Жаһанды жаулаған техника

Қазіргі жаһандану заманында техника ұшқан құстай серпінмен қарқынды дамуда. Әрине, бұл үдеріс дүйім жұртты қуантарлығы сөзсіз. Жаңа достарды табуға дәнекер де, тіпті қазіргі таңда табанымызды тоздырмай кітапханаға да бармай-ақ қажетті кітаптарымызды бағалы қымбат смартфондардың көмегіне жүгініп таба аламыз. Еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін осы құрылғыларға құмар екені жасырын емес. Айналамызда бәрі керемет болып көрінер... Шындығында бәрінің сәні де,  мәні де қалмаған сияқты.  Айтпағым, той-домалақтарда, мәдени орталарда бұрын әсем ән, күмбірлеген күй, мың бұралған биді тамашалап, көзайым болып, рухани ләззат алатын едік. Ал қазір осы құндылықтарымыздың ұшқыны да байқалар емес... Тіпті, дастархан басында шүйіркелесіп, әңгіме дүкен құру да күннен-күнге саябырлап бара жатыр. Сонымен қатар, бүлдіршіндердің балғын балалық шағын да ұрлаған осы құрғыр құрылғылар. Бүлдіршіндер ұлағатты ұстаздарынан қарағанда, темір ұстаздарына бағынады, әрі тәлім-тәрбиені мол алады. Дәл осы сәтте Маргарет Брентонның қанатты сөзі ойыма оралып отыр. "Біз не боп барамыз? Соны айтам! Бір жағынан-бұрын соңды болмаған техникалық даму. Енді бір жағынан - бұрын соңды болмаған рухани кемтарлық". Иә, неге біз, техниканың шырмауына шырмалып қалдық екен?  Таң атқаннан кеш батқанға дейін осы құрылғыларға телміріп, қамшының сабындай қысқа ғұмырымыздың, алтындай ардақты уақытымыздың қалай зымырап өтіп жатқанын аңғармай да қаламыз. Тоқтауы жоқ, жүйткіген пойыздан да жылдам қадірін де біле бермейтін ол - уақыт.  

Бұл жағдай жаһанды жаулаған індетке айналды. Шіркін, осы індеттен құтқаратын дәрі болса ғой... Әй, қайдам...Мүмкін емес... Әйткенмен, бұл індеттің шырмауынан шығу әркімнің өз қолында. Әлбетте, ғаламтордан біржола қол үзіп кете алмаймыз. Өйткені, біз,  ХХІ ғасыр-техниканың қарыштап дамып тұрған шағында  өмір сүрудеміз. Әйтсе де, ғаламторды кәдемізге жарайтын жұмыстарға пайдалана білейік. Әсілі, уақытымыздың көп бөлігін ғаламторға арнағанымыз шектен шыққандық. Әр нәрсенің өз орны бар екенін ұмытпағанымыз жөн.



Бөлісу: