Әмірхан Балқыбек ағаны көпшілік қауымға таныстырып жатудың өзі орынсыз. Өйткені ол кісіні әдеби орта да, сыншылар да, оқырман қауым да әлдеқашан мойындап қойған. Сұхбатын оқып, одан кейін "Қасқыр құдай болған кез" атты кітабын оқыған болатынмын. Сөз жоқ, мықты кітап. Бұл кітапты оқығанда бірнеше кітапты оқығандай боласыз. Сәтін салып студент атанып, «перваш» болған кезімде де жатақханада осы кітапты тағы бір рет оқып шығудың сәті түсті. Негізі кітапты екінші мәрте оқығанда одан сайын тарта түседі екен. Бұрын түсінбей һәм мән бермей өтіп кеткен жерлеріңе қайта тоқталып, еріксіз бас шайқайсың! Қадыр атамыздың сөзімен айтсақ: «Бұл кітапты оқып тауысар кезде, яғни соңғы беттерін жабар сәт туғанда ең жақын досыңмен қоштасқандай күй кешесің.» Ағамыздың бұл кітабын оқығанда әдебиет жөнінде, шетел әдебиеті жөнінде, аңыз әңгімелер жөнінде біраз нәрселерге қанық боласың. Сыртынан сүйсініп жүрген ағаны Алматыда жолықтырудың сәті түсті. Жас тілшілердің форумына барғанда ағамды арнайы іздеп бардым. «Арғымақ» деген аялдамадан күтіп алды. Атақты «Тайқазанға» барып екі кәуап алып, әдебиет жөнінде біраз әңгіме айттық. Ағамыздың әңгімесі тыңдаушысын тез баурап алады екен. Өзін іздеп келгеніме риза болып қалды. Біраз авторлардың есімдерін айтты. «Осыларды оқы!» деді. Сол кездесуде ағамыз Жұмекен, Жұматай, Төлеген сынды ақиық ақындардың өлеңдерін жатқа оқыды. Қазір ағамызбен күнде болмаса да, жұмасына екі рет телефон шалып сөйлесіп тұрамын. «Асықпа, оқы, жазуға үлгересің» дейді әр сөйлескенімізде. «Аманшылық болсын!». Бұл ағамыздың сөз соңында айтатын тұрақты сөзі. Осы жақында сөйлескенімізде: «Аға не жаңалықтарыңыз бар?», — деп сұрақ қойған болатынмын. «Жаңалық жоқ айтарлықтай, өзіңде не жаңалық бар» деді. «Менде жаңалық көп, қайсысын айтайын?» деп жауап бердім. "Ғашық болдың ба?!", — деп бір күліп алды. Жауабымды күтпестен: «Дұрыс! Ең бастысы — ғашық болу керек!» деді. «Ия, аға. Дәл таптыңыз ғашық болдым», — дедім.
Әмірхан ағаның мақалаларын сүйіп оқимын. Басында келіспей отырасың, орта жағына келгенде ағамыздың әдеби болжамына еріксіз қосылып кетесің. Тіпті кей кезде қалай мойындап қойғаныңды да сезбей қаласың…
Аман болыңыз АҒА! ЖАЗАРЫҢЫЗ КӨП БОЛСЫН, ҚАЛАМЫҢЫЗ МҰҚАЛМАСЫН!
...Мен бұл жазбаны фейсбук әлеуметтік желісіне 2013 жылдың 28 тамызында жазыппын. Ол кезде Әмірхан ағам тірі болатын. Бұл жазбамды еш өзгертпей салып отырмын. Өйткені Әмірхандай тау тұлғалы мықты адамды өткен шақпен еске алу мен үшін өте ауыр...