Итім – Жадыра, мысығым – Серік
блог
Бала кезімде менің Бота деген лағым болғанынан хабардар боларсыздар. Бота туралы мына жақта айтып өткенмін. Одан қалса, Балтабай деген ит туралы да айтқанмын. Бүгін осы тектес жазба ұсынғым келеді.
Жақында қазақи иттер төбет туралы үлкен бағдарлама жасадық. Бағдарламаға қазақи иттерді ұстап, баптайтын бір ағамыз кейіпкер болды. Әр итіне ерекше ықыласпен қарайтын ол қара ала дәу ұрғашы төбетіне Қарагөз, басқа дәу біреуіне Жадыра деп ат қойыпты. Шыны керек, ең бірінші мәрте естігенде, өлгенше күлгенмін. Себебі, есіме бала кезімде болған ауылдағы апамның Лиза есімді сиыры, Боря деген өгізі, Айсұлтанның Нағима деген танасы түсіп кетті.
Жақында бұл туралы досыма айтып едім. Ол көкең «Біздің үйде Серік деген мысық болған» деп бір күлдіртті. Ол аздай тағы «Бәленнің үйінде Сандуғаш деген есек болған» демесі бар ма?!
Жақында Өмірқұл Айниязов ағамыз өзінің аквариумдағы балықтарына қазақ эстрада әншілерінің есімін берген. Әр балықты өзінше еркелетіп жүр. Нағима, Роза деп.
Күлкілісі күлкілі. Ал бірақ, осы дұрыс па?! Адам баласына жөнді ат бере алмай жүргенде ит-мысыққа әдемі есімдерді бергеніміз жөн емес-ау. Бұл қалыпты жағдайға айналмауға тиіс деп ойлаймын.