Жатақхана. Топтасымның бөлмесі. Екеуміз ертеңгі сабаққа дайындалып отырмыз. Есік қағылды. Кіруге берілген рұқсатын күтпестен, ашылды. Жасы жиырма, жиырма бес жасар шамадағы, үлкен қол сөмкелі, аққұба, толықша келген қыз кірді.
- Сәлеметсіздер ме?
- Сәлеметсіз бе?!
- Сіздер осы бөлмеде тұрасыздар ма?
- Иә. Мен осында тұрамын. Қасымда жататын қыз сыртқа шығып кетті, - деді топтасым.
- Мен магистрантпын. Осы бөлмеге көшіп келейін деп едім.
- Қалай сонда? Екі адамдық бөлмеге қалай үш адам болып тұрамыз?
- Кәдімгідей. Тағы бір кереует алып келіп, (иегімен төрдегі бос тұрған орынды нұсқап) анау жерге орналастырамыз.
- Жоқ, жоқ. Мен келіспеймін. Олай жасауға болмайды.
- Коммендант солай айтты. Мен ендігі (уже) киімдерімді, жүктерімді түгел дайындап қойғанмын. Қазір көшіп келемін.
- Жоқ, келіспеймін мен. Коммендантқа өзім айтамын.
Қарқылдап күлді де:
- Шошып кеттіңіз ба? Ойнап айтамын.
- А, бәсе. Мен екі адамдық бөлмеге үш адам тұрады дегенді естіп, көрмегенмін.
- «Қарқара» сауда орталығын білесіз бе? Сол жерде жаңадан косметикалық тауарлар сатылатын орын ашылды. Жаранамалау мақсатында жүр едім. Қарайсыңдар ма? – деп тағы да жауапты күтпестен кереуетке жайғасып, томардай сөмкесінен түрлі бояуларды шығара бастады, - мынау әтір алты мың теңге тұрады. Осыны алсаң, қасына кез келген нәрсені сыйлық етіп беремін. Подводка керек пе, тушь керек пе кез келгенін аласың. Ерінге арналған жылтырдың осы тұрған алтауын бір-ақ сыйлай саламын. Сапасы жақсы, барлығы да француз өнімдері. Мына теньді қарашы, жиырма төрт түсі бар, ішінде тағы румянасы, пудрасы бар.
- Әтірді ала салайын дегем, бірақ бүгін соңғы ақшама көйлек сатып алып қойып едім. Дәл қазір қасымда ақша жоқ.
Енді қасында қарап тұрған мені бас салды.
- Ашып қарасаңшы мына теньді. Жиырма төрт түсі бар.
- Жоқ, біз боянбаймыз.
- Рақмет, қажет емес.
- А, жарайды онда, - деп заттарын жинап, кетуге ыңғайланды, - қалжыңдағаныма ренжімеңдер қыздар, - деді шығып бара жатып.
Айтайын дегенім бұл емес еді. Бөлмеге баса-көктеп кіріп, дарақы қалжыңымен мезі қылғанымен қоймай, арзан дүниелерін жарнамалағысы келеді.
Қытайдың сапасыз тауарларын Француздың фирмалық өнімдері деп алдап, жанына неше түрлі жалған сыйлықтарын қосақтап, студенттің ақшасын қағып алмақшы. Бұл кісі дәл осындай екеніне сенімді емеспін. Бірақ осындай алаяқтардан аяқ алып жүре алмай барамыз. Анау айтқандай керемет нәрсе болса, сөресінде жылтырап тұрмас па еді?! Оны көше аралап жарнамалаудың қажеті қанша. Жақсы зат жарнамаға зәру емес.