Жақсылыққа сенейік!

Жақсылыққа сенейік!
жеке
блог

    Жақсылық деген ұғымды өз басым адамгершілік деп түсінем. Себебі, адамгершілік атты аса құнды қасиетсіз жай ғана ғұмыр кешіп жатқандар қаншама? Бірақ, кешірерсіздер, олардың өмір сүру стильдерін мен өмір сүру емес, тек тірі жүру деп бағалар едім. Бір білерім «сондайлардың» әсерінен бүгінгі қоғам безбүйрек болып кеткені анық. Дегенмен, адамның бәрі тасбауыр деуден аулақпын. Қарапайым ғана мысал келтірейікші. Түн болғанда жан-жағымыз қараңғылыққа батып, аспан да түнермей ме? Бірақ, сол аспанның әр жерінен жұлдыздар жымыңдайды дұрыс па? Міне, жарқыраған жарық сыйлаушы жұлдыздар секілді қоғамды нұрландыратын адамдар бар демек. Мен соған сенемін. Мейлі, әр өңірдің жұлдызы әр түрлі жарқыраса да, мейлі бір жерде көп, ал бір жерде аз болса да. Әйтеуір олар бар емес пе?

Әрине бар. Нақ жақында менде сондай бір оқиғаға тап болдым. Жақсының жақсылығын айтып отырайыншы. Тамыздың соңғы күндері болатын. Кешкі уақыт. Мен үйдің екінші қабатында қағаздарымды реттеп отырғанмын. Бір кезде жарықтың сымы ақау беріп от шықты. Ол терезеге ілулі тұрған пердеге тиіп өршіп кетті. Содан не керек сасып қалдым. От деген бір жанса лаулап кетеді екен. Сол күшімен қолдағы қағаздарыма дейін жанып кетті. Өз күшіммен өшіріп көрейін деп едім, от өзіме қарай беттеді. Тіпті, сасқанымнан айқайлап көмек сұраған даусым шықпай қалды. Біресе сіңлімнің, біресе көрші үйдегі ағам Жасұлан көмектес деп айқайлай беріппін. Ал от жан-жақты жайпап барады. Бір кезде бір жігіт қолына су алып жетіп келді. Жасұлан екеуінің арқасында от әрең дегенде өшті. Сол ретте көмек сұраймын деп құлап түстім. Айтайын дегенім, көшеден үйлеріңіз жанып жатыр мен көмектесейін деп өз еркімен келген кісіні біз танымайды да екенбіз. Өз басым, бұл туралы ауруханадан келген соң бір-ақ білдім. Үйдегілер алғысын жаудырып жатты. Тек мен сол жақсылық жасаған жанға қарбалас арасында алғыс айтуды ұмытып кетіппін. Ол жанды кезіктірсем міндетті түрде рахметімді айтамын. Көрдіңіздер ме жақсылық жасайтын адамдар бар. Мен оның алдында қарыздармын. Өзің жасаған жақсылықты ұмыт, өзгенің жасаған жақсылығын ұмытпа демей ме? Мен өзімді құтқарған жанды ұмытпаймын.

Ал, жандары жақсылық жасамақ түгілі, өзгенің өмірін аңдып, зиянын тигізіп жүретіндерге кейде жаным ашиды. Олардың жүректері қандай кедей еді?

Жалпы өмірде өзгеге ақыл айтудан алыспын. Тек мына бір қағиданы барлығы да ұғынса деймін. «Бір мұсылманды мақтай алмасаң, ең болмағанда жамандама! Пайдалы бола алмасаң, ең болмағанда зияныңды тигізбе! Қуандыра алмасаң ең болмағанда ренжітпе!»