Баяғы заманда Сетцу аймағындағы Нанива ауылында ерлі-зайыптылар өмір сүріпті. Оларда бәрі жеткілікті болғанымен, бір балаға зар болыпты. Олар бар ынтасымен Сумиёси құдайынан қандай болса да, тіпті бармақтай болсын бір бала беруін тілейді.
Сөйтіп, күндердің бір күні олардың шаңырағында ұл бала дүниеге келеді. Ерлі-зайыптылардың қуанышында шек болмайды. Бірақ ұлы өсер емес, қалай бармақтай болды, солай қала береді. Сол үшін оған Иссумбоси (бармақтай бала) деген ат қояды.
Иссумбоси жетіге толғанда да сол қалпында болады. Сыртқа шығар-шықпастан көрші балалар:
- Қараңдар, әне, бұршақ домалап келеді! Байқаңдар, басып кетпеңдер! – деп айқайлайды.
Иссумбоси болса, күлімсірейді де қояды.
Міне, ол он алтыға толды. Бір күні ол әке-шешесіне келіп:
- Маған үйден кетүге рұқсат беріңдер, - дейді.
- Сонда қайда бармақсың? – деді әкесі таңқалып.
- Киотоға барғым келеді.
- Онда не істемекшісің?
- Жапония астанасы – Киотода императордың өзі өмір сүреді, екі қолға бір күрек табылар. Тағдырымды бір сынап көрсем деймін.
- Ендеше, жолың болсын! – деп, әкесі келіседі.
Иссумбоси қуанып, жолға жинала бастады. Анасынан ине сұрап алып, оған сап жасап, сабаннан қынап істеп еді – қылыш дайын болды. Иссумбоси оны белдігіне қыстырып алды. Сосын кішкентай ағаш тостағанды қайық қылып, ал тамақ жеуге арналған таяқшаларды жонып, ескек етіп алды.
- Қош, әкешім, қош, анашым! Қош болыңдар!
Иссумбоси қайығына отырып, Едогава өзенінің бастауына қарай жүзді. Жел тұрып, жаңбыр жауса қайығы аударылып кетер деп, Иссумбоси баяу жүзді. Ондай ауа-райында ол жаға тастарының арасын паналайтын, көпір астындағы бағаналарда отыратын; сол жерде демалатын. Солай бір ай бойы жүзіп, ақыры Киотодан таяқ тастам жердегі Тобаға келіп жетті.
Киотода көшелер көп. Салтанатты күймелер,көше толы сәнді киінген жұртшылық, бітпейтін шу – қаланы жандандыра түседі. Міне, бұл – Жапония астанасы!
Иссумбоси сасып қалды. Есі ауып, үлкен қаланы аралап жүріп, байқаусызда әдемі қақпасы бар сарай алдынан бірақ шықты.
Иссумбоси «қалай болғанда да мұнда ақсүйек тұратыны сөзсіз», - деп ойлап, оған қызмет етуді ұйғарады. Расында да бұл – император сарайының бірінші министрі – Сандзенің сарайы еді.
Иссумбоси сарайға кіріп, бар даусымен:
- Отағасы, амансыздар ма?! – деп айқайлады.
Оны министр естіп қалып, кім келді екен деп шықса – ешкім жоқ. «Бұл не ғажап болды екен?» деп ойлаған ақсүйек кіреберісті жақсылап қарай бастады. Кенет, асидалармен[i] қатар тұрған бармақтай адамға көзі түсті.
- Айқайлаған сен бе? – деді министр.
- Мен.
- Сен кімсің?
- Мен Нанива ауылынанмын, атым Иссумбоси.
- Шынымен де Иссумбоси! Маған не үшін келдің?
- Киотоға бақыт іздеп келдім. Мені сарайға жұмысқа алыңыз, сізге адал қызмет етемін.
- Міне, қызық! Ендеше, қал, - деп министр келіседі.
Сөйтіп, Иссумбоси министр сарайында қызмет етіп бастайды. Кішкентайлығына қарамастан, ол жұмысты ерекше ұқыптылықпен, ынтамен жасайтын. Кез келген істе асқан ақылдылық пен тапқырлық көрсететін. Көп ұзамай-ақ үйдегілердің бәрі оны жақсы көріп кетті, тіпті Иссумбосиді ауыздарынан тастамайтын болды.
Иссумбосиді бәрінен де он үш жасар министрдің сұлу қызы қатты жақсы көретін. Иссумбоси де оған ғашық еді, тек сыр білдірмейтін, себебі оны күлкі қылып қуып жібереді ме деп қорқатын. Ол жай ғана оған бар ынтасымен қызмет ететін, екеуі бір сәтке де айырылмайтын.
Күндердің бір күні министрдің қызы мейірімділік құдайына табынуға ғибадатханаға барады. Әдеттегідей, Иссумбосиді де ертіп алған. Үйге қайтар жолда аяқ астынан алдарынан екі шайтан атып шығып, жолдарын бөгеп, қорқынышты қолдарын қызға созады. Қыздың жүрегі ауызына тығылып, қаша жөнелді. Шайтандар қыздың артынан қуып, ұстап алуға шақ қалды. Сол сәтте олардың алдын Иссумбоси бөгеп:
- Әй, сендер оның кім екенін білмеуші ме едіңдер?! Ол - император сарайының бірінші министрі Сандзенің қызы! Кәне, жолдан былай тұрыңдар! – деп дауыстап айқайлады.
Шайтандар дауыстың қайдан шыққанын біле алмай аң-таң. Аяқтарының астына қараса, бір кішкентай адам қолындағы инесін қылыш секілді сермеп, жауынгерлік қалыпта тұр екен. Шайтандар ішек-сілесі қатқанша күлді.
- Түріне қарамай, бізге сес көрсетпекші өзі! Сені қыл-қыбырыңмен қазір-ақ жұта саламыз! – деп, шайтандардың біреуі Иссумбосиді алып, ауызына салып жұта салды. Иссумбоси қолындағы қылышымен шайтанның қарынынан бірақ шықты. Ол онда әрлі-берлі жүгіріп, қарынның әрбір жеріне инені сұға бастады. Шайтан ішінің ауырғанына шыдай алмай, демі тарылып, жерге аунай бастады. Әйтеуір дегенде терең дем алып, ауамен бірге Иссумбосиді де сыртқа шығарып тастады. Иссумбоси болса шайтанға қылышын ала жүгірді.
- Арсыз неме, сені ме! –деп ақырып, екінші шайтан оны ұстап алып, аузына салып жіберді. Иссумбоси оның тамағы арқылы танауына өтіп, танауынан көзіне өтіп, қарашығын түйрей бастады. Шайтан азапқа шыдамай секіріп қалғанда, оның көзінен Иссумбоси жерге ұшып түсті. Шайтан зар еңіреп, алды-артына қарамай қаша жөнелді, екіншісі де оның артынан кетті.
- Сыбағаларыңды алдыңдар ма? – деді Иссумбоси арттарынан айқайлап. – Сендерді де шайтан дейді-ау! Келесі жолы көзіме түсуші болмаңдар!
Сосын ол қорқып қалған қызға келіп, оның өз-өзіне келуіне көмектесті. Есін жиған қыз:
- Саған алғысым шексіз! Мені бір өлімнен алып қалдың! Үйге барған соң, әкеме бәрін айтамын, ол сенен сый-сияпатын аямас, - деді.
Қуанып сарайға қайтып келе жатса, аяқтарының астында жатқан шағын тоқпақты көреді.
- Ол мында қайдан жүр? - деді қыз таңырқап.
- Шайтандар асығыста түсіріп алған секілді, - деп, Иссумбоси тоқпақты алып, айналдырып қарап шықты.
- Бұл жай тоқпақ емес, сиқырлы тоқпақ екен. Осымен бір тоқылдатсаң, қалағаныңның бәрі орындалады. Міне, қазір мен өзіме бой сұрап көрейін!
Тоқпақты бір сермеп:
- Иссумбоси, үлкен бол! Басқалар сияқты бол! – деді.
Тоқпақты бір тоқылдатқанда – бір сякуге[ii], тағы тоқылдатқанда – тағы үш сякуге өсіп, үшіншісінде – келбетті бойшаң бозбала болып шыға келді. Иссумбосидің де, қыздың да қуаныштарында шек жоқ еді. Олар үйлеріне жетіп, болған оқиғаны баяндап берді. Бәрі Иссумбосидің ерлігін мадақтап, оның өзгеруіне таң қалды. Бұл хабар императорға да жетеді. Ол Иссумбосиді сарайына алғызып, оған сый-сияпат көрсетіп, қолбасшы шенін береді. Көп ұзамай министр қызын Иссумбосиге ұзатады. Нанивадан Иссумбосидің әке-шешесі келіп, барлығы бақытты да ұзақ ғұмыр кешіпті.
[i] асида (гэта) – жапондық табаны биіктеу келген, ағаштан жасалған аяқ киім
[ii] 1 сяку = шамамен 30 сантиметр
Аударған: Рысжан Табарек