Иллюзия! «Trick eye museum»
блог
Сеулден жалынды сәлем! Сіздермен бір қызықты дүние бөліскелі отырмын. Сеул қаласының «Trick eye museum» деп аталатын 3D музейін таныстырайын. Мұнда келу менің идеям емес еді. Менімен бірге келген әріптес қыз Айнұрдың жоспарында осы жер бар екен. Метромен Hongik University стансасынан түсіп, жастар ауданын кезіп жүріп таптық-ау әйтеуір.
Сонымен, музейге кірер есігінен бастап бізді таңғалдыра бастады. Бұл музей адам көзімен бірге санасын да алдай алатын қасиетке ие. Тек ракурстың не екенін білсеңіз болғаны.
Ішіне кіре салып, сол таңғалған түріміз бірден солыңғы кепке ауысты. Қабырғалар мен еден лас. Ана бір, мына бір жерде қағаздар шашылып жатыр. Бірақ бір келген жерді толықтай қарап шықпай кетпейтін әдетім бар. Сонымен, ішке дендеп кірген соң ғана төменге – жертөлеге түсуіміз керектігін ұқтым. Кассада кіру билетінің екі есікке жарамды екенін айтты. Біз «мұзды әлем» мен «иллюзия» бөлмелерін таңдап, бір билет құны – 15 мың вон бердік. Бұл 2639.21 теңге.
Музей үлкен емес, бірақ оған бір кірген адам 2-3 сағатсыз оңай шыға алмайды. Тек жалғыз бармасаңыз болғаны. Себебі сізді біреу суретке түсіру керек. Және әзіл мен тапқырлық керек. Мен мәселен Айнұр есімді журналист қызбен бірге бардым. Бастысы – әртүрлі позада тұрып, актерлік шеберлік көрсетуіңіз керек.
Бар құпияны айтайын, бұл жерде ешқандай ілініп тұрған картина жоқ. Мұның бәрі еден мен қабырғаға салынған сурет. Ал қалай, қай жерден түсіру керектігі белгіленіп тұрады. Мәселен дұрыс ракурс таңдау үшін еденге бағыт сызылған, ал түсетін адам қалай тұруы керектігін қабырғаларда ілінген үлгі суреттен біле алады.
Суреттер iPhone-мен түсірілді