"Жақсы ой - жарым ырыс"

"Жақсы ой - жарым ырыс"
жеке
блог

Халқымыз «жақсы сөз – жарым ырыс» дейді. Жақсы ой болмаса, жақсы сөз қайдан шықсын?!

   Неге адамдар көп жағдайда, бірден жаман ой ойлауға, кері топшылауға, күмән келтіруге бейім?  

Менің ойымша, қоғамда немесе өз ортамызда жақсылықтардан гөрі жаманшылықтар басым. Сондықтан болар, адамдардың бір-біріне деген сенімі аз, қауіптенуі басым. Осының нәтижесінде пайда болған, қорғаныштық қасиет пе дерсің.

Бірақ, неге адам өзінің жұбайына, жақын туыстарыны, достарына қатысты да,  кейде жаман ойлауға немесе күмән келтіруге дайын тұрады?!  Әлде бұл әдет пе?

 Ал мұның, өзіміз үшін зияны бар ма, бар болса қаншалықты?

Суға қатысты бір экспериментті естіген боларсыздар! Естімегендер болса, қысқаша айта кетейін. Біраз уақыт бұрын, бір зерттеуші ғалымдар, кішігірім аудиторияда бір топ адамдардың алдына, ыдыстағы суды қойып, оларға мынандай тапсырма берді. Оларға, 10-15 минут бойы, тек осы ыдыстағы суға қарап отырып, жаман нәрселерді ойлауларын тапсырды. Оны жеке алып қойды. Осыдан кейін, жаңадан басқа ыдыстағы суды қойып, енді керісінше, 10-15 минут, екінші ыдыстағы суға қарап отырып, тек жақсы нәрселерді ойлауды тапсырды. Артынша, екі ыдыстағы суды да тоңазытқышқа қатырып алып, кейін сулардың құрылымын(структура) салыстырды. Нәтижесінде, қызық жағдайға куә болды. Алғашқы судың құрылымы ретсіз, ұсқынсыз болса, ал екінші судың құрылымы, өзіндік өрнегі бар, әдемі болып шықты.

            Ал адамның орташа есеппен 60 пайызы судан тұратынын білеміз. Онда, өз ойымыздың тазалығы мен ластығы, алдымен жақын тұрған өз тәнімізге жақсы әсер берері анық ғой.

Зұлым адамдарды аңыз-ертегілерде, фильмдерде де көбіне түр, келбеттерін қорқынышты қылып бейнелейді. Олардың жаман ойлары мен ішкі жан дүниесіндегі зұлымдықтың сыртқа шыққан белгісі ме? Ол да мүмкін.

Олай болса, айналамыздағы басқа адамдарға да жақсы ойымызбен әсер еткеніміз, олардың жақсы болуына бәлкім себеп болар. Сөйтіп, жақсы ойлар тараса, жақсы сөздер де тарар және қоғамның да жақсылығы басым болуына алып келер. Бір білетінім, өз денсаулығымыз бен келбетімізге жақсы ойларымыздың пайдасы анық.