Илья Бисеров: «Ел киноға демалу үшін баруы керек»

Отандық прокатқа келесі айдың ортасында «РОМКОМ. Холостякам тут не место» («РОМКОМ. Бойдақтарға мұнда орын жоқ») атты түркиялық комедия шығады. Қатардағы көп фильмнің бірі деуге келмейді, себебі фильмді орыс тіліне қазақстандық компания аударды. Осы жоба және жалпы ел дубляжы туралы маман ойын білу үшін «КС» туындының аударма режиссері Илья Бисеровтен сұхбат алды. Назарларыңызға ұсынамыз.

«РОМКОМ. Холостякам тут не место» жобасы туралы

«AiN ENTERTAINMENT» компаниясының тапсырысымен біз екінші рет фильмді аудару жұмыстарын қолға алып отырмыз. Алғашқысы «Коктейль» еді. Ол бір қайтымы жақсы, қызықты, жағымды әсер қалдырған жоба болды. Қазіргі «РОМКОМнан» да сондай үміт күтіп отырмыз. Жалпы, тапсырыс беруші компаниямен әу бастан дұрыс қарым-қатынас орнатып алдық, барлық жұмыс жеңіл жүріп жатыр.

«РОМКОМ» туралы нақты ештеңе айта алмаймын, себебі көрерменнің бағасын алған жоқпыз, ал бұл біз үшін үлкен маңызға ие. Алайда ішкі сезімім бәрі жақсы дейді. Аудару барысында қиындықтар болған жоқ, актерлік құрам да, жалпы көңіл-күй де керемет болды, жұмыс жеңіл жүрді. Дубляж жұмыстарын аяқтап, тапсырып қойдық.

Фильм «Коктейль» секілді сізге демалыс сыйлайды, миыңызды тынықтырады.

Актерлік құрам туралы

Жақсы материал дайындау үшін бар салмақты кәсіби актерлерге саламыз ғой, әрине. Бірақ, олар, шын мәнінде, көп емес. Сондықтан кастинг өткізуге тура келді. Бұл ешқандай да пиар-акция емес, бізге расында жаңа дауыстар қажет. Әсіресе, жас дубляж мамандары жетіспейді.

Ынтасы бар, аудармамен айналысамын деп келген елге үйретуге тырысып бағып жатырмыз. Жас актерлер теориялық тұрғыдан білгендерімен, қалай дем алу керек, қалай микрофонмен жұмыс істеу керек, қолды қалай сермеп, кейіпкердің бейнесін қалай ашу қажеттігін түсінбей жатады. Осының бәрін үйретеміз.

Халық арасынан шығатын таланттар немесе ән айтатын, өз дауысын өзі сырттан естіп, білген адамдар қуантады. Олармен жұмыс жасау оңай.

Роман Жуковты ерекше атап өткім келеді. Бірінші рет дубляж жұмыстарына қатысып отыр, бірақ бірден алып кетті, өз кейіпкерінің мінез-құлқын аша алды. Болашағынан үміт күтемін.

Аударма туралы

Әрине, кез келген жоба өзінің ұлттық ерекшеліктеріне ие. Соны көрерменге дұрыс жеткізу үшін аударма кезінде қосымша «әрлеу-сырлау» жұмыстары жүргізіледі.

Жеке өзім фильмді түрік тілінен аударған Диана Сабазоваға көзсіз сенемін, бұл маманның аударма жұмыстарымен айналысып келе жатқанына 10 жылдай болды және түркиялық тақырыпты жақсы біледі.

Аудармашы шығарманың тереңдігін, мәнін жеткізуде қателеспеуі керек, ал қосымша бейімдеу жұмыстарын біз жүргіземіз.

Қазақстандық дубляж мектебінің ерекшелігі туралы

Қазақ тіліне дубляждау мектебінің негізі бізде қаланып қойылған, ол бар. Бірақ, бір кездері сол мектепті жоғалтып алдық. Оған дубляжға деген көзқарастың өзгеруі себепші болды: біз жылдам, арзан жасауға тырыстық. Кадр сыртында екі, кейді тіпті бір адамның дауысымен-ақ аудара беретінді шығардық, техникалық қажеттіліктерді де ескере бермедік. Ал көрермен ақымақ емес, бәрін түсінеді, оны алдай алмайсың. Қазір бұл жағдай жақсы жаққа қарай өзгеріп жатыр. Ең бастысы дубляжға деген қарым-қатынас өзгерді.

Орыс тіліне аударуға келсек, біздің ресейлік дубляждан пәлендей айырмашылығымыз жоқ. Біздің аға толқын сол бір ВГИК-тың (Всероссийский государственный университет кинематографии – Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институты), Щукин атындағы театр институтының шекпенінен шыққан ғой. Оларда тек мықты база бар. Біздің Жүргенов атындағы институтта мұндай мектеп енді қалыптасып келе жатыр, қателеспесем. 

Жалпы дубляждың бір-бірінен айырмашылығы аз болу керек. Ол материалдың тереңдігін, мәнін жеткізуге байланысты. Яғни, бірнеше елде, бірнеше тілде бір кейіпкер бір сипатта сөйлеуі тиіс. Оның мінезі, сөйлеу мәнері барлық жерде бірдей болуы қажет. 

Қазақ тіліне дубляждау туралы 

Көрерменді киноға бару мәдениетіне үйрету қажет, оны әдет ретінде қалыптастыру керек. Бізде қазақ тіліне аударылған жобаларға қатысты осы әдет жоқ. Ол бірте-бірте келетін дүние. Қазақша сөйлейтін аймақтардағы кинотеатрлар дамуы да маңызды. Елдің киноға дубляждалған фильмді зерттеу мақсатында яки «қалай аударды екен, білейінші» деп емес, демалу үшін барғаны керек.


Фильм туралы ақпарат:

Туынды отандық прокатқа осы жылдың 17 қазанында шығады. Жылдың басында Түркияда, Германияда және Ұлыбританияда көрсетілген комедия өз елінде алғашқы уикендте 3 млн доллар табыс тауып, 2013 жыл прокатының үздік бестігіне кірген болатын. 

Сипаттамасы: Бұл фильмді идеалды қарым-қатынас құру үшін ең батыл, тіпті ойға қонымсыз іс-әрекеттерге баратын нәзік жандыларға арналған нұсқаулық десе де болады. Бұл фильмді "Сендерге не керек!?" деген сұраққа жауап табу жолында құпияға толы әйел жанында адасып кеткісі келмейтін еркектерге арналған жол көрсеткіші десе де болады. Көрерменге ұнар қаһармандар, бәрімізге таныс жағдай және күтпеген оқиғалар комедияда кездеседі. 

Режиссер:  Эрол Озлеви
Продюсер: Мурат Токат
Сценарий авторлары: Аслы Зенгин, Джерен Аслан
Оператор: Джеймс Гуччардо
Композитор: Йылдырай Гюрген
Басты рөлдерде: Синем Кобал, Энгин Алтан Дузятан, Седеф Авджи, Джемаль Гюнал, Бурджу Кара, Гюрген Оз.

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/Wvk0HMmhns0","width":"560","height":"315"});



Бөлісу: