Жақында премьера - «Күн сақшылары»!
блог
1 қазаннан «Ел арна» телеарнасында «Күн сақшылары» сериалы көрсетіле бастайды. Осы орайда назарларыңызға сериалдың ресми трейлерін ұсынамыз. Бұл мистика мен драманың, танымал актерлер мен ерекше интерьердің, таңғажайып оқиғалар мен көлкөсір сезімнің «коктейлі» болады деп уәде береміз. Дәл осы сериал «Хабар» Агенттігі мен «Ел арна» телеарнасының жаңа маусымдағы жарқын бағдарламаларының легін жалғастырады.
Жоба авторы –талантты жас режиссер Ахат Ыбыраев («Аңыз кітабы: Құпиялы орман», «Санжар мен Қайсар», «Нүркеновтер отбасы», «Айналайын»). Режиссер ретінде әйгілі Ли Страсберг театр және кино институтының (Нью-Йорк) түлегі Санжар Сұлтанов («Уақыт күтпейді», «Хакер») шақырылды. Сценарий авторлары – Валерия Плотникова мен Рустам Ниязов. Бұл мен «Хабар» Агенттігі мен «Ел арна» телеарнасының заманауи шытырман жанрдағы жобасы болмақ..
http://www.youtube.com/watch?v=wh_FOAnIHtY
Ахат Ыбыраев кафелердің бірінде түстік ішіп отырған кезінде осы сериалдың идеясы туындаған екен. Ол таңтамаша оқиғаларға тап болып, ақырында қазына тауып алатын мейрамхана қызметкерлері туралы фильм түсіруді ұйғарады.
Сериалға Нұржан Тұтов, Аружан Жазылбекова, Артур Төлепов, Шаріп Серік, Рустем Жанаманов, Жұлдыз Маханова сияқты белгілі актерлер қатысқан.
Серік Абас-шах, «Ел арна» телеарнасының директоры:
«Бұл сериал қазақстандық жастарға және отбасылық аудиторияға қызық болады деп сенеміз. «Күн сақшыларында» адамдар арасындағы қарым-қатынас мәселелері мен махаббат тақырыбы көтеріледі. Ерекшелігі – қанық бояулары мен пәлсапалық құрамы. Біз алдына мақсат қою мен адал, еңбекқор болудың маңыздылығын баса айтқымыз келеді. «Күн сақшылары» «Ел арнадағы» сериалдар легін жалғастырады, және бұл – көрермендерге дайындаған сыйлығымыздың соңғысы емес».
Ахат ЫБЫРАЕВ, продюсер:
«Сериалдың мағынасы «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар, қалан» деген жолдарға келеді. Бізде бұл ой кафенің астында қазына жасырылған деген метафорадан көрініс тапқан. Яғни әр адам қазынаны шеттен емес, өз ішінен іздеу керек, өзіңнен қашудың қажеті жоқ дегенді айтқымыз келеді.
Бұл − кадр сыртынан күлкі естіліп тұратын ситком емес, бұл жауапсыз махаббаттан жапа шегіп жүрген дәрігерлер мен мұғалімдер туралы драма да емес, идеологиялық новелла деуге де келмейді. Қазір көрермендерге елден ерекше кейіпкерлер қызық. Өйткені қазіргі ақпараттық ағын адамдарды есінен тандыруда. Көбі өз орнын таба алмаса да, бай, дәулетті болғысы келеді. Осы жоба үшін сонау Канададан режиссер Санжар Сұлтановтың арнайы келгеніне қуаныштымын, оның тәжірибесі сериалдың жанды шығуына септесетіні анық. Бұл идеяны «Хабар» Агенттігі қолдап, «Ел арнаның» көрермендеріне ұсынғанына ризамын».
Санжар СҰЛТАНОВ, режиссер:
«Канадада мен продюсер, сценарист ретінде көбірек жұмыс істеймін, яғни маған ұйымдастырушылық мәселелерге көбірек араласамын. Бұл сериалға менің тарапымнан жаңашылдық қана талап етілді. Маған толықметражды жұмыстар қызығырақ, бірақ сериал жанрында да бақ сынап көру қызықты. Маған жалпы қазақ кинематографы қызық. Өйткені менің Отаным осында. Біздің сериал жастарға арналған, түрлі салалар мен түрлі отбасыларынан шыққан түрлі адамдар туралы. Ал маған ылғи да мультиұлттылық идеясы ұнайтын, сондықтан бұл жоба барысында рахаттанып жұмыс істедім».
«Күн сақшылары» сериалында жас актриса Аружан Жазылбекованың басты рөлдердің бірін ойнайтынын айта кету керек. Ол үшін бұл – «Санжар мен Қайсардан» кейінгі екінші қазақ тіліндегі жоба. Ол қазақ тілін үйрене түсіп, тілін түзеуге тура келгенін жасырмайды. Бірақ оның айтуына қарағанда, туған тілімізде ойнау қажет және қызық уақыт келді. Айтпақшы, жақында ғана Аружан Жазылбекова мен Ахат Ыбыраев шаңырақ көтерді.
Аружан ЖазылБЕКОВА, басты рөлдердің бірі – Томирис рөлін сомдаушы:
«Мен ауқатты адамдардың қызын ойнаймын. Ол анасынан айырылған соң өз бетімен өмір сүре алатынын дәлелдеуге тырысады. Әрине, бірден ісі оңға баспайды. Ол ірі компаниялардың біріне емес, кафеге, даяшы болып орналасады. Ақырында ол сол мейрамханаға маркетолог болып, түрлі бизнес-идеялармен жұмыс істейді. Біздің сериалдан жастардың көбі өзін таниды. Біз ылғи да бірдеңе іздеп жүреміз, бірақ таба аламыз ба?..»
Жарқын диалогтар, шынайы сезімдер мен аздаған мистиканы бір сериалдан көргіңіз келе ме? Ендеше, «Ел арнадан» 1 қазаннан бастап 22.10-да «Күн сақшыларының» премьерасын жіберіп алмаңыздар.