Жас оқырмандардың ықыласына бөленген «Итбас» комиксін ана тілімізге тәржімалаудағы қиыншылықтар, Қазақстандағы комикс, мангалардың аударма жұмысы, заманауи аудармалардың талаптары мен мүмкіншіліктері, қазақ және әлем әдебиетіндегі айырмашылықтар, аудитория сұранысы т.б. өзекті тақырыптар жайында балалар әдебиетінің өкілі, иллюстратор, аудармашы Абылай Сұлтанмен сөз қозғаймыз.
– Абылай мырза, комикс, мангаларды аудару барысында сізге ең қиынға түскен не нәрсе?
- Шыны керек қазақ тілі бай тіл болғанымен әлем әдебиетіндегі кей сөздердің аудармаларын жеткізу оңай болмай жатады. Мысалы «Итбас» комиксін аудару барысында әткеншектің түрлерін аударуға қатты қиналғанмын. Жалпы әткеншектің түрлері көп қой: бір адамдық әткеншек, екі адамдық әткеншек немесе топ адамға арналған жалпақ әткеншектер. Ағылшын тілінде әрқайсысына әртүрлі атау берген. Одан соң, комиксте әткеншектің үш түрлі атауын да қолданған. Ал бізде тек қана әткеншек деп аталады. Қазақ тілінде бұл сөздердің баламасы болмағандықтан, оларға «қиқан», «серіппе» деген жаңа атаулар бердік.
- Сонда әлем әдебиетіне аударма жасауға қазақ тілінің сөздік қоры қауқарсыз болғаны ма?
- Жоқ, олай деуге келмес. Заман талабына сай жаңа ұғымдармен қатар жаңа сөздердің де қолданысқа кіруі заңды. Тек оларды өзге тілдерге жалтақтамай өз тілімізде атау беріп қолданған дұрыс. Орыс тілінің ықпалынан тек орысшаға аударылған сөздердің ғана қазақша жаңа баламасын енгізетініміз қынжылтады. Мысалы, айтып өткеніміздей орыстарда әткеншекті түрге бөлмей, тек «качеля» деп атайды. Біз де орыс тілінен тап сол күйінде «әткеншек» деп аударып, тек бір ғана сөзді қолданамыз. Негізінде барлық заттың өзіне сай жекелеген атауы болуы керек.
- Кітапты аударғанда қандай талаптарды басты назарға ұстау керек деп ойлайсыз. Мысалы кітаптың сюжетін немесе шығарманың бөліктерін, соңын өзгертіп тастау дұрыс деп ойлайсыз ба?
- Жалпы «Итбас» комиксін аударғанда ең басты назарға күрделі сөздерді қолданбай, қиындатпай, комикстің стилистикасын жоғалтпай бала тілінде аударуды мақсат тұттым. Комикс жеңіл тілде болғанымен балалардың сөздік қорын көбейту мен үшін басты талап. Қазақ оқырмандары әлемдік бестселлерлерді, заманауи әдебиеттерді өзге тілде емес, ана тілімізде оқуы керек. Туындыны көпшілікке түсінікті тілде сапалы аудару маңызды. Міне, осындай талаптар негізінде жұмыстанып жатырмыз. Ал туындының сюжетін, мазмұнын өзгертуді мүлдем дұрыс емес деп ойлаймын. Себебі бұл авторлық құқыққа нұқсан келтіреді.
- Кітапты аударуға қанша уақыт кетті?
- Бұл комикс болғандықтан ұзақ мәтіндер көп кездеспейді. Сондықтан бір, екі күнде аударып шықтым. Редакциялау да солай көп уақыт алмайды. Беттеуге бір, екі аптадай уақыт кетеді. Өзің ұнатқан іспен айналыссаң әрине тез-ақ аяқтауға болады. Сондықтан мен үшін кітапты аудару мүлдем қиын жұмыс емес. Бұрын мен Халықаралық Тезука атындағы комикс сайысына қатысқанмын. Бірақ белгілі бір себептермен комиксті уақытында жіберіп үлгермей қалғанмын. Құртқан күшім мен уақытым зая кетті деп күйініп, еңсеп түсіп кеткені есімде. Соның әсерінен комикс салуды доғара тұрып, біраз уақытқа сүйікті ісімнен қол үзіп қалғанмын. Алайда осындай тұйыққа тірелулердің, құлдыраудың, қайта тұрудың нәтижесінде шыңдалып келе жатырмын деп ойлаймын.
- Халықаралық жарыс деп қалдыңыз. Осындай жарыстарға қалай қатысасыз? Сізге жарыстарды біреу жіберіп отыра ма?
- Комикс, мангалар бізде жаңадан дамып келе жатқандықтан, бізде ұстаз жоқ.Сондықтан кез-келген жарыс, байқауларды өзім ғаламтордан тауып алып қатысамын. Әрі бұндай жарыстар қазақ, орыс тілінде болмайды, тек ағылшынша ғана өтеді.
- Өзіңізді балалар әдебиетінің өкілімін деп санайсыз ба, әлде иллюстратор ма?
- Екеуі де болар. Маған балалар әдебиеті де, ересектер әдебиеті де, комикстер де ұнайды. Себебі мен әрі кітап оқығанды, әрі сурет салғанды ұнатамын. Мектеп кезінде кітапты мұғалімдер ұрсып оқытатын, ұзын сонар мәтіндерді оқи беру мені жалықтыратын. Сол кезден бастап комикс, мангаларға деген қызығушылығым оянып, кейінірек қызығушылық сүйіспеншлікке ұласты. Болашақта балалар әдебиетінен ересектер әдебиетіне өткім келеді. Бұл менің басты мақсатым.
- Балалар әдебиетіндегі ең сүйікті жазушыңыз кім?
- Әлем әдебиетінен маған мангакалар ұнайды. Мангака деген маңга деп аталатын жапон комикстерін салатын адам. Соның ішінде, балаларға арналған сүйікті авторым Цугуми Оба. Ал қазақ балалар әдебиетінен Ахмет Байтұрсынұлының шығармалары ерекше ұнайды. Себебі ол балаларға қызықты әрі жеңіл тілде тәрбие құралын жасап шығуымен қатар, тіл білімін жүйелеуде орасан зор еңбек етті.
- Ересектер әдебиетіне қарағанда балалар әдебиетін тудыру оңайырақ деген пікірмен келісесіз бе?
- Мәселе жеке автордың өз қызығушылығына қарай. Кімге не жақын, өзін қай салада көреді, қай жанрды ұнатады, сол салада жетістікке жете алады. Ал былайынша мынау оңай, мынау қиын деп бөлу дұрыс емес.
- Steppe&World баспасынан шыққан Анна Франктің күнделігінде қазақ отбасыларында балаларға айтылмайтын жабық тақырыптар көп қозғалады. Осындай әлем және қазақ балалар әдебиетінде сіз байқаған қандай айырмашылықтар бар?
- Иә, бұндай айырмашылықтар кездесуі заңды ғой. Қазақ қоғамында талқыға алынбайтын тақырыптар бары рас. Сол үшін дүниетанымымыз, ой-өрісіміз әлі де дамуы керек деп ойлаймын. Мысалы суицидті алайық. Қазақстан суицид көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда. Себебі біз балалармен маңызды тақырыптарды жабулы қазан жабулы күйінде қалсын деп ашық талқыламаймыз. Ал керісінше балаларға жастайынан суицид, жыныстық жетілу туралы білім беретін болсақ, жаманшылықтардың алдын алуға болады. Бұл жағынан өркениетті елдерден үлгі алуымыз керек. Бір сөзбен айтсақ «ауруын жасырған өледі» деуге болады.
-Баспада жұмыс істеу үшін кемінде үш тіл білу міндетті ме?
- Жоқ, олай деп ешкім міндеттемейді.Бір шет тілді жетік меңгеріп алсаңыз да жетеді, бастысы қазақ тілінің шебері болуыңыз керек. Раиса Қадыр айтқандай, шет тілді 100%-ға білсең, қазақ тілін 300%-ға біл.
- Аудармашы, иллюстратор ретінде ең үлкен қандай арманыңыз бар? Мүмкін Нобель сыйлығын алғыңыз келетін болар.
- Әрине арманым көп. Алдағы уақытта «Наруто» комиксін қазақшаға аударғым келеді. Одан соң “Меломан” , “Марвин” сияқты кітап дүкендеріндегі манга, комикстерді қазақшаға аударып, ана тілімізді орыс тілінен азат ету, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуді армандаймын.
- Комикстерді аудару үшін рұқсатты кімдерден сұрау керек, әлде кез-келген көңіліміз қалаған туындыны алып аудара аламыз ба?
- Кез-келген туындыны аудару үшін автордың авторлық құқығын сатып алу керек. Мысалы біздің Steppe&World баспасындағы кітаптарға лицензияны басшымыз Раиса Қадыр алып береді. Сонымен қатар, айта кететін нәрсе кейбір кітаптардың авторлық құқығын алу оңай болса, Нарутоның авторлық құқығын алу қиынға соғады. Себебі жапондарға манга, комикстерді аударуға қарым-қабілетіміздің жететіндігін дәлелдеуіміз керек. Сол үшін біз комикс бағытында алға жылжу үстіндеміз. “Итбас”, “Тентек балақай” одан бөлек тағы бірнеше жобамыз бар. Алда әлі де дами береді, ересектерге арналған күрделі жобаларды да жасаймыз деген сенімдемін.
- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Сұхбаттасқан:
Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің 2-курс студенті
Нұрғожа Дильяра Сырымқызы
Мұқаба суреттің авторы Ospan Ali