Информатиканы қалай оқыту керек?

Жазылған мезгілі 1.04.2012                                               https://nemosapiens.yvision.kz блогымда жарияланды.

Қазір компьютер заманы, әрине, көпшіліктің үйінде бұл техника бар, әсіресе балалар оны өте тез үйренеді. Мектепте үйінде компьютер бар және жоқ баланың айырмашылығы кәдімгідей білінеді. Кішкентайынан компьютерде істеп, ойнап өскен баланың көңіл-күйі, ойлауы мен білім қабылдауы сергек екені бірден көрінеді. Ал басқа бала ауырлау қабылдайды, ойлау-сөйлеуі де баяулау.

Компьютермен өскен бала қатты білімдар болып кетпейді, тек білім алуға, яғни оқу-тәрбие процесіне ыңғайланды және оған дайын деген сөз. Оқу-білім алуға ең қажетті алғашқы бейімділіктер - сергек ойлау, ақыл-парасатпен әрекет істеу, ақпарат қабылдау, шыдамдылық пен сабырлылық - компьютер арқылы тез қалыптасады.

Жалпы, бала мектеп қабырғасында 1-2-ден бастап 6-7 сыныптарға дейін-ақ компьютер сыныптарында өз дағдыларын жылдам қалыптастырып алады. Бұл осы жастағы балалардың тез үйренгіштігінің арқасында. Олардың неге болса да қызығып, қағып алып тұратын кезі. Ал жоғары сыныптарға келгенде балалардың көңілі әр саққа түсе бастайды, айналадағы өмір-тірішілікке қарайды, адамдарды тыңдайды, ойынға беріледі, неге болсын қызығушылығы күрт төмендейді. Қызығады, бірақ бір нәрсеге тиянақтап, тоқтап, соңына түспейді. Тереңдеуге мұршасы жетпейді. Сондықтан информатиканың да күрделі мәселелеріне, теориясына көбіне жасөспірімдерде зауық жоқ. Тіпті компьютерді жақсы меңгерген деген баланың өзі күнделікті практикада ғана мықты, яғни компьютерді ортан қол қолданушы деңгейінде қалып қояды. Ал информатика саласының маманы болу үшін өте терең білім керек, өте үлкен ізденіс пен ой еңбегі қажет. Қазіргі замандағы ақыл-ой еңбегін ең көп талап ететін сала бұл, ең жылдам дамып, күнделікті ақпарат-білім көлемі еселеп өсіп отырған ғылыми-технологиялық сала бұл.

Бір жағынан ойлаймын, осы біздің қазіргі информатиканы оқыту бағдарламамыз заманға сай емес пе деп. Былай қарағанда, қазір оқушыларға мектеп бітіргенше компьютердің құрылысы мен, айтайық, үйреншікті офистік не қолданбалы бағдарламаларды оқыта берудің қажеті болмай қалған секілді. Оларды балалар, алдын айтқандай, 7 сыныпқа дейін-ақ меңгеріп алады. Сондықтан информатиканы 7 сыныптан бастап басқаша оқыту дұрыс сияқты. Мысалы, информатика пәнін екі бағытқа - жалпы информатика және компьютерлік бағдарламалау - деп екіге бөлектеп, екі пән ретінде оқыту дұрыс сияқты. Бұл екі бағытта оқыған балалар кейін гуманитарлық-қоғамдық және жаратылыстану-математика бағыттарына жеңіл түсіп кете береді. Сол кезде ғана жалпы информатиканы да, компьютерлік бағдарламалауды да тиянақты көңіл бөліп, тереңірек оқыту мүмкін болар еді. Әрине сағат санын көбейту де керек шығар.

Ал қазір информатика пәнін оқытуда, шындап келгенде, әр мәселенің басын бір шалып өтеміз, әншейін таныстыру, экскурсия секілді. Жүйелі түрде тереңдеп оқуға уақыт жоқ. Аптасына бір сағат кімге және неге жетеді! Мысалы, бір бағдарламалау тіліне сенімді негіз қалау үшін аптаның алты күнінде бір сағаттан берсе де көптік етпейді.

Жалпы компьютерлік бағдарламалау тілдерін мектепте оқыту туралы жеке көзқарасым бар.

Меніңше, көп ұзамай-ақ компьютерге қажетті бағдарламаны арнайы бағдарламалар сұраныспен жазып беретін болады. Яғни бағдарламашы бағдраламалар заманы келе жатыр. Мысалы, қазір сайтты автоматты түрде құрастырып алуға болатын CMS бағдарламалар өте көп. Ешқандай HTML, PHP, JavaScript деген тілдерді білмей-ақ сайтты өзіңіз құрастырып ала бересіз. Дәл сол сияқты, қалаған бағдарламаңызды өзіңіз-ақ құрастырып алатын боласыз. Онда... бағдарламашының кімге керегі болады?! Керегі болар-ау, бірақ сұраныс күрт азайса керек деген ойдамын.

Мысалы, қазір антивирустік бағдарламалар саласын Kaspersky, DrWeb, Norton, ESET деген сияқты компаниялар билеп алған, олардан асып кетер енді ешкім жоқ. Антивирустық бағдарлама жазуға қазір сұраныс жоқ десе де болады. Міне осындай жағдайлар мені жоғарыдағы пікірге алып келді. Сондықтан, мектепте бағдарламалаудың орнына ең жаңа ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пайдалануды көбірек үйреткен дұрыс деп есептеймін. Интернеттен ақпарат іздеу-талдау, интерактивті оқу, желілік оқу технологиялары, ICQ, Skype, Messenger сияқты интернет-байланыс құралдары, әлеуметтік желілерді және блогтар мен сайттарды пайдалану салаларына күш салу керек. Яғни әрбір оқушы қазіргі дүниежүзілік ақпараттық әлемге қиналмай шығып, оның мүмкіндіктерін толық пайдалана алуы тиіс. Ал бағдарламалаушы болуға қызыққан балаларды арнайы мектептер оқытсын. Музыка немесе ғарышкерлер мектебі секілді программистер мектептерін ашу керек.

Бұрын орта мектепте астрономия пәні болды. Аптасына бір сағат. Шындығында оны математика және физика, тіпті еңбек сияқты пән мұғалімдері өз сабақтарын өтуге пайдаланды. Солай пәлен жыл дегенде ғана оны жойып, физика пәніне қосып жіберді. Ол жерде де астрономия "аппендикс" сияқты күн кешуде. Информатика да соның күйін кешпесе деп қорқамын. Оқулықтарының өзі қозықұйрықтай көбейіп, мұғалімнің миын ашытып жібергені қашан. Олардың сапасы туралы айтсам, көзімізге жас келер еді.



Бөлісу: