Жак Деррида философиясындағы деконструкция ұғымы

Жак Деррида философиясындағы деконструкция ұғымы
жеке
блог

Жанатаев Данат, ф.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті

Қасымова Балжан, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, қазақ филологиясы мамандығының 1 курс магистранты

 

     Жак Деррида (1930 — 2004) — ХХ ғасырдағы әйгілі француз философы. Ол философиядан бастап әдебиет пен киноға дейінгі бүкіл батыс мәдениетін талдаған ерекше әдістерімен танымал. Философтың еңбектері  Еуропа, Латын Америкасы және басқа құрлықтарда көбірек оқылды және батыс философиясына қатысты зерттеулерде оның идеяларына талдау жасау маңызды орында тұрады. Әсіресе онтология, гносеология (әлеуметтік гносеология), этика, эстетика, герменевтика, көркемөнер салаларындағы ықпалы біршама жоғары болды.

      Деррида өзінің философиясында тілдің танымдағы рөлі туралы айтқан. Тілдің рөлі - адамның сыртқы әлемді тануының құралы деп көрсеткен. Деррида бойынша ,  тіл адам өмірінің іргелі өлшемі болып табылады.

      Деррида өзінің "деконструкция" жүйесі арқылы батыс философиясына айтарлықтай үлес қосты. Деконструкция дегеніміз белгілі бір нәрсе туралы іргелі стереотипті бұзу немесе жаңа контекстке енгізу арқылы өнердің немесе философияның кез келген аспектілерін түсінуді жеңілдетуге арналған ұғым. Деконструкцияның міндеті-кез-келген берілген мәтіннің логоцентризмін анықтау. Логоцентризм  — сыни теория мен деконструкция философиясында философиялық талдаудың кез келген мәтінінің немесе пәнінің орталық элементіне сүйену үрдісін білдіреді. Яғни, Жак Деррида деконструкцияның мәнін ашып, біз иерархиямен кез келген күресу құралын аламыз деп түсіндірген

    Деконструкцияның екі оңтайлы стратегиясы бар. Бірінші стратегияны Жак Деррида өзінің алғашқы еңбектерінде жиі қолданған. Деррида мәтінді Батыс метафизикасының жаңа оқылымында оқыды. Кейінірек ол екінші стратегияға - мәтінде бұзылмайтын қайшылықтарды іздеуге, априориға көшті. Априори дегеніміз– ортағасырлық схоластар енгізген қандай да бір амалға, әрекетке тәуелсіз, олардан бұрын танылатын ұғым, түсінік мәнін білдіретін философиялық термин. 

      Деррида тілдік ұғымға анализ жасаудан бастап, метафизикалық қатып қалған құрылымдардағы орталық тірек нүктелерін жоюға тырысуды деконструкциялау амалы ретінде қарастырған.  Деконструкция құрылымданудың бөлшектерінің ыдырауы ретінде мәтіннің астарын анық түсінуге көмектеседі. Яғни белгілі бір ойға себеп болатын негізгі ойлар шешіліп, оның астарындағы сыр ашыққа шығады, міне бұл деконструкция амалы болмақ. Әрине, әр кезек деконструкция жасаудан жаңа құрылым қалыптасады, әрбір оқырман әрбір шығарманы қайта оқыған сайын жаңадан оның мағынасын көріп, жаңа түсініктерді байқайды.

    Деконструкция көп мағыналы, күрделі сөз. Тек бір ғана түсіндірумен деконструкцияның мағынасын түгел қамту мүмкін емес, және бұл деконструкциялау әдіснамасының негізгі рухына қайшы. Онда кез келген ұғым адамға әр рет өзінің әртүрлі қабатын ашып отыруы керек. Деконструкция әрі жасампаз герменевтика , әрі өзгешелену. Дерриданың өзгешелік бойынша деконструкциялау амалын жасампаз түсіндіру (герменевтикалау) әрекеті деп атауға да болады. Демек, деконструкцияны түсіну үшін міндетті түрде өзгешеленуді түсіну керек.

       Оңтайлы стратегиялардың болуына қарамастан, деконструкциялаудың дұрыс немесе дұрыс емес тәсілдері жоқ. Әр мәтін үшін деконструкция стратегиясы жеке болады. Жак Деррида философиясында мәтіннің мәніндегі априориды табу маңызды. Осы әрекеттердің нәтижесінде сана мен тіл, сана мен болмыс арасындағы алшақтық көрінеді.

     Деррида ойының нақты қай тұсында философияның мәселелері мен талаптары шешімін тапқанын нақты көрсету үшін олардың техникалық аспектілеріне ерекше көңіл бөлу керек.

        Жак Дерриданың философиялық идеялары архитектура  (деконструкциялық форма), музыка, өнер салаларында көп қолданылған. Деррида көзі тірісінде деконструкцияның ұстазы ретінде «мол мұраны артыма қалдырдым» деп айтқан екен.