Италияда қазақ әнін әуелеткен Ерназ

Әлемдік сахнада қазақ елінің өнерін паш етіп жүрген жас өнерпаздар аз емес. Халықаралық байқауларда жүлде алып, жұлдызы жанғандар қаншама. Бір жарқ етіп, кейін көрінбей кеткендер де жоқ емес. Бүгінгі кейіпкеріміз Ерназ Қабдхамитов та өмірін өнермен байланыстырған жас таланттардың бірі.

Ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етуді қамтамасыз ету, жас өнерпаздар жетістігін жария ету – бүгінгі медианың бір мақсаты десек те болады.

Қостанай облысының тумасы Ерназ ән өнерінде өзінше өрнек салғысы келеді. 2019 жылы вокалдан әлемнің 18 мемлекеті қатысқан «Creativita senza frontiere» байқауында қазақтың туын тіктеп, бас жүлде алған. Республикалық «Алтын микрофон» байқауынан өтіп, Италияға жолдама алғанын естіген бойда жетекшісі Роза Ізтілеуовамен араға айлар салып қызу дайындық жасапты.

Басында жеңімпаз атанамын деп мүлде ойлаған жоқпын. Ең бастысы өзіме жүктелген міндетті орындауым қажет болды. Сахнаға шығарда қатты қобалжыдым, әйтсе де, отбасым, мектептегі ұстаздарым мен достарымның арқасында қорқынышымды жеңе білдім. Мен осы конкурсқа жолға шыққаннан бастап, әрқайсысы жеке-жеке хабарласып, қолдап, қолпаштап отырды. Сол үшін де сахнаға сеніммен шығып, жеңімпаз атандым, - дейді.

Биыл 11 сынып оқитын өнерпаздың 18 жасқа толмай-ақ әлемді бағындыруы бірінші талантының және ұстаздарының үздіксіз еңбегінің нәтижесі. Әлемдік деңгейде вокал байқауында топ жарған Ерназ алдағы мамандығын физика мен математикаға бағыттағанын айтып, жоспарымен бөлісті.

Мақсат өте көп. 11 сынып болғандықтан ең алдыңғысы Ұлттық Бірыңғай Тестілеуден жоғары балл алу. Қазіргі танда физика мен математика пәнін таңдап отырмын. Таңдау себебім, осы күнге дейін өнерді де, сабақты да бір сатыда ұстап келдім. Шешім шығару оңай болмады, не дегенмен осы пәндер менің болашақ жолым екенін түсіндім. Бірақ келешекте өнерімді ары қарай өрбітіп, өрістете беремін деген ойым бар. Ал, менің басты жоспарым да, мақсатым да барша балалар сияқты ата-ананың үмітін ақтау, - дейді талантты жас.

Шәкіртінің бір ғана емес, бірнеше мемлекеттің арасында жетістікке жетіп, мәреден көрінуі ұстаз үшін үлкен бақыт. Бақ мен баптың қатар шабуы да Тәңірдің сыйы. Ерназдың ұстазы Роза Шөптібайқызы «талай додаларда топ жарып, Қазақстанның мәртебесін көтереді деген сенімдемін» - деп шәкіртіне үміт артты.

Ерназ Мейрамханұлы менің өте талантты шәкірттерімнің бірі. Ол жайында айтатын болсам, кішкентайынан ән айтады. Менің алдыма үшінші сыныптан бастап келді. Сол кезден аудандық, облыстық конкурстарға қатысып бірнеше рет бас жүлдеге ие болған. Өзі домбыра тартады, өлең шығарады. Өте ұқыпты, жауапты оқушы. Біздің ең үлкен жетістігіміз Италия еліндегі сайыстан бірінші орын иеленгеніміз. Он сегіз мемлекеттен әділ қазылар мен қатысушылар жиналды. Сол сайыста қазақтың «Айқаракөз» әні мен Виктор Цойдың «Кукушка» әнін орындады. Қазір Ерназ он бірінші сыныпта оқиды. Болашағынан үлкен үміт күтемін. Талай додаларда топ жарып, Қазақстанның мәртебесін көтереді деген сенімдемін, - дейді ұстазы.

Қазақтың атын әлемге әйгілеген Ерназдың алдағы ҰБТ-дан жоғарғы балл алып, өз мақсатына еркін жетуіне тілектеспіз. Өнерің өрлей берсін жас түлек!



Бөлісу: