Жә!

Жә!
жеке
блог

     Күлемін... Басы жақсы болса-дағы, осылай біткені ме? Соңының болғаны ма сонда? Сол кезде менен сауалнама алдың. Сауалнамаңа ерінбей жауапты да жаздым. Ішінен бірдеңені байқап қалдың. Алайда мен білмедім. Келесі күні барғанымда ғана өткендегі сауалнамаға қатысты сұрағыңды қойдың, жауабын да алдың. Сондағы бар сұрағаның - "соны" әкеп беруім. Келесіде келетін күнімді асыға күттім, сенің жүзіңді көру үшін, сенің нәзік даусыңды есту үшін. Жоқ, мен ғашық емеспін. Ғашық болуға батылым жетпеді. Бәлкім, сенің өз сүйген азаматың бар, болмаса жүрегіңді жаралап та кеткен шығар. Әйтеуір, мен қорықтым. Иә, мен қорықтым сенен айрылып қалам ба деп. Мен де өзім табиғатымнан әрекетке жоқпын. Бірақ менің жаным адалдықты сүйеді. Мені ынтықтырғаны - саған деген сүйіспеншілігім. Саған сондай сүйсінем, қарай бергім келеді. Иә, сұраған нәрсеңді әкеліп те бердім. Тек оны емес. Оған қоса үшеуін де әкелдім. Сөйтіп, саған "төртеуін" бердім. Соны беруге асықтым мен. Иә, рахметіңді айттың-дағы, ары қарай үнсіздікке көштің. Бәлкім, жұмыс уақытында болмайтын да шығар. Дегенмен, келесіде келгенімде, қыздарыңмен қарқ-қарқ күлдің. Мен түсінбедім... Мені әзілдеп жатқан шығар деп те ойладым. Иә, менің қазір ешқандай атағым жоқ. Сол себептен болар, менен қашқақтайсың. Бәлкім, жаныңдағылардан ұяларсың мен үшін.

     Иә, менің бойым қысқа. Саған қарап, әңгіме айта қалсам, төбемнен қарап жауап бересің. Бірақ мен бойымыздың айырмашылығын есептегенім жоқ. Барынша адал болуға тырыстым. Бүгін... Иә, бүгін "басқа да нелер бар ма?" деп едім, сенің сондағы жауабың... Әсте, маған ұнай қойған жоқ. Шыға берісте, сұрай қалып едім, жоғары қарап... Сен төбемнен қарап... Білем, сездім, байқадым... Менен ұялдың... Ұялудан бұрын... Өзіңе "менен аулақ болудың" бағдарламасын орнатып тастағансың... Мен сұрай қойып едім, "Жоқ!" дедің... Сен жәй ғана жауап бермедің... Сен "соңғы сөзіңді" айттың... Неге? Одан соң ерніңді ерніңе тигізіп, ішке қарай тарттың... Міне, осы кезде жүзіңнен ұялғанның бейнесін көре алдым... Менімен қоштасудың соңғы сөзін сөйлескендей болдың... Жүзіңе қарап үлгердім, басқа жаққа басыңды бұрдың... Неге? Менің лайықты болмағаным ба? Мен де, сен де осы "өнерді" түсініп, сүйе де білеміз ғой. Әңгімеміз таусыла қалса, "осыны" әңгіме қылуға да болады ғой... Жә!

     Иә, енді келесіде мен барсам да, сенен қашқақтайтын боламын. Сәлемімді сен де, қасыңдағылар да алмайтын боларсыңдар... Үнсіз кіріп, үнсіз шығатын боламын. Енді, 20-сына соңғы күніне барамын, одан соң жазғы демалысқа кетесіңдер. Сен ауылға қайтасың, Шуға. Мен Байқоңырға. Екі бөлек жер, екі бөлек орта, екі бөлек әлем... Жә!

     Мен саған ғашық емеспін. Тек саған сүйсінемін. Ғашық болатындай жүрегім бүтіндей сау емес. Жүрегім талай жыртылып, енді сен де жамай алмайсың ба деп қорыққам... Иә, сен де жырттың-ау... Өмір, уақыт жүрегімді жамай қоймас... Алайда, жыртылған жүрек соңғы жібіне дейін күнін кешеді. Жә! Өмірім өз өрнегімен! Өз өмірімді сүрейін, сен де өзіңдікін сүргін!

     Жә! Өмір жалғасуда... Жә!

     Әкемтеатр... Айдана... Жә! Бұл жазбам бәз біреудің есінде қалар, бәлкім, қалмас... Бірақ бұл оқиға менің жүрегімде сақталып қалды... Жүрегімді алып, басқаға салса егер, сол басқаның есіне менің жүрегім осы бір өмір кезеңін түсірер, мазалар... Ал маған басқаның жүрегін салса, есімде бұл оқиға қалмас. Сен менің ақылымда емессің, жүрегімдесің... Жүрегімде мәңгілік сақтала бер!