Жақсы адамдар өлмейді...
блог
Сол күні күнімен ФБ-ға кірмеп едім. Ұйықтар алдында бір нәрседен құр қалғандай ашып едім, Бейбіт ағаның жазбасы жарқ ете қалды. Суретімен салыпты. Жазбаны оқып болғанша "Мүмкін емес, ол емес шығар" деумен отырдым. Рас екен. Сенгім келмесе де сендірді...
Мен ең алғаш ол кісіні былтырғы жылы ғана көрдім. Ерлан ағаның "Хауасының" тұсаукесерінде сөз алған аға - ашық-жарқын бейнесімен есімде қалып қойыпты. Әр сөзінен соң "...дә? ...дә?" деп күлген ағаның ақжарқын бейнесіне іштей риза болып едім.
Кейін, Орталық Азия университетінің студент жастары ұйымдастырған "Поэтикалық дуэлінде" екінші рет көрдім. Жас ақындардың өлеңдерін тыңдап болған соң сөз алған аға, әр ақынның өлеңіне тоқталып, талдап, жақсысын айтып, кемшілігін астарлап жеткізіп нағыз жанашыр аға екенін аңғартып еді. Сол кезде-ақ мен Әмірхан ағаның жас ақындардың жиі "Ағалап" баратын ақылман ағасы екенін аңғарған едім.
Міне, мен ағаны осы екі кездесуде ғана көріп едім. Сол көргеніммен ғана ол кісіні іштей жақсы көріп кеттім. Жастармен жастарша сөйлесе алатын, кез-келгенмен сөзі жараса кететін... Қайғылы хабарды естігенде сене алмағанымның себебі де сол - жақсы адамдарды өлмейтіндей көретінімізден еді...
Аға қайтыс болған соң, ФБ-ны аға жайлы естеліктер жаулап алды. Сол естеліктерді оқи отырып, мен ол кісі жайлы қате пікірде болмағанымды түсіндім. Түсіндім де, сондай жақсы адамның жанында көп болмағаныма өкіндім... Әттең, сол естеліктерді тірі кезінде неге жазбады екен? Неге өлеңдерін салмады тірі кезінде? Мен сияқты 1-2-ақ рет көрген, тіпті танымайтындар да бар еді ғой... Таныр еді сонда... Білер еді... Амал қанша, енді тек қана ағаның жұмақтық болуы үшін дұға тілеуден басқа амалымыз жоқ... (Барымызды барында бағалай білейікші...)
Бірақ, мен әлі де сене алмаймын. Өлмеген сияқты.. Себебі, мен ол кісіні жоғарыдағыдай әдеби кештерде ғана көріп жүрдім ғой... Әлі де көретін сияқтанам... Көрем ғой, иә? Тек, кейде, ағаның қолы тимей, мен барған кештерден көрінбей қалатыны болмаса... Мен ол кісіні келесі бір кештен күтем... Әдемі әзілімен әдемі әңгіме айтып тұрады әлі талай... Әмірхан аға өлген жоқ, өлмейді...