Инстаграм желісін қолдану қағидалары

Инстаграм желісін қолдану қағидалары
жеке
блог

Түнге қарай ойлар ұйықтатпағанда пост жазғым келіп инстаграмға кіретінім бар. Ескі жазбаларды Массагетіме де жариялап қойсам артық етпес. 

Инстаграм... Бұл бізге не үшін керек өзі? (Көпше түрде жазғаныммен, барлығы өз басымдағы жағдай деген сөз емес). Таңертең ұйқыдан тұра сала, "біссіміләмізді" айтпастан, ұйқылы-ояу парақтап шығамыз. Суреттерді көрер-көрместен жыпырлатып өткізіп, лайк басамыз.
Пайдалы ақпаратпен (рецепт, кітап туралы, жаңалық) бөліскіңіз келе ме?
Қуанышыңызды барлығына бір-бірлеп хабарламай, бірден жариялағыңыз келді ме?
Жазылушылар басқан лайк пен жазған пікір арқылы көңіліңізді көтергіңіз келді ме?
Жай ғана суретіңізді жоғалтпай сақтап қойғыңыз келгеннен бе?
Басқа қандай пайдасы бар? Зияны одан көп емес пее?

"Жұлдыздарға не үшін жазыламыз?" Жазылушылар санын көбейтіп, оларды халық алдында жарыстыру үшін? Қай жерде қыдырып, не киіп, не жеп жүргенін білгендегі мақсатымыз қандай? Жұрт өсектеп жатқанда, тыс қалып қоймау үшін бе? Миды пайдасыз ақпаратпен толтырып, көздің соры болғанша, сағаттап отыратын уақыт орнына көптен хабарласпаған жақынымызбен сөйлессек қайтеді? "Өткенде лайк бастым ғой, ол "құтты болсын" дегенім, оның алдындағысы "сағындым" дегенім", – деді біреу. "Әр лайктың мәнін түсіну" деген кітап шықса да таңғалмаспыз. Нарқы алтыннан қымбат уақытты өзіміз босқа балталамай, басты мәселеге БАЛА ТӘРБИЕСІН қоятын уақыт жетті. Өзіміздің отырысымыз осы болғанда, ертең балаларымыз телефоннан бері келмейтін, адамға қарап тіл қатпайтын болса, өзімізден өзге кінәлі таппаспыз! (26.05.16)

Лайк басатындар: 
38% - Көңіл үшін өтірік қоя салатындар.
20% - Ашылмаған, көрмеген суреттің үстінен екі рет баса салатындар.
18% - өзіне "жауап лайк" қалайтындар.
11% - сурет шынымен көңілінен шыққандар.
8% - фотода ортақ танысын байқап қалғандар.
5% - жүрек ақ түсті болып тұрғанын ұнатпайтындар.
Сіз қай пайызды құрайсыз?
Н.А. (Негізі айтпағым): Неге сонша құнсызға құмартып кеттік? (19.10.16)

Инстаграм желісін қолдану қағидалары:
– 60-тан артық адамға жазылмау;
– әр суретке бір адамға болса да ой саларлық мәтін жазу;
– келесі суретті арада 4-5 күн өтпей жарияламау;
– бір күнде екі суреттен артық салмау;
– мейлінше шынайы түсірілген, сапалы сурет жариялау;

– таныс-бейтаныстарға өмірім туралы есеп бермеу;
– жеңіл әзілге құрылған мән-мағынасы жоқ видеоларды көріп, уақыт жоғалтпау.
– «интересное» парақшасына кіріп, бейтаныс әлеммен миды мазаламау (18.11.16)