"Интернет-Дода" туралы бір-екі ауыз...

Массагет. кз жүлдегер! Массагет. кз жүлдегер!

Осы бір ауыз сөз Массагеттің айналасында жүрген үлкенді де, кішіні де шексіз қуанышқа бөледі.

Тіпті сенгіміз келмеді. Аспаннан бір нәрсе сап ете түскен тәрізді.

Марапаттауды «Астаналық» бизнес орталығының ішіндегі француз мейрамханасында өткізбек болыпты. Бұл жаққа алғашқылардың бірі болып келдім. Келсем, Интернет-дода деген үлкен плакат пен анау жерде мен мұндалаған фуршетте бес-алты адамнан басқа ешкім көрінбеді.

Не керек, марапаттау басталды. Марапаттауға санаулы телеарна келді. Бір-екеуі жүлдегер сайттың өкілі ретінде менен сұхбат алды. «Қуаныштымын, ұйымдастырушыларға рақмет» деп сұхбат бердім.

Расымен қуанышты едім.

Сыйлықтарды бере бастады. Жүлдегер сайт ретінде бізге айпад берді. Ал номинация иелеріне "кірпіш" нокиа ұстатты.

Санаулы ғана сайт иесі мен күштеп әкелінген бе, білмедім, сол жерді толтырып тұрған студенттер ғана қатысқан марапаттау жұтаң қалыпта өтті.

Алматыдан Массагеттің басы-қасында жүрген адамдар қайта-қайта хабарласып, мән-жайды біліп отырды. Марапаттаудың жүдеу өткенін айттым.

Не істерімізді білмедік. «Осы марапаттаудан сайтқа материал береміз бе, жоқ па?» деп басымыз қатты. Марапаттауды хабарламайын десек, барлық сайтқа марапаттау туралы материалдар шығып кетіпті. Кәдімгідей ыңғайсыз жағдайға қалдық.

Расымен не қуанарымды, не қуанбасымды білмей дал болдым. Қуанайын десем, белгісіз мақсатта жұмсалған 6 миллион алдымды кес-кестейді, қуанбайын десем... Тәй-тәй басқан Массагет 1 орынға лайық деп табылыпты...

Кейбір сайттар «Массагет байқаусыз-ақ үздік сайт» деп баға беріп жатты. Екінші біреулер Массагет бұл байқауға бекер қуанды деп айыптады.

Бүгін біз бәрібір әділдік туының желбірегенін қалаймыз... Өйткені менің ойымша, бұл – қазақ интернетін ашықтан-ашық мазақ қылу. 

Мұндағы мақсатымыз да оқырманға айқын болар, сонда да айта кетуді жөн көрдім. Қазақ тілінің жанашырлары топтасқан, қазірде "Қазнет" деп айтып жүрген ортамыз бар. Сайтымыздың өзгелерден бөлінгенін емес, қайта жұмыла жұдырық болуды, бірге болуды ойладық. Деңгей туралы әңгіме басқа, десек те, қазақ сайттары қазір бір атаның балалары емес пе? Ойымыз осы.

Біз айпадты, сертификатты қайтарып беретінімізді айттық. Жүлдегер сайттар біздің осы бастамамызға қосылады деп сенеміз.



Бөлісу: