Жақсылық пен жылулық

Жақсылық пен жылулық
жеке
блог

Әсіре әсершілмін бе, тым өкпешілмін бе, әйтеуір өзім жиі ренжимін. Мақтанатындай қасиет емес, әрине. Ренжігенімді «кінәлі» адамға айтпастан, «құшағыма» алып жүре беретінім тағы бар. Осы «кесірлі» мінезімнен болу керек, кейде тұнжырап, айналамдағыларға сенімім азайып, «заман, адам не боп барады?..» деп іштей өзімше фәлсафа соғып, «адамдардың тек нашар жақтарын көре берем-ау» деп өзімді де бір сыбап, еңсем басылатыны бар. Соңғы кездері де осы күйде жүргенмін...

       Жексенбі күні сіңлімді ертіп, дүкен аралауға шыққанбыз, киім-кешек, туысқандарға арнап мерекелік сыйлықтар алып, көп жерлерді араладық. Кезекті бір бұйымды алып жатып, сөмкемде ұялы телефонымның жоқтығын байқадым. Бірден сіңлімдікінен соқсам – өшірулі! Бір жерде ұмыт қалдырғанмын... Мұның алдында қай жерде болғанымызды бірден есіме түсіріп, жүгіре жөнелдім. Дәл сонда қалғанын анық білем, өйткені үлкендеу қалтаға аударып салмақшы болып, сөмкемді сол орында тұрып ақтарғанмын. Бар ойым: сол орында тұрған саудагер телефонымды қайтара ма?.. Асығып жеттім де, бірден жағдайымды түсіндіре бастадым. Жүзі жылы күлімсіреген апай целлофан қалтаға мұқият оралған телефонымды қолыма ұстатты. Алғысымды жаудырдым...

         3 күн бұрын кешке қарай ғаламторда, ВК-дағы парақшамда әр нәрсені қызықтап отырмын. Бейтаныс бір адамнан хабарлама келіп тұр. Мені фамилияммен тауып алыпты, «Сіздің папаңыз банкомат картасын жоғалтқан жоқ па?» дейді (папаммен фамилиям бір). Бірден папамнан сұрасам: «иә, бүгін жоғалттым» дейді. Хош, әлгі бала біздің шағын ауданда тұратын болып шықты. «Мекен-жайды айтсаңыз өзім апарып берем» дегенде іштей сүйсіндім. Сүйіншісіне ұсынылған азғантай ақшаны да алмапты...

         Ал кеше жұмыста ыдыс жуатын жерде сақинамды ұмыт қалдырдым. Ұмытқанымды үйге келген соң бір-ақ білдім, мен таңертең жұмысқа барғанша орнында тұрмайтыны да белгілі. Аса қымбат дүние де емес, бірақ өзім сондай ұнататын едім. Таңертең жұмысқа келіп, барлық жерді бір қарап шықтым. «Ештеңе етпес, әлі талайын тағарсың» деп өзімді жұбатып та қоям. Ойыма қайдан келгенін білмеймін, стикер қағазға «қызыл гүлді сақинаны тауып алған адам хабарласуын сұраймын» деп кабинетімнің нөмірін жазып, қабырғаға, тазалықшы апайлардың график ілетін жеріне жапсырып кеттім. Жарты сағат өтер-өтпестен сақинам диспетчерде екені белгілі болды. Тазалықшылардың біреуі тауып алып, сонда апарған...

         Бір аптаның ішінде осындай үш қызық жағдай болды. Бәлкім әлдекімдер үшін жай ғана кездейсоқтық, түкке тұрмас оқиғалар болар. Бірақ мен үшін басқаша. Бұл жағдайлар менің түсіп жүрген еңсемді (не себептен екенін қияли Нұршаттың өзі де білмейді) көтеріп, адамдарға деген сенімімді арттырып, санамды сергітті, жаныма жылу сыйлады. Дүниеде адал, жақсы адамдардың көп екенін есіме салған Жаратушымызға алғысым шексіз. Күпірлікке салынып, еш себепсіз салым суға кетіп жүрген шақтарымда адал адамдар өмір сүретін әлемге деген сөніп бара жатқан сүйіспеншілігімді қайта жаққан Құдайдың құдіреті шексіз расында. Өзім мыңдаған тұрғындардың арасынан осындай жақсы адамдарды жолықтыруға, олардан жақсылық көруге лайықтымын ба деген ой мазалады. 

         Сендер аман болыңдар, жақсы адамдар! Сіздерге де өмірлеріңізде тек жаны жайсаң жандар жолықсын. Жаңа Жылда баршаңыздың жандарыңыздан жақсы адамдар табылсын.

 

P.S. жақсы адамдардың барын саусағыма таққан сайын есіме салатын қарапайым ғана гүлді сақинамның бағасы мен үшін енді бұрынғыдан да артық)