Интернетсіз өмір...

Интернетсіз өмір...
жеке
блог

Ерте тұрған адам бірден компьютерге жүгіреді немесе қолына сматрфонын алады. Виртуалды әлем дамымай тұрып ұйқыдан тұрған адамдар алдымен жуынып, таңғы асын ішіп, гардеробқа баратын. Қазір де солай, әрине, бірақ барлығы интернеттен хабар алғаннан кейін. Кейде оянағаннан кейін әлемдік торға кірмесек күнделікті тіс жууды ұмытып кеткендей күй кешеміз. Таңертең тұра сала әлеуметтік желідегі парақшасын тексеретіндер күн санап артып келеді. Достарыңнан «What's app»-та хат келді ме, кім «Instagram», «Facebook», «Тwitter» желілеріне қандай жаңа дүниелер салыпты, почтаңды тексеру, пікірлерді оқу, кім сен жазған постқа немесе салған суретіңе лайк басты? Бұлардың білмесек көп нәрседен бейхабар қалатын секілдіміз. Өзіне ұнаған жаңалық порталдарынан көз жүгіртіп шығатындар да аз емес. Бұл жерде ең бастысы — уақытыңды бақылап отыру, керек кезінде желіден шығу. Неге дейсіздер ғой? Сіздің жұмысқа немесе сабаққа кешігуіңіз болмаса, көптеген жоспарыңыз осы себептен жүзеге аспай қалуы әбден мүмкін. Психологтар көптен бері жаңа интернетке тәуелділік деп аталатын ауруды айтып жүр. Бүгін де әлеуметтік сайттарға 3 минут сайын кіріп отыратын адамдарды көре тұра бұл жаңалықпен келіспеу мүмкін емес. Ғаламторға ауадай мұқтаж жандардың демалыс күндері назарын басқа нәрсеге аудару — қиынның қиыны.

Психолог Лариса Карпушенконың айтуынша аталмыш тәуелділікке көбінесе жалғыздыққа душар болған адамдар тап болады екен. «...Өзінің сырт келбетінен ұялатын қыздар, қатарластарымен қарым-қатынасы ойдағыдай емес жасөспірімдер — нағыз белсенді интернет қолданушылары. Уақыт өте келе олар реалды әлемде де тілдесу болатынын ұмытып кетеді...»,- дейді психолог.

Шын мәнінде Интернеттің мүмкіндігі адам сенбейтіндей дәрежеге жетті. Смартфондар лезде бір тілден келесі бір тілге аударып, оны сол мезетте оқитын болды. Әртүрлі гаджеттер жақындарың мен туыстарыңның туған күндерін еске салып, қан қысымыңды өлшеп, бір мәселе төңірегінде кеңес беріп, шешім қабылдауға үлес қосуда. Интернет бір жағынан жұмыс істеу кезіндегі ең қажетті құрал болса, бір жағынан ең көп уақытымызды алушы ресурс. Осындай техникалар маңызды рөл атқаратын заманда ең жақын досымыздың қоңырауы жаңа суретімізге қойылған 100 «лайктан» қымбат болады деген үміттемін. Адамға like емес, адам дос екенін ұмытпайық.