Жақсы кітап – жан азығы

Жақсы кітап – жан азығы
жеке
блог

Кітап – адам жанының рухани азығы. Кітап оқыған сайын оның оқырманының ынтасы мен зейіні арта түсері анық. Кітап оқу – адам психологиясын сергітіп, рухани дамуға көмектеседі. Білімді толықтырып, ойлау жүйесін дамытады. Осылайша кітапты 1 рет қолына алған оқырманда әрі қарай басқа да кітаптарға деген қызығушылық туындайды.

   Жалпы адам мен кітап арасындағы байланыс – көрінбейтін көпір тәріздес. Оқырман оны оқыған сайын бекіп, нығая түседі. Бүгінде кітап оқу, кітапқа қызығушылық таныту азайып бара жатқаны рас. Алайда бұл адамдар мүлдем кітапты қолға алмайды деген сөз емес. Әр адам өз қызығушылығына сай жанрдағы қолайлы форматтағы кітаптарды пайдаланады. Мысалы, біреулер психология жанрын ұнатса, енді бірі бизнес саласындағы кітаптарды, ал кейбіріміз детектив, көркем шығарма туындыларын сүйіп оқимыз. Заман мен технологияның дамуына байланысты электронды және аудио форматтағы кітаптар да қазір зор сұранысқа ие. Алайда, денсаулығымызға зиян келтіретін, компьютер мен телефондардан бойымызды алшақтатып, ақ парақта жазылған, қағаз кітаптардың пайдасы едәуір мол.

электронды басылымдар

    Біріншіден, ол көздің тез шаршауы мен адам денсаулығына технология беретін кері әсерден аулақ. Екіншіден, қағаздан оқыған экраннан оқығанға қарағанда өте қолайлы әрі тиімді. Яғни, ғалымдардың зерттеуінің нәтижесінде қағазда жазылған ақпарат оқу жылдамдығын арттырып, зейін қоюға көбірек ықпал ететіні дәлелденген екен. Сондай-ақ, ақ парақтағы мәтінді оқу есте сақтау қабілетін арттырады. Ал экраннан оқылған мәлімет адам миының уақытша жадында сақталып, уақыт өте келе тез ұмыт болатыны да анықталған. Экран алдында ұзақ тапжылмай отырудың зиянын айтып та керек емес. Егер мұны да ескерер болсақ, қарапайым қағаз кітаптың аса пайдалы екенін аңғару қиын емес. Тағы бір айта кететін жайт, кітапсүйер қауым қағаз кітапты оқудан алатын ерекше сезіммен жақсы таныс. Ал электронды кітаптарды оқығаннан кейін ондай таңғажайып әсер алдым ауыз толтырып айту мүмкін емес. Қағаз кітапты оқи отырып, оқырманның елестету, сезіну, кітаптің өзі бір кейіпкері іспеттес болып ерекше әсер алуы орынды. Алайда, мұның бәрін электронды кітаптан ала аласыз деп ешкім де кепілдік бермейді! Әрине, замана көшінен қалмай электронды кітаптарды жүктеп алу, оларды кез келген жерде отырып оқу, іздеу арқылы кітаптың тек керек деген бөлігінен үзінді оқу мақсатындағы артықышылықтарды алға тартатын жастар қауымы электронды басылымдарды құп көретіні хақ. Қандай форматта болмасын жақсы кітап – жан азығы. Дейтұрғанмен, мүмкін болса, жайлы жерде қарапайым қағаз кітапты оқыған, ерекше әсер алған жақсы-ақ!  Мұның өзі түсіне білгенге бір рахат емес пе?!

 Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар

және Әлем Тілдер Университетінің студенті

Болатова Ұлжан Мырзағалиқызы