ИТ

ИТ
жеке
блог
Халықтың басына қара бұлт үйірілсе, қайғы һәм қан жұтатын – қазақ. Ел басына күн туса, тауқыметін тартатын тағы қазақ. Азабы мен бейнеті сол қазақтың маңдайын жазылып, ажары мен зейнетін неге басқалар көруі тиіс? Түсінбеймін! Я түсінуге тырыспайтын шығармын. «Ереуіл атқа ер салатын, егеулі найза қолға алатын, еңку-еңку жер шалатын» сол Алаш оғландарын әркім-ақ отқа итеруге құмар. Күйдіргісі келеді. Күйдіріп, күлін көкке шашпақ. Күйдіріп, сол күйікпен жүрегіңізді жараламақ. Сіз бен біздің... Ортаға сүйек лақтырады. Сол сүйекке таласамыз, ырылдап. Я, шағылыстырады. Онсыз да жүйкесі жұқарған, ұрынарға қара таппаған мен «бейбақ» не істемекпін?... «Арп» етіп, етектен ала түсем. О, олардың күткені де осы. Айтаққа басады. Абалаған топқа топ ете түсем. Мұның артында не бар? Неге үрем? Неге ұлимын? Белгісіз. Белгілісі шабалана шәуілдеу ғана. Кәндек секілді. Кәндек үрсе, қарайсыз, не естисіз... Ал, сіздің үніңіз естілмейді, естімейді, естіртпейді. Естісе де, мақсатсыз үру. Ит болу да абырой... Егер өз ұлтыңыздың, иті бола алсаңыз. Жаңаөзенді еске алыңызшы. Басшы да ит, басқа да ит. Ақпарат құралдарына қарап отырсақ, сыртқы күштердің иттігі бәрінен де асып жығылады екен. Сол кілең иттер өз иттігін еш ойламайды. Керісінше бізді итшілемек. Жаны ашыған болып, бықсыған шоқты түртпектеп қояды. Одан жалынның жалп ете түскенін қалайды. Сол жалын қазақтың жүрегін қаритынын да біледі. Соны көре тұра, соны біле тұра мен неге, олардың аузымен үруім керек. Дұрысын айтқанда, неге мен дүрмекке еріп, ит болуым керек-ә»?