Жаһандану
блог
«Мен», «сен», «қазақ», «орыс», «ағылшын»... Бұл – жаһандану дәуірінің қағидасына жат, ережесіне ерсі, бұл күнде маңызын жоғалтуы тиіс ұғымдар мыс. Олардың баламасы ретінде «космополит» немесе «әлем адамы» деген көтерер жүгі мол термин дүниеге келді.
Жаһандану – ортақ қазаннан тамақ ішіп, ортақ дүкеннен зат алмасып, ортақ кеңістіктен ақпарат алып, ортақ жетістіктерді пайдаланатын адамдардың дәуірі. Ұлт немесе мемлекет деңгейіндегі ойдан әлдеқайда алшақ шығып, бүкіл адамзаттың қызығушылығын биік қоятын азаматтардың заманы.
Бұл күнде жаһандану процесін барлық әлем бастан кешіп жатқаны хақ. Әрине, оның ішінде еліміз де бар. Күнделікті айдайтын көлік, киетін киім, пайдалатын смартфон, құрал-жабдық, жиһаздарды айтпағанда, шикізат, импорт, экспорт мәселелері тағы бар. Жекелеген мемлекеттердің, жекелеген тұлғалардың, өнертапқыштардың жетістіктерін әлем болып іске асырып жүрміз. Бұл жаһанданудың бізге берген ең үлкен пайдасы мен тигізген зор үлесі.
Дегенмен бұл үдерістің бергенінен бөлек, алары да аз емес екені айқын. Ғаламдық деңгейдегі ойлау мен универсализм ұлт пен ұлыстардың маңызсыз қалуына алып келіп соқтырады деген қауіп бар. Әр елдің ұлттық менталитетіне, салт-дәстүріне, әдет-ғұрыптарына немқұрайлылық таныту басым болады.
Экономикалық тұрғыдан, шет мемлекеттердің мықты корпорацияларының, ірі магнаттарының біздің елімізде жұмысын жүргізіп, кәсібін дамытқаны оларға әлдеқайда пайдалырақ екені жасырын емес. Осы себептен әлем бойынша «кедей» мен «бай» мемлекет деген үлкен бөлінушілік пайда болады.
Үшінші кезектен, өзге ел өзінің тауарын сатып, білімін беріп, ақпаратын таратып қана қоймай, сол арқылы халықтың санасына жекеменшік идеологиясын, бағыт-бағдарын сіңіртетіні анық. Ал бұл болса, ақпараттық соғыс заманындағы ең үлкен шабуыл.
Жаһандану – екіұдайлы құбылыс. Берері мол болған сайын, араны ашылып, алары да көбейе түседі. Кез-келген дүниені шырқау шегіне жеткізбей, таразы басын тең ұстау – қашан да ең дұрыс шешім.