ЖАҚСЫДАН ЖАҚСЫ ТУАР ЖАРҚЫЛДАҒАН

Адам туған кезінде тағдыры пешенесіне жазылып қояды деген рас болар, бәлкім. Бір-ақ күнде Әлішер ағамыздан айырылып қаламыз-ау деген ой кіріп-шыққан емес. Алланың ісіне амал бар ма?.. Естелік айту деген біз үшін қоштасу.

Осы аптаның басында соңғы жылдарын әл-Фараби атындағы «Картография және геоинформатика» кафедрасында еңбек атқарған құрметті профессорымыз Әлішер Ақжанұлы дүниеден қайтқаны жайлы суық хабар қабырғамызды қайыстырды.

Әлішер Ақжанұлы Машанов қазақтың белгілі ғалымы Ақжан әл-Машани тегінен туған қазақ ғылымы мен білімінде өзіндік орны бар беделді ұстаз еді.

Ғұлама, үлкен ғалым болу – біреудің әкеліп бере салатын дайын асы емес. Оған ізденумен бірге, қанымен келген дарын керек.

Әлішер ағамыз әке мұрасын жалғастыру жолында көп жылдар бойы геомеханика саласында еңбек етіп, кен орнының табиғи геологиялық жағдайын және қатты денелер механикасы мен физикасының негіздерін зерделеу арқылы адамзаттың инженерлік қызметінің нәтижесінде пайда болған жасанды ортаның геологиялық, кернеулі жай-күйін білуге және ашылған тау жыныстарының әртүрлі тереңдіктеріндегі физикалық-механикалық қасиеттерін анықтауға басты көңіл аударды.

Еңбектерінің нәтижесін 03.12.2003 жылы «Блок тасты карьерлерін жобалау үшін жыныс массасының құрылымын қалыптастыру заңдылықтарын белгілеу» атты докторлық диссертациясында жариялады.

Әлішер Ақжанұлы жетекшілігімен жүргізілген геомеханика саласындағы ғылыми жұмыстардың өрісі кеңейіп, Қазақ ұлттық техникалық университетінде жас ғалымдар саны көбейе түсті. Ағамыздың ғылым саласындағы сүбелі еңбектері «Кен массасының геомеханикалық жағдайын болжау және оның тұрақтылығын бағалау әдістері», «Беткейлердің тұрақтылығын бағалау әдістері» атты монографиялары. Аталған еңбектерімен ғылыми жұмыстары шектеліп қоймай 100-ден астам ғылыми мақалалар, 20-дан астам монографиялар жарыққа шығарылған.

Өмірінің соңғы жылдары Әлішер Ақжанұлы әл-Фараби атындағы «Картография және геоинформатика» кафедрасында жас ғалымдарды тәрбиелеумен, ғылыми тәжірибесімен бөлісуде болды.

Ғұмырында өзінің өнегелі өмірі мен үлгілі іс-әрекеттерімен өшпес із қалдырған, тәлім-тәрбие беріп, Темірқазықтай тура жол көрсеткен жайсаң жан мен ғибратты тұлға Әлішер ағамызды ұмыта алмаспыз.

Толқынды толқын қуалап, ұрпақты ұрпақ алмастырып өмір осылай өте бермекші. Бұл – тіршілік заңы. Бұрын да солай болған, бүгін де, ертең де солай болады.

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші, Әлішер Ақжанұлы ағамыздың артында тек істеген ізгі істері мен жақсы аты ғана қалады.

Адам сөзімен емес, ісімен бағаланады. Ал сөзі мен ісі бір жерден шығатын асыл азаматтар алтындай сирек кездеседі. Машанов Әлішер Ақжанұлы сондай – сөзімен де, ісімен де үлгі-өнеге көрсете білген біртуар тұлға.

Жатқан жеріңіз жайлы болсын, Әлішер аға!

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
География және табиғатты пайдалану факультеті,
Картография және геоинформатика кафедрасы ұжымы



Бөлісу: