Ислам дінінде сиқыр, дуа, магияның шын мәнінде бар екендігі айтылады. Қазақ тіліндегі "сиқыр" сөзі араб тіліндегі "сихр" сөзінен шыққан. Сиқыр жасап, дуалау харам етілген іс және ең ауыр күнәлардың бірі. Оған Құран мен Сүннеттен дәлелдер жеткілікті: «Алайда шайтандар адамдарға сиқыр үйретіп кәпір болды»
(Бақара, 102); Алла Тағала былай дейді: «Олар өздеріне пайда бермейтін, керісінше зиян беретін нәрсені үйренеді» (Бақара, 102).
Пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.а.у.) де дұшпандары дуалап, сиқыр жасаған. Сол кезде Алладан Пайғамбарымызға (с.а.у.) «Фалақ», «Нас» сүрелері түскен. Құранның соңғы 2 сүресін Алла Елшісі (с.а.у.) күнделікті таңертең, кешке 3 реттен түрлі бәле-жаладан сақтану үшін оқыған.
⠀Ислам дінінде сиқыршылықтың бәрі жын- шайтандардан деп саналады.
Алла адамдар мен шайтандарды өзіне бағынып, құлшылық ету үшін жаратты. Және оларға таңдау жасау еркін қойып, Жерде еркін тіршілік ету мүмкіндігін берді. Шайтан тура жолдан тайып, Құдайға қарсы шықты. Енді оның жұмысы адамдарды да өзі сияқты адастырып, өзімен бірге тозақ отына алып кету еді. Сондықтан ол адамдарды сиқырмен, көріпкелдікпен айналысуға шақырады. Осы арқылы олар Аллаға емес, Шайтанға сенетіндерін мойындап, ширк келтіреді. Алладан теріс айналады. Шайтанның қалағаны да осы еді.
Сүннит бағытындағы ғалымдардың көбісі сиқырдың екі түрі болатындығын айтады:
1. Көзалдау, айлакерлік, фокус. Бұлардың шындық негізі, ақиқаты жоқ нәрселер. Десек те қалай жасалатындығы жасырын, құпия болғандықтан бұл амалдар сиқырға жатады. Алла Тағаланың «Олар лақтырғанда адамдардың көздерін сиқырлап, көкейлеріне үрей ұялатты...» (Ағраф, 116); «Ол: «Жоқ, сендер лақтырыңдар», – деді. Сонда олардың жіптері мен таяқтары олардың сиқырларының әсерінен оған жорғалап бара жатқандай елестетілді» (Таһа, 66) деген аяттарында сиқырдың осы түрі жайында айтылып тұр. Яғни, таяқ жылан болып елестеді.
2. Адамның денесіне әсер ететін, негізі бар сиқыр түрі. Бұған Алла Тағаланың «Сол арқылы ер мен жұбайының арасын ажыратады» деген аяты (Бақара, 102) дәлел болады. Сиқыр арқылы біреудің арасын бұзу, ауру жіберу қазіргі таңда көптеп кездеседі. Дуалау арқылы ара қатынасты, отбасыны ойран етіп жатқан жайттар да аз емес. Осының бәрі жын-шайтандардың әсерінен болады. Адамның сап-сау жүріп ауруға айналуы. Көбінде психологиялық ауытқулар шизофрения, өмірден түңіліп суицид жасауға тырысатындар. Қазақта «жын ұрған» деп жатады ғой міне, сол шындық.
Адамның ішіне жын кіріп кететін жайттарды қарастырсақ. Сол жынды шығару процесі видео-ға түсіріліп, желіге жиі салынатынын көріп жүрміз. Осы сиқыр жындардың тікелей қатысымен болады. Және сиқыршылар өз амалдарында жындарды пайдаланады. Олардың кесірінен сиқыр жасалған адам ауыра бастайды. Өзін жайсыз сезіну , жолы болмау, проблемалардың көбеюі, өмір сүргісі келмеу сынды қиындықтарға тап бола бастайды. Бұл сиқырды жою үшін арнайы діни білімі бар, иманы мықты Құранды жатқа білетін қари кісіге жүгіну керек. Мысалы Шейх Абдурраоуф Бен Халима «Рукья» арқылы дуаланған адамдарды жынның әсерінен емдейді екен.
«Руқия» дегеніміз шариғатқа сай көз тию мен жындардың тигізген залалынан емдеу. Оның барысында Құранның аят-сүрелерін оқу арқылы Алладан жәрдем және ем сұрайды. Сонымен қатар шейх Бен Халима жын шығарумен де айналысады. Бар болғаны оның есімін Ютуб желісіне терсеңіз, оның каналы шығады. Ішінде пайдалы әрі қызықты ақпараттар көп. Және шейх өзінің рукья оқуы мен жын шығару әдістері жайлы өзінің жеке сайтында бөлісіп отырады. https://ruqya.ca/ben-halim/
Жынның адам ішіне кіруі екі жағдайда болуы мүмкін екен. Біріншісі: адам діннен өте алыс болса, лас жүріп, жындар жүретін жерді, күлді басып, түнде жалғыз жүріп, тастанды үйлерде қонатын болса, Жын кіруі мүмкін. Екінші жағдайда, жын сиқыршыға қызмет етеді. Сиқыршы біреуге ауру, дуалау жіберетін тапсырыс алып, оны жынға тапсырады. Ол сиқыршының айтқанын орындап, адамның ішіне кіреді. Адам қатты шошынған сәтте де кіре алады. Имамдардың айтуынша дінді таза ұстанған, аузында Алла жүретін адамға жындар зиян тигізе алмайды. Барлығы Алланың қалауымен ғана болады делінген: «...Олар ешкімге де Алланың рұқсатынсыз зиян бере алмайды...» (Бақара, 102).
Сиқыр (дуа) үкімі – ХАРАМ! Өте үлкен күнә болып есептелуінің мәні ширкте жатыр. Аллаға серік қосу кәпір болумен тең екен.
Сиқыр жасағандар да , көріпкел, балшы, тәуіпке барғандар да күнәһар. Бір хадисте Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Кімде-кім бақсы-балгерге барып, оның айтқанын растаса, ол сол заматта Алланың Мұхаммедке (с.а.с.) түсіргенінен (яғни, Ислам дінінен) шығып кетеді. Және қырық күн бойы намазы қабыл болмайды». Табарани риуаят еткен. Сиқыр жасатушы да, жасаушы да күнәға батып жатыр және түбі азапқа ұшырары хақ!
Дуалау мен сиқырдан қалай сақтанамыз? Барынша таза жүру, дәрет алу, ғұсыл. Тиісті сүрелер: «Аят аль-Курси, Нас, Фалақ» , дұғалар, намаз оқу, Құран оқып жүру. Құран оқи алмасаңыз, жиі аудиосын тыңдау. Бақара, Ясин сүрелерінің таспасын бір уақыт үйдің ішіне қосып қою. Руқия арнайы аят-сүрелер жинағын ютуб желісінен қоса аласыз.
⠀Пайғамбарымыз (с.а.у.) әрбір түні ұйқы алдында екі алақанын қосып оларға Ықылас, Фалақ, Нас сүрелерін оқып үрлеп, басы мен жүзінен бастап денесінің алдындағы бөлігінің қолы жеткен жерін сипап, солай 3 рет жасаған (Бұхари). Және таң намазынан кейін де қайталаған абзал.
Болашақты, ғайыпты білуге ұмтылу және соған сену діннен шығумен тең. Дінімізге қарсы тірліктен аулақ жүрейік.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Философия және Саясаттану факультеті
Дінтану мамандығының 3 курс студенті:
Жармұхаметқызы Әсел
Жетекшісі: Мұқан Нұрзат