Мен тағы да жауапсыз махаббатпен бетпе-бет келдім. Жасаған, қарсыласқан істерім бұрынғысынан өзгешелеу секілді. Мүмкін, аузы күйген үріп ішердің күйін кешкен болармын. Ғашықпын деймін, бірақ ғашықтықты қамқорлықпен шатастырған мен де бір сормаңдай секілдімін. Ғашықпын ғашық болуға тыйым салынған жанға... Кеше кешке киноға бару керек болғанбыз, бірақ мен өнер адамының өмірін түсінбейді екенмін. Үнсіз қалған телефонымды жазғырып, тіпті жазықсыз телефонымды жек көріп барамын күннен-күнге. Тілін жұтқан адамдай сол күні кеш бойы үнсіз тұрды, еш пайдасын көрсете алмай жабыққан жаныма. Мен ғашық болдым, сүйем деймін, бірақ соңынан күйемін, күйіп келем әлі де...Біле тұра өзімнің қиналатынымды, бұрынғысындай мұның да қуантпайтынын түсіне тұра, тәтті шараппен мас қылып, алдаудан бір жалықпадым жанымды. Бірақ мен рухани тұрғыдан шаршағанымды түсіндім, жанымның күйзелгенін ұғындым. Жанарымды бал шырынға толтырумен емес, ащы жаспен толықтырудан шаршамаған махаббатқа мен наразымын, көктем гүліндей жанымды құлпырта алмаған махаббатқа мен қапалымын. Оған деген жүрегімнің есігін енді қайта ашқым-ақ келмейді, ашпайын десем, өмірім менің бұрынғының ақ-қара телевизорына айналатын сыңайлы, ашсам тағы да аузым күйеді. Иа, Алла Тағала, қиналған жанымның ең күшті махаббатын, ыстық сезімін өзіңе арнаудан бір шаршаған емеспін, шаршамаймын да! Кей-кездері бала күнімнен бері тасқа сүйеген басымды, мен де басқалардай адал жүрек, мейірбан көз, кең иыққа сүйегім келеді...