ИТТІК НИЕТ
блог
ИТТІК НИЕТ
Зұлымдық гүлінің тамыры күннен күнге тереңдеп барады. Қастандық, дұшпандық, көреалмаушылық, надандық, опасыздық, сатқындық секілді жаман қасиеттерді күнде кездестіреміз. Тіршілігіміз оңға баспай жатса, оған бірден бір себепкер өзіміз. Пендеауи қылықтарымыз өршіп, өркендесе, имандылығымыз, адамгершілігіміз әлсіреп тұр. Ниетіміз теріскейлеп, қара бұлт түнеріп, ақтығымыз бен пәктігімізді жоғалттық. Ағайын-туыс аражігі үзіліп, бір-бірін таныстамай өзгеріп, бір-ақ күнде бөтен болып шыға келді. Әділдіктің биік туы құлап, тұғырнамаға ібілістің байрағы көтерілді. Шайтанның шырмауына түскен дүние тұр тұншығып. Дініміз – іріп, тіліміз – шұбарланып, мәдениетіміз – өшіп, руханиятымыз – сөніп, тарихымыз – шіріп жатыр. Халық аласапыран күй кешуде.
Адамдарды жақынырақ таныған сайын, иттерді жақсы көремін. Айдар, Айбар деген секілді адам есімінен Ақтабан, Құтжолдардың қарасы артық. Солар мені түсінетін, ұғатын. Ит – жеті қазынаның бірі. Ит – керемет, адал дос. Қорғайды, қолдайды.
ХХІ ғасырдың адамдары күйісінен жаңылып барады. Бұндай процесс үздіксіз жүре берсе халық болып жер бетінен жойылып кетеміз. Ұлт ретінде сақталып қалуымыз екі талай. Азып-тозып бара жатсақ та – оянуымыз керек, есімізді түзеуіміз керек!
Бүгін ертеңмен қымбат. Қазақия елі – мәңгілік ел болуы тиіс. Сондықтан да біздің халыққа имандылық иіріміне ден қойып, ізгіліктің кейпіне еніп, парасаттылық пайымын жамылып, әділеттіліктің ақ туын желбіретіп, тәрбиесінің негізін мықтылап шегелеп, уызға жарымаған ұрпағының санасын оятып, ата-баба институтын жаңғыртып, «ұлттым» деп еңірер азамат қалыптастыру жолында еңбек етуді талап етеді тәуелсіздік.
Иттік ниет – тәуелсіздіктің қас жауы. Бұндай ниеті бар елдің болашағы жоқ. Иттік ниет – нәпсінің айласы. Иттік ниет – аздырушы. Не десек те, иттік ниеттен аулақ болайықшы!