылқ етіп, төмен түсті... 

Көрші үйде өзімен жасты қыздың болғаны - Айсұлудың соры емес, бағы екен. Айсұлу терең ойдың шырмауынан бір шешіммен шықты. "Оқу". Бұл бақытты өмірдің жібін оқуға жалғады. Білім ғана бұны құтқармақ. Беліне дейін батқан балшықтан білім ғана суырып алып шықпақ. 

Жандос үйде жоқта көршінің қызына оқуға барып, сол баяғы шынайы, бала, оқушы кейпіне түседі. Өзінің келін екенін ұмытып, көрші қызбен математика есептерін талқылайды, тарихтың оқиғалары үшін пікірталасқа түседі. Сары машина ауылға қарай зымырағанда, бұл үйіне қарай зымырап, жұмбақ, үнсіз, үй шаруасына мығым келін бейнесіне көшеді. Осылай жүргенде, уақыт та зымырап, жаз артынан күз, күз артынан қыс, қыс артынан көктем қуалады. Айсұлудың 9 сыныптың аттестатымен колледжге тапсырмақ болып, тест тапсыратын күні де таяп қалды. Айсұлу бар ынтасын оқуға беріп, оқуды жан-жүрегімен қалады. Сондықтан да болар, ортада бала да жоқ. Айсұлудың өзі әлі бала сияқты әлдебір таңғажайыптың болатынын сезеді. Тағатсыздана күтеді. 

Көршінің қызы ҰБТ тапсырды. Ойындағы ұпайды алып, қуанып келді. Айсұлу да шын көңілден қуанды. Екеуі құшақтасып, қуаныштан секірді. Тағдырынан хабары жоқ сырт көз "сыныптас қыздар ойнап жатқан болар" деп ойлар еді. Тек Айсұлудың үстіндегі әйелдер халаты барлық көрініске жараспайды. Көзге түрпідей тиеді. Селкеусіз қуанышқа сызат түсіреді. 

Көптен күткен күн келіп, Айсұлу жоспар бойынша көрші қызбен бірге қалаға аттанды. Жол-пұлын көрші қыздан алып, сыры бір қос құрбы мақсаттарына қарай жол тартты. 

Айсұлу таң бозарып атқанда жолға шыққан. Түнде енесіне бар шындығын айтып, қоштасқан болды. Арада бала болмаған соң ба, күйеуі бұрынғысынан да суық бұған, "барсың ба, жоқсың ба" демейтін күйге жеткен. Ұзынқұлақтан "осы ауылға бастауыш мұғалімі боп келген жас қызбен сөзі жарасып жүргенін" естіген. Іші алай-дүлей болып, өртеніп кетті. Бұл сезім қызғаныш емес, махаббат емес, қимастық та емес. Өзі де түсінбей, өкіріп бір жылап алды. Одан кейін бәрі осылай болғанына қуанды. Ал төсекке таңылған бірінші әйелі бұл күні өздігінен жүрмекке талпынатын болған. Бәрінен баз кешіп, өлімін күтіп жатқан жерінен Айсұлу - бұл үшін тағдырдың жіберген сыйы іспетті еді. Айсұлудың мойымай, әлденеге талпынып жүргенін көріп, бұл да қандай кезде болмасын, үмітті жоғалтпау керек екенін түсініп, жоқ болған үмітін қайта шақырған. Алдына "ем-дом алып, қалайда аяқтан тұрамын" деген мақсат қойған. Бір күні Айсұлудың қатты ішіп келген Жандостан таяқ жеп жатып, Жандос есіктен шығып кеткенде: "Мені жалғыз деп басынба! Жалғыз емеспін! Арман, үмітім бар! Олар менімен бірге!" деп еңкілдеп қорлықпен емес, қайсарлықпен жылағанын көргенде, бұның да жақсы өмірге деген сөнген құштарлығы қайта лаулаған.

Айсұлу құрбысының қолынан қыса ұстап, тұңғиыққа батып, өткен өмірін таразыға тартып келеді. Көлік ішінде 8 адам. Қыстырылып келе жатып, құжаты мен аздаған киім-кешегі буылған сөмкесіне қарағыштап қояды. Қалаға барғанда көрші қыздың туыстарының үйіне түсіп, сол үйде уақытша тұрақтамақ. 

Жалғасы бар 

Әңгіменің басы мұнда:

Жалғыз қыз - 1

Жалғыз қыз - 2

Жалғыз қыз - 3

Жалғыз қыз. Соңы

Сурет: www.3hdwallpapers.com



Бөлісу: