Жаһанды жасыл желек құтқарады

Жаһанды жасыл желек құтқарады
жеке
блог

«Адамзаттың ақыл ойы- табиғат заңымен үйлеспесе және үндеспесе онда ол бақытсыздыққа ұшырайды» -Анахарсис

Көктем- жаңару маусымы, жер жіпсіп,аула, ауыл, аймақты тазалап,  тал егу ертеден  келе жатқан дәстүріміз. Сол дәстүрдің жалғасы ретінде Елордамызда көгалдандыру және аббаттандыру  жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көгалдандыру жұмыстары мекенжайларға әсем көрініс береді, шудан, күннен, шаңнан, тағы басқасынан қорғайды, санитарлық-гигиеналық рөл атқарады.

Бірер күн бұрын, Астана қаласында 100 көшет отырғызу эко-акциясы өткізілген болатын. Эко-акцияға өзімде қатысып, тал егіп, Елордамыздың көркеюіне өз үлесімді қостым. Тілшілік тіршілігімде эко акцияға алғаш қатысуым. Сондықтан ба, бір түрлі қобалжыдым. Түрлі сезімдер арпалысып, бойымды бір мақтаныш кернегендей болды. Ол: титтей де болса, Астана экологиясының жақсаруына менің де қолғабыс болғаным.

Бас қалаға алыс-жақын шет елден, ауыл-аймақтан, шалғай ауданнан қонақтар көп келмей ме? Ендеше тұрғындар мен сол қонақтардың таза ауамен тыныстауына, қаланың көркіне көрік қосуына әсте мұндай жасыл желек  көптеп қажет. Демек, бұл шараның мақсаты биік.

Технология дамып, небір инновациялық жоба ашылып жатса да, адамзат осы күнге дейін жанға – сая, дертке -дауа ағаштан артық ауаны тазартатын бірде-бір қондырғы ойлап таппады. Сонымен қатар ағаш шудың азаюына ерекше пайдасын тигізеді. Табиғаттағы тепе-теңдікті сақтап тұрған да ағаш. Ыстықты, аязды басып, ылғалдылықты сақтап, жаңбырдың уақытында және табиғи тәртіппен жаууын реттейді, топырақтың құнарлығын сақтайды, дауылдың екпінін азайтады. Міне, көрдіңіз бе, бір сөзбен айтқанда пайдасы шаш-етектен.

Айтпақшы, аталмыш эко акция үшін бюджеттен ақша жұмсалмаған. Толық кәсіпкерлердің қаражысына ұйымдастырылды. Акция алдағы уақытта да жалғасады. Сіз де, оған қатыса аласыз. Менде Астана төріне тал отырғыздым. Қазіргі еккен тал-шыбық, ертең жапырағы жайқалған ағаш, одан әрі көрікті орман болмай ма? Ендеше, бірнеше жылдан кейін, менің де ұрпағым осы мен еккен теректің саясында демалады деген үмітім бар