Ж. Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы кейіпкерлердің өмір үшін күресі

Ж. Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы кейіпкерлердің өмір үшін күресі
жеке
блог

    Өмір-күрес. Жұмыр басты пенде шыр етіп дүние есігін ашқаннан ана сүтін аузына алмақ болып, тырбана бастайды. Ол- тіршілік иесі. Алайда барлық адамның өмірін нағыз «күреске» теңеуге келе ме? Біреулер туғанынан «күміс қасықпен ас ішсе», кейбірінің байлығы-он екі мүшесі кем болып, бесіктен белі шықпай, өмір өзеніне қарсы жүзуге тура келеді... Өзінің ғұмырлық дастанында қиыншылыққа қасқая қарсы тұратын адал да, абзал жандар бар, «алтын көрсе жолдан таятын»  пиғылы пасықтар да бар. Өмір үшін күрес қай заманда болсын тоқтамақ емес. Оны тарлан тарих пен «асыл сөздің» сарғайған парақтарынан, тұғыры биік тұлғалардың туындаларынан  оқып, біліп жүрміз. Оқыған шығармаларымның арасынан, мүмкін,  нәзік жандылардың өкілі болғандықтан, Аймауытовтың «Ақбілегі»  жүрегіме жақын.  Неге?

    Жүсіпбек Аймауытовтың тың туындасына  арқау болған Ақбілек - өз замандастарындай емес. Қазақ әйедерінің арасында жалғыз «күрескер».

    Құрбысының алды болған Ақбілектің тағдыры бір-ақ күнде тәлкек болғандығы, қос қанатының бірі қайрылып, анасынан айрылғаны, орыстың «ойыншығы» атанып, абыройына сызат түскенін Аймауытовты танитын әр қазақ білуі тиіс. Жоқ, ең маңыздысы бұл емес. Жалғыз Ақбілек өмірден таяқ жем еді. Бірақ, жалғыз Ақбілек сүріне тұра, қайта тұрды. «Су ағады да жатады, бір таусылуы жоқ...» Қасқырмен күресіп келе жатқан қаракөздің су жиегінде отырып, ойлағаны осы еді. Шынымен де, аспан айналып жерге түскен жоқ. Оқыды. Білім алды. Тәжірбие жинады. «Ақбілек баяғы емес. Әйелдерге көсем болған...»

     Ақбілек ақ жолдан таймай күрессе, Мұқаштың көзін шел басып, өзінің қарындасындай қызды жат қолына қияды. Бірде ақтарға, бірде қазақтарға болысады. Себеп – құрғыр «көк қағаз» ! Ақша, мал-мүлік адамзат баласын қанағаттандырып па еді? Біле тұра, қателігін түсіне тұра, өзегін өкініш оты өртесе де кері шегіне алмаған «Мұқаш болғалы  аузы асқа, ауы атқа жарымаған», «таңқы мұрын, бадырақ көз» жігіттің ісі ерлігіне сын болып, тайға таңба басқандай өмірінде үлкен із қалдырды. Өз ісін өмірмен күреске балаған «батырдың» ізін жалғаушылар өкінішке орай, бүгінгі күнде де бар. Кешегі жұрт Мұқаштың қылығына қайран қалысып, жағасын ұстаса, бүгінгі «Мұқаштардың» ісі күнделікті күн-көріс секілді. Таңданып, не болмаса бір қыз үшін бас көтерер ағайын жоқ...

     Ақбілек-өмір үшін күрестің үздік үлгісі, қазақ қыздарының «эталоны» болса, Мұқаш та күрес жолындағы, бірақ арам жолдың жетегіндегі жолаушы. «Ақбілекті» оқи отырып, ақиық ақын Мұқағалидің  мына өлең жолдары есіме түсіп отыр: «Өмір-өмір болмайды түңілуге. Мәңгі сені жазбаған сүрінуге...»