Жақсы кітап-сырласың!

Жақсы кітап-сырласың!
жеке
блог

       "Жақсы кітап оқу-жақсы адаммен сырласқанмен бірдей" деген тұжырыммен келісетін адам болса, ол менмін. Жасөспірім кезімнен кітап оқуға, газет-журнал ақтаруға әуеспін. Студент атанғанымда, бұл қызығушылығым сәл бәсеңсіп, уақытым басқа арнаға ауысып кеткендіктен бе, кітапты сирек оқыдым. Бірақ, әрине, адам өз қызығушылығынан бас тарта алмайды, сондықтан қазіргі таңда кітапқа деген құмарлығымды қайта қалпына келтіру үстіндемін.
         Сіздердің назарларыңызға ең ерекше, есте қалған туындыларды ұсынбақпын.
 1.Бердібек Соқпақбаев. «Балалық шаққа саяхат»
         Ұлы жазушы өзінің балалық шағынан сыр шертеді. Балалықтың бал дәмі мен кермек дәмінің қатар жүретінін, сол уақыттағы тек жазушының емес, бүкіл қазақ балаларының басындағы бір жағдай-қиыншылықпен де өлшенетіндігін алдыға тартқан ғажап туынды. Кез келген оқырманға түсінікті, жеңіл, кейде әзіл-шыны аралас  кітап тілі, барлық адамды баурап әкетеді.
         Бұл  кітапты өз басым мотивация ретінде көрдім.Өмір сүруге, алдыға қарай қадам жасауға таптырмайтын мотивация. 

 2.Әзілхан Нұршайықов. «Махаббат, қызық мол жылдар»

         Адамның жас шағындағы албырт сезім-махаббат жайындағы бұл кітап, оқырманға жақсы таныс.
 Мәңгілік махаббаттан, мөлдір сезімнен құралған шығарманы сүйсінбей оқу мүмкін емес. Әлі де оқымағандар болса, міндетті түрде оқуға кеңес беремін.
 
3.Сәбит Мұқанов. «Ботагөз»
         Қазақ қызының әдемі бейнесін сол қалпында бұзбай, әсем күйінде оқырманға  ұсынған шығарма.Әр бойжеткенде болуы тиіс қайсарлық, білімділік, ақылдылық сынды қасиеттерді бір Ботагөздің бойына тоғыстыра білген.
 
4.Б.Майлин. "Шұғаның белгісі".
         Бір-біріне жете алмай, дертке ұшыратқан ғашықтық  жайында айтылады. «Шұға десе, шұға еді-ау» деп басталатын көркем туынды,қазақ көркем әдебиетіндегі шоқтығы биік шығармалардың бірі екендігі даусыз.Бұл шығармада да қазақ  қызының адалдылығы , төзімділігі жайында  терең ой жатыр.
 
5.Қаржаубай Омарұлы. «Әке»
         Бала кезімнен бастап, жалықпай қайта-қайта оқи беретін кітаптың  бірі осы.Өмірде ата-ананың балаға деген махаббатын, баланың әкеге, анаға деген махаббатын  шебер жеткізген кітап.Егер оқысаңыздар, сіздердің де жүректеріңізден орын алатындығына күмәнім жоқ.Себебі, шығармадағы оқиғалар шынайы,  күнделікті өмірден алынған.Адамның жақсы-жаман қасиеттері туралы айтылса да, жақсылық бір адым алдыға шығып отырады.Аталған туындыдан мейірімділік пен махаббатты көрдім.
 
6.Дулат Исабеков. «Қарғын»
         Қоғамда түрлі жағдайлар орын алып жатады.Қанша жерден, ақыл мен жүректі тең ұстасақ та, махаббаттай ұлы сезімнің алдында кей адам дәрменсіз күй кешеді.
         Сұлулығымен талайды тамсандырған бойжеткен Бағила, тек тәні сұлу емес, оның жаны да көркемдікті қалайды.Жастайынан әдебиетке құмар қыз баланың тағдыры, студент атанып, алып шаһар Алматыға келгенде күрт өзгеріске ұшырайды. Өзі сүйіп оқитын кітаптардың авторы, әйгілі жазушымен осы қала кездестіреді.Өзінен бірнеше жас үлкендігі бар, оның үстіне балалы-шағалы адамның өрімдей жас қызға ғашық болуы, екеуіңе де оңай соқпайды.
         Уақыт өз дегенін алса да, құндылығын жоғалтпайтын шығарма.
Мен оқыған  сүйікті шығармаларымның бір тізбегі міне, осылар.
Ал сіздер қандай кітап оқып жүрсіздер, оқырман?