Менің бауыретім, егізім, бір ананың жатырынан бірге шыққан жақыным.
Алланың қалауымен өзіңмен бірге дүние есігін аштым. Қуанышыммен қайғымды ең алғаш бөлісетін адамым.Өзіңмен бір бесікте тербеліп, бір үзім нан болсын бөлісіп, қуыршақ, ойыншықтармен бірге ойнап,өзіңе қатты бауыр бастым. Сәл көрмесем сағынып, іздеп тұратыным тағы бар.Өзіңмен бірге бір бала - бақша, бір мектеп, қазірде бір универ. Мектеп табалдырығын аттағаннан бастап екеуміз бір партада отырып сол орындықта мектепті бітіргенбіз. Тіптен мұғалімдер екеумізге ортақ бір оқулықтан беретін. Қызық иә? Екеуміз үйде кезек-кезек оқитынбыз. Кейде мен бірінші оқып, оған түсінгенімді айтсам ол мені мұқият тыңдап отырып, менен ұққанын мұғалімдерге айтып беретін.
Шыны керек кей кезде бір нәрсені бөлісе алмай бір-бірімізбен керісіп, әсіресе үй жинарда сен ананы жина, ал мен мынаны жинаймын деп, ол оған келіспей ақыры соңында ренжісіп қалатынбыз. Бірақ ренішіміз жарты сағаттан аспайтын, себебі кішкентайымыздан анам бауырыңның қадірін қазірден бастап ұғын, ауыз біршіліктерін бір болып біріңнің айтқанын бірің тыңдап, бір ізбен кіріп, бір ізбен жүріңдер, қазірден бойларыңа осыны сіңдірсеңдер кейін үлкейгенде тату-тәтті болып тындырымды тірлік етесіңдер – деп,үнемі айтып отыратын.
Ал қазір үлкейгендіктен өзіңнің қадіріңді терең түсінгендеймін. Себебі бауырым, жанашыр әпке, сенімді сырлас, керек кезде ақылшы және бір-бірімізге сыңшы да бола аламыз. Мен қуансам балаша мәз болатын, мұңайсам қабырғасы қара жердей қайысатын жақынымның барына шүкір етемін. Сенімен өткізген әрбір сәтім, мен үшін алтыннанда қымбат.
Сені шексіз жақсы көремін жанашыр, жалғыз бауырым.