Жаһандық мәселелер еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне біршама өзгерістер әкелуде. Жаңа жаһандық білім беру бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде Қазақстан басқа да мемлекеттер секілді барлық адамның өмір бойы сапалы білім алуын қамтамасыз етуге міндетті. Осы қағидаттан білім беру ұйымдарында ерекше білім берілуіне қажеттілігі (бұдан әрі – ЕБҚ) бар білім алушыларды оқытуға, әлеуметтендіруге қатысты мәселелер қайта қарастыруды қажет етіп отыр. Осы тұста елімізде ЕБҚ бар білім алушыларға кәсіптік бағдар беру бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр және жеткілікті деңгейде ме деген сұрақтар туындайды.
ЕБҚ бар білім алушыларға кәсіптік бағдар беру жұмыстарын ұйымдастыруда мәселелер жеткілікті. Сондықтан да аталмыш жұмыстарды ұйымдастыруда олардың денсаулық жағдайларын, психофизиологиялық мүмкіндіктерін, психологиялық, әлеуметтік ерекшеліктерін, қабілеттерін, қызығушылықтары мен бейімділіктерін ескере отырып, кәсіптік білім беруге қабілеттерін анықтау мен кәсіптік бағдар беруде жүйелі түрде қолдау қажет.Сонымен қатар білім алушылардың әлеуметтік интеграциясын ескеру қажет. Білім алушылар арасындағы байланыстарды дамытып, өзара түсінісу мен ынтымақтастық іс-әрекетін кеңейту қажет. Өйткені ЕБҚ бар білім алушылар жай ғана қарапайым тұлғааралық қатынастар негізінде әлеуметтік өмірдің барлық түрлері мен формаларына қатысу үшін өз мүмкіндіктерін шыңдап, кеңейте алады.
ЕБҚ бар білім алушыларға кәсіптік бағдар беру жұмыстарын ұйымдастырудың әлемдік тәжірибедегі көрінісіне зерттеу жүргізсек, көптеген дамыған елдерде (Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея) ЕБҚ бар балаларға кәсіптік бағдар беру бойынша, мүгедектерді жұмыспен қамту бойынша бірқатар нормативтік құжаттар әзірленген, Білім, Еңбек, Денсаулық сақтау және т.б. министрліктердің өкілдерінен құрылған ведомствоаралық үйлестіруші комитеттер қызмет етеді.
Кәсіптік бағдар беру жұмыстарын ұйымдастыру әр елде түрліше ұйымдасқанымен, барлық дамыған елдерге тән ортақ сипат – білім алушыларға кәсіптік бағдар беру мен жастарды жұмыспен қамтуды білім беру жүйесінің әртүрлі институттары мемлекеттік және жеке агенттіктер желісімен бірлестікте ұйымдастырады. Сонымен қатар, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, инклюзивті білім беруді жүзеге асыру, оның ішінде ЕБҚ бар балаларға кәсіптік бағдар беру мемлекеттің экономикалық дамуына айтарлықтай әсер етеді. Мысалы, ЮНЕСКО мәліметтеріне сүйенсек, Еуропа және Орталық Азиядағы халықтың еңбекке жарамсыз бөлігі жалпы әлемдік ЖІӨ-нің 35,6%-ын құрайды, Дүниежүзілік банк деректеріне сүйенсек, мүгедектік салдарынан жоғалған ЖІӨ-нің жалпы құны $1,4-$1,9 млрд. аралығын құрайды.
Қазақстан Республикасында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында экономиканы дамыту және әлеуметтік проблемаларды шешу мәселелеріне ерекше назар аударылған. ҚР Президенті Қ. Тоқаев білім беру сапасын арттырудың маңызды бағыты ретінде мыналарды атап өтті: «Біздің елімізде еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесі әлі күнге дейін әзірленген жоқ. Шын мәнінде, мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалған. Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады. Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде. Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс».
Қазақстанда қазіргі уақытта ЕБҚ бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша түрлі жобалар іске асырылуда. Олардың ішінде ЕБҚ бар балаларға кәсіптік бағдар берудің оң үлгісі ретінде Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласындағы «Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Ақ ниет» мектеп-интернаты» КММ жұмыс тәжірибесін айтуға болады. «Рухани жанғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Ақ ниет» мектеп-интернатында «Ақ ниет» құзыреттілік орталығы – «FAB LAB – Аbilympics» ашылды. Орталықтың мақсаты – «Абилимпикс» халықаралық қозғалысының кәсіби шеберлік конкурстарының бағыттары бойынша тәрбиеленушілерде кәсіби құзыреттілікті қалыптастыру.
«Абилимпикс» құзыреттілік орталығы білім беру ұйымының базасында құрылған оқу орталығы болып табылады, оның міндетіне конкурстық тапсырмаларды әзірлеу, оларды жұмыс берушілермен келісу, жарыстар үшін сарапшыларды дайындау және аккредиттеу, кәсіптік инклюзивті білім беру жүйесіне үздік әлемдік тәжірибені енгізу кіреді.
2015 жылы Green TAL кәсіпорны Эмин Аскеров әлеуметтік шеберхана құрды. Green TAL мүмкіндігі шектеулі адамдарды оқытады және оларға жұмыс орындарын ұсынады. Әлеуметтік жобаның негізгі мақсаты халықтың әлеуметтік осал топтарын (мүгедектер, балалар үйінің түлектері, жалғыз басты аналар, бұрынғы қамаудағылар) жұмысқа орналастыру болып табылады. Қазіргі уақытта шеберханада ағаштан, тоқымадан және киізден жасалған бұйымдар, сөмкелер мен төсек-орын жабдықтары, құрылысшыларға арналған арнайы киім, кестелеу, кружкалар мен футболкаларға, күнтізбеге және визитницаға логотип енгізумен сурет салу, кез келген күрделіліктегі қабырғалардың коммерциялық декоры, тапсырысқа арналған суреттер, жұмыстың т.б. түрлерін жүргізеді.
Әлеуметтік кәсіпорынның арнайы білімі жоқ қызметкерлері алдымен оқудан өтеді, содан кейін шеберлер командасына қосылады. Қызметкерлер үшін үнемі біліктілікті арттыру курстары өткізіледі. Әлеуметтік шеберхана оларға өз әлеуетін жүзеге асыруға көмектеседі.
Еліміздегі әр деңгейдегі оқу орындарының өзара тығыз қарым-қатынасының бір мысалы ретінде Көкшетау қаласының «№1 Арнайы мектеп-интернаты» КММ мен «№3 агротехникалық колледж» КММ ынтымақтастығын атауға болады.
ЕБҚ бар білім алушыларды әлеуметтендірудің тағы бір мысалы ретінде интернет технологияларының инновациялық мектебін – «Innovative school of internet technologies» келтіреміз. IT білім берумен айналысатын ISIT мектебі адамдарды басынан бастап оқытады, мамандықты ауыстыруға көмектеседі. ISIT-мектебінде интернет-маркетинг, веб-дизайн, бағдарламалау және мобильді қосымшаларды әзірлеу бағыттары бойынша күндізгі және онлайн оқыту жүргізіледі.
Мектеп барлық ниет білдірушілерді оқытады, бұл ретте халықтың әлеуметтік осал топтарына және мүмкіндігі шектеулі адамдарға жеңілдіктер қолданылады. Мектептің негізін қалаушы жас кәсіпкер Әмір Сүлейменов. Апатқа ұшырап, жүру мүмкіндігінен айырылған жас жігіт беделді компанияларда бағдарламашы мамандығын игереді. Бұл білім оған ТМД-ның ірі компанияларына жұмысқа тұруға мүмкіндік берді.
Білім беру жүйесінде ЕБҚ бар білім алушыларға кәсіптік бағдар беру жұмыстарын ұйымдастыруда олардың нақты денсаулық жағдайы мен шектеулеріне, қызығушылықтарына, бейімділігіне, қабілеттері мен мүмкіндіктеріне сәйкес болу принципін ұстану қажет. Оларды кәсіптік бағдар беру жұмыстарына табысты бейімдеуде отбасының, мектептің және жұмыспен қамту мекемелелерінің өзара іс-әрекетін дұрыс ұйымдастыру маңызды.
Осылайша, кәсіптік бағдар және кәсіптік өзін-өзі анықтау «өмір бойы білім беру» парадигмасын іске асыру үшін қажетті құзыреттілікке ие болудың маңызды шарты болуы тиіс.
C.К. Исмагулова
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы
Инклюзивті білім беруді дамыту орталығының директоры