Жаһанданған түріміздің сиқы...
блог
Жаһанданудың жемісін көре бастадық, дегенмен қуырдақтың көкесі әлі алда ма
деп қалдым. Оны нақты неге қатысты қозғадың, дейсіз ғой? Жо, жоқ, мен озық технологиялар мен қолымыз
жеткен өрен дүниелерді емес, адамға қатысты айтып отырмын. Жаһанданудың нақты
адамның санасына қалай әсер еткенін және одан ары неге апарып соғарын айтамын.
Әрине, мұны қозғаудың өзіндік себебі де жоқ емес.
...Алматының тар көшесінің бірі. Сіңлім екеуіміз аялдамаға беттеп, көше
бойлап келе жаттық. Алдымыздан екі жігіт қарсы шықты, жас шамасы көп болса
19-20-да. Бойлары аласа, екеуі де жұқалау келген. Біреуі аса көзге түспеді, ал
екіншісі алыстан мен мұндалап-ақ келе жатыр. Кекілі бір жағына қарай ұзындау,
көзге түсіңкі, карэ тектес қиылған шаш. Бұтта жабысқан шалбар. Кеудесінде бір
иықты жалаңаштап тұрған стильді кеудеше. Бәрінен де жүрісі мен бет жүзін
айтсаңшы. Үлбіреген бойжеткен дерсің. Ер бала. Көзінде, «мені көрдің бе, ал не
істейсің?» дегендей өркөкіректік бар. Сонадайдан көз алмағанымызды байқады,
әрине. Жақындай түсіп, өзі де көзін алмай бізге тесірейді.
Қызтеке мен еркекшораларды шетелдік фильмдерден, теледидардан, алыс елдерде
өтіп жататын шерулерінен көргенім болмаса, жүзбе-жүз кезікпеген едім. Voxpopuli
фоторепортаждар сайтынан ептеп болса да еліміздегі «дәстүрлі емес бағыттағы»
адамдардың өмірі туралы оқығаным бар. Сонда, бұлар бізде де өздері жайлы ашық
айтатын болыпты-ау деп топшыладым да қойдым. Ал енді, тапа тал түсте, осылайша
алдымнан шыққанда маған ондай адамның қылығы қызық көрінді. Еліктірер
қызығушылық емес, бұлар өзі қандай болады екен деген қызығушылық. Жоқ,
жеккөрінішті қараған жоқпын. Бақылаушы көзқараспен назарымнан жібермедім.
Сіңлім екеуміздің ақтарыла қарағанымызға оның күлкісі келіп-ақ тұр. Жақындаған
сайын бас салып, «неменеге сонша тесілесің?» деуден тартынатын емес. Байқаймын,
менің сіңлім бұл жігіттерді мүлдем жақтырмай келеді. Жанымыздан өткенде әлгі сәнқойдың қаншалықты
ашулы екенін сездік, тіпті төбелесе кетуге әзір... Жоқ, өтіп кетті. Бірақ
сіңлім де қызба, «қарама артыңа» дегенімді тыңдамай, бұрылғаны сол еді, әлгі
майысқаны тұра қалып, мысықша айбат шегіп, тырнақтарын сермесі бар ма. Қайта
екіншісі, иығынан тартып, алып кетті.
Иә, бізде демократия... Басқа қаланы қайдам, Алматыда бұлардың арнайы клубы
да бар. Батыстағыдай құқықтары ашық қорғалмаған соң шамасы келгендері шетелге
де кетіп жатыр. Қарағандының қызтекелері күні кеше өздері жайлы жар салды. Еліміздің
туы да шетелде дәстүрлі емес бағыттағылардың шеруіне қатысты. Дегенмен, мені
ойландыратыны, біздің жастар да өз табиғи жаратылысынан безіне бастағаны ма?
Біреулер: «бұлар солай іштен туған» дейді. Сену қиын. Алдамшы көңілмен айтылса
керек мұндай ойлар. Ал, кей мамандар бұл құбылысты адам психикасының бұзылуынан
іздейді. Яғни, адамның қалыпты жағдайдан ауытқуы. Бұл тұжырым шындыққа жақын
көрінді маған. Өйткені, елімізде бұрын-соңды болмаған бұл үрдістердің қазір
белең алуы жоғарыда айтылған жаһанданумен келді ме екен, кім білсін...
Бұл тұрғыда ой қозғаған бір азамат «мен баламды мұндайлардан аулақ өсіремін»
деп азар да безер. Екінші біреулер бұған мүлдем мән беріп жатқан жоқ. Менің
ойым айтады, дегенмен бұл еліктеушілік. Сананы құрт жесе, оның емі тек – сана.
Психолог Анна ҚҰДИЯРОВА қызтеке болуға бел буған бір жігітті райынан қайтарғанын
оқығам. Яғни, психолог маман ол жігіттің көзін «сен еркек кіндіктісің, еркек
болып жаратылғансың» дегенге жеткізген. Ал, «баламды бұларға жолатпаймын»
дегенмен жаһанданудың небір сұрқия тірлігі Сары далаға емін-еркін кіріп жатыр
емес пе?! Идеология шала. Ақсап тұр.
Қайтсем, бала-шағамды асыраймын, бірді екіге ұқсатамын деп күнкөрістің
соңында жүрген ата-ананы түсінесің. Алайда, жан түршігерлік небір жағдайға куә
болған мына қоғамда кімге болса да еліктеуге әзір тұрған жастарға шындап
алаңдайсың. Әрине, жастардың жаңаша ойлап, озық технологияны жетік меңгеріп,
заманымен етене жүргеніне қуанасың. Бірақ сол жаңа ағымның астарында қандай
бұрылыстар бар, соны ойлайсыз ба? Бәлкім, ойланармыз, бірақ түбіне жетіп, алдын
алатындай шара қолданбаймыз. Әрине, халықаралық стандарттарға ұмтылған тәуелсіз
елімізде әр адамның құқығы сақталады-ақ. Тек, қалайша, қандай жолмен? Мәселе
сонда.
Иә, төбемізде ХХІ ғасыр. Көзімді ашып, оралдым бүгінгіге. Қорқынышты...
Адам баласы бара-бара не болар екенін көз алдыңа елестету қорқынышты.
Міне, саған жаһандану.