Жалғыз қыз - 2 (Әңгіме)

Жалғыз қыз  - 2 (Әңгіме)
жеке
блог

Басы

Көңілі босап, үйін қимай отырғанын көрсе де, Жандос үндемеді. Бұл үнсіздік Айсұлудың жанын жегідей жеп барады. Одан да айғай салғаны жақсы. Интернеттен айтатын жанды еріткен тәтті сөздері жоқ. Үш рет кездескенде, қалай байқамаған? Бойы тапалтақ екен ғой. Сымбатты көрінген түрі де қошқылданып кеткен. Туғалы үйінен ұзап шығып көрмеген Айсұлу осы сәтте көлікті тоқтатуды өтінді. Жандос қыздың айтқанын екі етпеді. Жол жиегіне сықырлай тоқтаған ескі көліктен атып шықты Айсұлу. Жылай шықты. 

Ен далада екеуі ғана. Жандос жанына келді. Тағдырдың талқысына түскен шарасыз, аянышты аруға ұзақ қарады. Жаңбыр астында қорғансыз қалған балапан тәрізді. Осы кезде барып, сауық қуған Жандос не қадамға барғанын түсінгендей болды. "Бұл менің мәңгілік жарым ба?" деп өз-өзінен сұрады. Бұл сұрақты Айсұлу да өзіне іштей қойып тұрған болатын.

Жандос Айсұлудың жанына жақындады. Арудың ақ білегінен ұстады. Дір-дір етіп тұр. Беліне түскен бұрымын сипады. Қапсырай құшақтап, бауырына басып, ұзақ тұрды. Қыз жігітке сүйеніп, жылай берді. 

- Жылама, - деді Жандос. - Жылағаныңды қаламаймын. 

Айсұлу енді дауысын шығарып жылады. Оның ұғымында үйден бір кеткен қыздың қайтып келуге құқы жоқ болатын. Әкесі үнемі осылай айтып, құлағына құятын да отыратын. Балалығы бойынан кетпеген Айсұлу не істеп, не қойғанын ақыл таразысына тартатындай жағдайда емес еді. 

Жігіттің құшағы өртеп барады. Ыстық ерін ақ тамаққа тигенде, Айсұлу жылауын тоқтатты. Тапалтақ көрінген Жандостың құшағы темірдей берік, сытылып шығу мүмкін еместей... Бұл құшақтан Айсұлу бірнеше жылға есейіп шықты. 

Сары машина күңірене қозғалды. 

Бұлар тоқтаған үйдің маңы тым-тырыс. Айсұлу "көршілерге тоқтаған шығармыз" деп ойлаған. Жандос "отыра тұр" деп үйге кіріп кеткен. Іштен жұпыны киінген орта бойлы әйел шықты. Аңқалақтаған әйелдің жүзінде абыржу бар. 

- Түс, түсе ғой, жарығым, - деді әйел машина есігін ашып. Айсұлу әйелдің етегіне тығылып, өзіне имене қарап тұрған кішкентай сары баланы қоса көрді. 

Бұдан кейінгі оқиғалар өң мен түстің арасында өткендей. Бірі есінде, бірі есінде жоқ. Ішке кіріп келгеннен-ақ көзге ұрған кедейлік Айсұлудың еңсесін көтертпеді. Төмен қараған күйі бір нүктеге қадалып отырды да қойды. Әлдекімдер жұлмалап, басына орамал салып жатқанын да сезген жоқ... Күбір-күбір әңгімеден түсінгені "бұл Жандостың екінші әйелі болып түсіпті, әйелі тірідей төсекке таңылып, босағадағы бөлмеде жатыр, бағанағы сары бала Жандостың баласы екен".

Аңыранып есіктен анасы кіргенде барып, біреу бойына мұздай су құйғандай, бойын жиып алды. 

- Қарғам-ау, қарғам-ау, бұл не істегенің? Бұл қайткенің? Мені тірідей сойдың ғой, қарғам-ау. 

Айсұлудың құлағы шыңылдап кетті. Басындағы орамалын жұлып лақтырып, анасына қарай еңірей жүгірді. 

- Апа, апа, кешірші, апа! Апа, алып кетші мені! Апа! 

Ана мен қызы қосыла жылады. Жиылған көрші-қолаң бұл көрініске әрі қызықтай, әрі аяй қарады. 

Анасы өзімен бірге ерте кетер деп ойлаған. Қателесіпті. Бұл жолы да... 

Ертеңінде тойдың ырымы жасалды. Өз қиялындағыдай гауһар тасты ақ көйлек кимеді. Бақыттан басы айналып күлмеді. Жандос енді бұған кәрі әрі суық көріне бастады. Жандостың анасы ғана аналық мейіріммен елжірей қарап, жүрегін жібітіп барады. Өз анасы үстел басынан тұрмады. 

Қарбалас біткен соң, бақса, бұл үйде Жандос, бірінші әйелі, баласы, Жандостың анасы, өзімен қосқанда бес адам бар екен. 

Үйдің ішінде жылу жоқ. Төсектен тұра алмай жатқан әйелге қараған сайын жүрегі қатты-қатты соғып кетеді. "Мен осындай опасыздыққа барғаным ба?" деп ойланбай істеген ісі үшін бармақ тістейді. Кеудесі өкініштен өртенеді. Елдің бетіне тіке қарай алмай қалған анасы мен әкесі көз алдына келген сайын өз-өзін ойша жерлейді. Қиялындағы салтанатты сарай - берекеге толы өз үйі екенін енді ғана түсінеді. Жандостың тойда ішімдікке сылқия тойып алып, орта бермей сүйкімсіз билегені есіне түскен сайын жиіркенеді. Қас қылғандай көрші үйде өзімен жасты оқушы қыз бар екен. Соның қамсыз, алаңсыз күйін, анасына еркелеп мойнына асылғанын көрген сайын, жұдырықтай жүрегі кеудесін жарып, шығып кете жаздайды. "Бұл жүрек тоқтап қалмай нағып тұр?!" деп адам баласының шыдамдылығына балаң көңілмен таңырқайды. Біртіндеп қол көтере бастаған Жандостың жұдырығы тәніне батса да, жанына батпайды... Бірнеше күн салынып ішіп, бірнеше күн үйге қонбай жоқ болып кететін әдеті бұрыннан бар екен. Жоқ болып кеткен күндері көрші ауылдың қыздарына бетперде киіп барып, "сері" боп көрінеді екен де, үйге келіп, бар ашуын қорғансыз нәзік жандылардан алады екен. 

Жандос үйге біреу-міреу келгенде өзгеріп сала береді. Үй ішіне қамқор, сөйлесе сөз бермейтін шешенге айналады шіркінің. Төсектегі бірінші әйелінің жанына елбең қағып, жетіп барады. Тамағын бергенсиді. Сырына әбден тойған әйел үнсіз жата береді. Біреуге күні қарап қалған әйелдің ата-анасы 19 жасында жол апатынан қайтыс болып кеткен. Осы үйге келін боп түскеніне төртінші жыл болғанда, қапыда ауыл сыртындағы терең құдыққа құлап, қос аяғынан айырылған. Бар сүйеніші - баласы. Баласының басынан сипап жатып, күнін батырады. 

Тағдырдың бір айналдырса, шыр айналдыратын тосын мінезін тасыған толқынға лақтырылған Айсұлу бұрын қалай білмеген? Неге анасымен сырласпады? Жалғыз қыз болғандықтан, сыр бөлісетін әпкесі де, сіңлісі де жоқ. Бар лағнетін жалғыздығына айтып, өзін сәл болса да, ақтағысы келеді... 

Жалғыз қыз - 3

Жалғыз қыз - 4

Жалғыз қыз. Соңы

Сурет: vk.com