Исламдағы тамақтану әдебі қандай?

       Қазіргі таңда адам баласына ең көп зиян беріп,ең көп тараған семіздік,сусамыр (қант диабеті),қатерлі ісік және  холестерин секілді аурулардың пайда болуында адамдардың тамақтану салтының өзгеруі мен  тұтынған тағамдары   үлкен рөл атқарады. Себебі, бүгінгі таңда ғалымдар айтуы бойынша ,адамдардың деңсаулық пен  тұтынатын  тағамдар арасында өте тығыз байланыс бар.Өкінішке орай, қазіргі қоғамдағы  адамдардың  өмір салты,тамақтану тәсілдері  және жаңа заманда  пайда болған  небір түрлі тағамдар бірқатар проблемаларды туындатып отыр. Әлбетте, мұның ең басында адамдардың  көп,әрі өлшеусіз  тамақ жеу секілді  әдеттері тұр. Расында да, бүгінгі күні бірінен бірі асқан небір  алуан түрлі тағамдардың  дүкендерде самсап тұруы,мүмкіндіктердің  артуы және адамдардың ашкөздігі  олардың асқазанына тыным бермей,кәдімгідей  әуреге салып қойды.Мұндай жағдайда адам шектен шығуы мен қалыс қалудан арылу үшін,әрі дұрыс тамақтану салтын қалыптастыру үшін Пайғамбар(саллаллаһу аләйһи  уә сәлләм) сүннетіндегі өсиеттерге құлақ асуы керек.

         Негізінде,мұсылман  адам адал екендігі анық тағамдардың өзін белгілі бір өлшеммен жейді,қомағайланып жемейді.Өйткені,Ислам бірқатар  тағамдарды харам еткені секілді,жеуге рұқсат берген адал тағамдардың өзіне белгілі бір өлшем қойды.Сол себепті күнделікті өмірімізде қажеттілігімізді өтейтін ас -суды тұтынуға қатысты Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи  уә сәлләм)  айтып кеткен өлшемдерін ескеріп,оны іспен жүзеге асыру салауатты өмір салтын қалыптастыруда аса маңызды болмақ.

       Тамақтанардың алдында дұға етіп, «бисмиллә» деу,тамақтанардың алдында және соңында қолды жуу,тағамды асықпай байыппен жеу, оң қолмен жеу, әркімнің өз алдынан жеуі,ысыраптан сақтану,әркім жеке  - жеке емес,отбасының  барлық мүшелері бір уақытта дастарқан басына отыруы,тағамды өзгелермен бөлісе жеу,мақтаншақтыққа,тәкаппарлыққа салынып дастарқанды байытамын деп тыраштанудан алыс болу,асты алдымен үлкендердің бастауы,тамақты толығымен тауысып жеу,тамақтан болған соң қолды жумас бұрын қолдағы тағам қалдықтарын тазалау,көпшілік болып тамақтарғанда барлығы тең мөлшерде бөлісіп жеу,тағамды тарта жеу секілді өлшемдерді біз хадис шәріптерден үйренеміз.

       Енді хадис шәріптерде айтылған тым аз жеу мен тым көп жеудің зияндарына тоқталмақпыз.Мына хадис бізге тамақтану мәселесіне нақты өлшемді үйретеді: «Адам баласы еш уақытта  өзінің қарны секілді жаман ыдысты  лықа  толтырған емес.Әсілінде,адамға әлденіп алу үшін аз ғана тағам жеткілікті.Ал егер оған міндетті түрде ішіп –жеу керек болса асқазанының үштен бірін тамаққа,үштен бірін сусынға толтырсын.Қалған үштен бір бөлігін тыныстау үшін бос қалдырсын».

         Алла елшісі(саллаллаһу аләйһи  уә сәлләм) басқа бір хадисінде мүміннің тамақтанғанда бір ішегін,ал кәпірдің жеті ішегін асқа толтыратынын айту арқылы,көп тамақ  жеудің  кәпірлерге тән сипат екенін,ал мүмін тағамды  өлшеммен жеу керектігін ескерткен.

          Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи  уә сәлләм) тамаққа лықа тойып алуы себепті жанында кекіріп отырған кісіге былай деген: «Біздің жанымызда кекірме.Себебі, бұл дүниеде қатты тойған адамдар қияметтің күнінде аш болады».Мунауи бұл хадисті былай түсіндіреді: «Бұл жерде кекіруге тыйым  шын мәнінде қатты тойып тамақ жеуге салынған тыйым болып табылады.Жалпы тойып тамақ жеуді шариғат та,медицина да қатты сөгеді.Өйткені, шектен асқан  тоқтық кісіні  шайтанға жақындатады және нәпсі есіріп кетеді.Ал аштық болса шайтанның жолдарына тосқауыл болады,нәпсіні ауыздықтайды.Осылайша  ол екеуінен келетін  жамандықтың алдын алады.Тоқтық құмарлықты арттырып,дүниеге,мансапқа деген қызығушылықты туғызады.Мұнымен тоқтамай бәсекелесу,қызғаныш секлді сезімдер оянады.Ал одан рияқорлық,пақырлық және тәкаппарлық  секілді жамандықтар пайда болады.Ал  бұлар  өз кезегінде өшпенділік пен дұшпандыққа итермелейді.Сосын бұзықтық,харам істер,арсыздық,күнәларды жасау жалғаса береді.Ал мұндай істер адамның қиямет күні аш қалуына себеп болады.Егер мұндай адамға Алла Тағала мейірімділік танытпаса,оның тозақтан құтылуы мүмкіндігі қалмайды».

       Ибн Халдун қоғамды,тіпті,жануарларға бақылау– зерттеу жүргізген.Жеген асына байланысты адамдардың мінезінің өзгергенін тамаша мысалдармен түсіндірген.Оның айтуынша көл –көсір дүниенің арасында шалқып,молшылықта өмір сүріп,тағамның небір түрін жеп жүрген адам мен жоқшылықтың қыспағында жүрген адам мен жоқшылықтың қыспағында жүрген,жейтін асы санаулы адамның арасында  үлкен айырмашылық барын айтқан.Айтуынша,ауылдық жерде,шөл далада өмір сүріп,арпа,жүгері секілді қарапайым тағамдарды тұтынатын адамдардың  дене бітімі  ширақ, түр-түсі реңді, әдемі, мінез-құлқы қалыпты, ілімге зейіндері алғыр болып келеді. Тіпті, шөлді, құрғақ жерде тіршілік ететін жануарлардың терілері мығым, кескін-келбеті әдемі, ағзалары үйлесімді және жақсырақ екендігін айтады. Ал әр түрлі жеміс-жидек пен көкөніс өсетін молшылық жерлерде  өмір сүретін һәм өлшеусіз ішіп-жейтін адамдар таяз ойлайтын, дене бітімі ебедейсіз болып келетінін айтады.Ол кісі мұның себебін былай түсіндіреді: «Көп тамақ жеу ағзада жағымсыз иістерді туғызады. Сол себепті  ағза өсіп жетілу барысында тепе-теңдігін жоғалтады  және семіздіктің себебімен түсі тартымсыз һәм түрі  ұсқынсыздау болады. Осылай тамақтанған адамның миы, ақыл-ой және ойлау қабілеті бәсеңдейді. Нәтижеде  уайымсыз салғырттыққа, ғапылдыққа душар болып,бүкіл жақсы қасиет атаулыдан мақұрым қалады».
       Ибн Халдун көп тамақ жеудің тек денеге ғана  емес, мінез-құлық пен құлшылыққа да айтарлықтай  кері әсері барын айтқан. Оның айтуынша, жайлы   өмір сүріп, жылы жұмсақ тағамдарды тұтынатын  адамдарға қарағанда жоқшылықта, таршылықта  ғұмыр кешетіндер әлдеқайда діндар,әрі құлшылыққа  ықтиятты болып келеді. Тіпті, көп ет жейтін, небір  түрлі тағамдарды тұтынатын адамдардың жүректері  қатты һәм ғапылдыққа жақын болатынын, сол себепті қалада өмір сүретіндердің арасынан діндар адамдардың аз шығатынын, құлшылыққа құмар, дүниеге деген қызығушылығы жоқ адамдардың таршылықта өмір сүретіндердің ішінен шығатынын айтады. Сондықтан ,мүмкіндігінше тамақты аз жеу қай қырынан болсын пайдалы екендігін білдірген.
        Сөз соңында айтарымыз, мүмін адам харам ас пен сусындардан тыйылғаны секілді адал астың да   денсаулыққа зиянсызын таңдап, талғап жеуі һәм белгілі  бір өлшеммен тұтынуы қажет.Негізінде, «Ағраф»
сүресінің 31 – аятында «(Алланың өздеріңе берген нығметінен) ішіп-
жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар. Өйткені Алла ысырапқорларды ұнатпайды
» аяты тамақтану мәселесінде мұсылмандар  қандай өлшемді ұстану керектігін  білдірген және бұл уәжіп.Себебі, аятты ішіп жеудің мүбах етілуін ысырап жасамау шартына тәуелді еткен.Тәпсіршілер де қажеттіліктен тыс көп жеудің ысырап екенін білдірген.

*1. Уәжіп (араб: واجب‎) - орындалуы дәл парыз секілді талап етілмеген, бірақ нақты дәлелдермен айқындалған іс-әрекеттер мен міндеттер. Мысалы, құрбандық шалу, айт намаздары және т.б. Уәжіптің үкімі парызға ұқсас, яғни орындаған адам сауап алады, орындамаса күнәлі болады. Бірақ сенім тұрғысынан алғанда Уәжіп парыз емес. Уәжіпті теріске шығарған  адам діннен шықпайды. Бірақ, діндегі бір өмірді теріске шығарғаны үшін үлкен күнәға баталы.

2. Мүбах- амалды орындаушы адам орындағаны үшін сауап та алмайды, орындалмағаны үшін күнәһар да болмайды.

3. Тәпсір — араб тілінен аударғанда мағынасын ашу, баяндау мағынасын береді.Тәпсірші (ислам дінінде) —  Құранның мағыналарын түсіндіруші, оның ішіндегі сенім, ғайып, хикметтер мен үкімдерге байланысты   аяттарға түсініктеме беруші.

Н.Қалдыбеков.Адал астың артықшылығы. —Алматы:Көкжиек  баспасы,2017. —126 б.



Бөлісу: