ИЕСІЗ ҚАЛҒАН КҮМІС ЖҮЛДЕ

ИЕСІЗ ҚАЛҒАН КҮМІС ЖҮЛДЕ
жеке
блог

1972 жылғы жазғы Олимпиада ойындарындағы баскетбол турнирінің финалында КСРО және АҚШ баскетболшылары алтын жүлдені сарапқа салды. Матч ең драмалы, даулы кездесу ретінде тарихта қалды.

Матч бітуге үш секунд қалғанда АҚШ баскетболшылары 49:48 есебімен алға шықты, ал қалған үш секунд ішінде КСРО ойыншылары үш рет допты ойынға қосты. Соңғысында КСРО баскетболшылары шешуші ұпайды алып, 50:49 есебімен ұтты да, Олимпиада чемпионы атанды. Ойынның тоқтатыла бергеніне наразы болған АҚШ құрамасы төрешілердің онысын әділетсіздік деп тауып, күміс жүлдені алудан бас тартты. 

Бұл матчтың қазақ спорт жанкүйерлері үшін тағы бір маңыздылығы — қазақ баскетболшысы Әлжан Жармұхаммедов те осы ойынға қатысып, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды.

МАТЧҚА ДЕЙІН

КСРО және АҚШ құрамасы саясатта ғана емес, спортта да бір-бірімен басты бәсекелес саналды. 1972 жылғы Олимпиаданың финалына дейін екі құрама да сүрінген жоқ. АҚШ баскетболшылары тек Бразилиямен ойында ғана біраз тер төкті, ойын барысында ұтылып жатып, қорытындыда оларды 61:54 есебімен тізе бүктірді.

Баскетбол финалы олимпиадалық жарыстар арасында ең соңғысы боп мәреге жетті. Жергілікті уақыт бойынша 9 қыркүйек күні 23:50-де басталды.

МАТЧ

Мюнхендегі "Руди-Зельдмайер Халле" спорт сарайына 7 мың көрермен жиналды. КСРО баскетболшылары өте жоғары қарқында бастап, үшінші минутта 5:0 есебімен алға шықты. Баскетболда 5 доп айырмашылығы деген түк емес екенін ескерсек, матч басындағы бұл белсенділік ешкімді таң қалдырған жоқ. Бірақ бұдан кейін де КСРО басымдықтан айрыла қоймады, тайм барысында үнемі 4-8 ұпай айырмашылықтарымен алда тұрды. АҚШ баскетболшылары басымдықты қолға алуға тырысты, бірақ қарсыластарының жылдам қарсы шабуылына тосқауыл қоя алмай жатты. Бірінші кезең 26:21 есебімен КСРО жеңісімен аяқталды.

Екінші таймда да КСРО біраз уақытқа дейін қарсыластарына бой бермеді. Алаңдағы шиеленіс қыза түскен бір сәтте кеңестік Михаил Коркия мен америкалық Дуайт Джонс бір-бірімен келіспей қалды. Мұның соңы жаппай төбелеске апарып соғу мүмкін еді, егер тәртіп сақшыларының қырағылығы болмағанда. Бірақ бәрібір Михаил да, Дуайт та ойыннан бір жола қуылып тынды. Бұл жоғалту КСРО-дан гөрі АҚШ құрамасына ауыр соқты, себебі Дуайт құраманың белді ойыншыларының бірі болатын.

Осы жанжалдан соң төреші допты ортаға тастады. Допқа кеңестік Александр Белов пен америкалық Джим Брюэр таласты. Джим допқа қолайсыз ұмтылды да, еденге баспен құлап түсті. Алаңға дәрігер шақыруға тура келді. Жарақаты ауыр болған Джим ойынды қайта жалғастыра алмады. Осылайша АҚШ санаулы секундта екі бірдей ойыншысынан айрылды.

Ойын бітуге 9 минут қалғанда КСРО 10 ұпай айырмашылығымен алға шықты (38:28). Осы сәттен КСРО-ның жасы ұлғайған баскетболшылары болдыра бастады (қос құрамадағы спортшылардың жас айырмашылығы түрліше болатын, АҚШ баскетболшыларының басым бөлігі 20-дан енді асқан болса, КСРО баскетболшыларының көбі 25-тен асып кеткен). Қателіктері де көбейді. Осының салдарынан ойын бітуге санаулы секунд қалғанда ұпайлар арасындағы айырмашылық бір ұпай ғана боп қалды.

СОҢҒЫ СЕГІЗ СЕКУНД

Ойын бітуге сегіз секунд қалғанда КСРО 49:48 есебімен алда тұрды. Доп Александр Беловта болатын. Шығыршыққа енбей қалған допты иеленген Беловты америкалықтар барынша қысымға алды, соңында Белов өте қолайсыз позицияда тұрған Зураб Саканделидзеге асырды. Бірақ пас адресатқа жетпеді, ортаға америкалық шабуылшы Дуг Коллинз килігіп, допты иеленді де, КСРО айып алаңына атойлай жөнелді. Оны қуып жетіп, кедергі жасауға ешкімде де мүмкіндік болмады, Саканделидзе амалсыз тәртіп бұзды. Коллинз етпетінен түсті. КСРО-ға қарсы айып добы белгіленді. Бұл кезде матчтың бітуінен үш-ақ секунд қалған-ды.

Кейін Саканделидзе "Тәртіп бұзғаннан басқа шарам жоқ еді. Айып добы белгіленсе, Коллинз қателесіп қалар, сөйтіп жеңістен айрылмаспыз деген де ой болды" деп еске алды. Бірақ Колллинз қателеспеді. АҚШ құрамасының бапкері Генри Айбаның айтуынша, "ол аяғынан тік тұрса болды, допты шығыршыққа дәл тастайды" деген Коллинз есепті 50:49-ға жеткізді.

Бұдан кейін КСРО баскетболшылары допты үш рет ойынға қосты.

Бірінші. Коллинздің екі соққысынан соң дереу Әлжан Жармұхаммедов допты төрешіден алды да, жалма-жан Сергей Беловқа тастады. Осы сәтте төреші Ренато Ригетти ойынды тоқтатты, себебі КСРО бапкерлерінің бірі төрешілер үстеліне жүгіріп барып, "тайм-аут сұрадық, неге бермейсіңдер!" деп дау шығарған-ды. Ойын қайта тоқтаған кезде секундомерде матчтың бітуіне 1 секунд қалған-ды.

КСРО бас бапкері Кондрашин алаңнан Жармұхаммедовты шығарып алды да, орнына Едешконы жіберді. Тайм-аут барысында ойыншыларға "Әлі уақыт деген вагон. Ұтып, қайта ұтылуға да болады" деп айтқан сөзі кейін аңызға айналды. Осы сәтті Кондрашиннің өзі төмендегіше еске алды:

"Едешко допты сұмдық алысқа лақтыра алатын. Оны талай көргенмін де. Егер ол алысқа лақтыра алса, доп Александр Беловқа дәл жетсе, онда не гол соғады, не америкалықтар тәртіп бұзып, біздің пайдамызға айып добы белгіленеді. Бірақ шынымды айтайын, мен сол сәтте Едешконың пасы Александрға дейін жетер ме екен деп мазасыздандым".

Америкалықтар тайм-аут кезінде ештеңені де талқыламады. Коллинздің айтуынша: "Біз алаңда не болып жатқанын түсінген де жоқпыз".

Екінші. Үзіліс аяқталды. Допты Едешко алды. Оған америкалық Макмиллен кедергі жасады. Едешко алаң ортасына жақын жердегі Паулаускасқа тастады. Паулаускас допты қарсыластар шығыршығына жақын тұрған Александр Беловқа тастады, осы кезде сирена естілді. Кейін америкалықтарды өзі "сол сәтте сирена үш секунд өтпей жатып-ақ естілді" деп мойындады.

Осы кезде баскетболшылар да, көрермендер де "матч аяқталды" деп ойлаған-ды. АҚШ баскетболшылары бір-бірін құшақтап, чемпиондықты тойлауды бастап кетті. КСРО телеарнасының комментаторы Нина Еремина да осылай хабарлады. Ал КСРО құрамасының бапкерлер алқасы үш секундты толық ойнауды талап етуді бастап кетті. 

Осы кезде сарайдағы электронды секундомер матч бітуіне 50 секунд қалғанын көрсетіп тұрды. Матч жайлы бейнежазбалардан 50 секундтың қалай 3 секундқа дейін жылжытқанын да көруге болады. Демек, матчтың тоқтатылған себебі де сол, КСРО баскетболшылары екінші рет ойын бастаған кезде секундомерді реттеу естерінен шығып кеткен. Бірақ ол жерде мұны түсінген ешкім де болмады.

Ойынға ФИБА хатшысы Уильям Джонс араласып, "КСРО баскетболшылары үш секундын толыққанды ойнауы тиіс" деп, секундомерді реттеуді төрешіге тапсырды. Енді алаңдағы адамдарды реттеу қиынға соқты, америкалықтар чемпиондықты тойлауды бағана бастап кеткен. Алаңды "тазартуға" біршама уақыт кетті де, соңғы үш секунд қайта ойналатын болды.

Үшінші. Төреші допты тағы да Едешкоға берді. Бұл жолы төрешінің ескертуі бойынша америкалық Макмиллен оған кедергі жасамады. Едешконың бүкіл алаңнан асыра тастаған добы Александр Беловқа дәл барды. Америкалық Джеймс Форбс пен Кевин Джойс Беловқа кедергі болудың орнына бір-біріне соқтығысып, бірі құлап қалды, екіншісі соқтығыстың екпінімен сызықтан шығып кетті. Нәтижеде Александр Белов нысана алдында жалғыз қалды. Допты "шеңберге" тастай салу кәнігі баскетболшыға қиын соққан жоқ, есепті 51:50-ге жеткізді. Артынша ойын біткені жайлы сирена дыбыс берді.

МАТЧТАН КЕЙІН

КСРО баскетболшылары жеңісті тойлап кетті. Ал АҚШ бас бапкері Генри Аиба дереу төрешілер үстеліне ұмтылды. Америкалықтар тарапы осы сәтте-ақ ФИБА-ға (Халықаралық баскетбол федерациясы) шағым тастауға кірісіп кетті, олардың ойынша "КСРО ұпай алғанша соңғы үш секундты қайта-қайта ойната беру ақылға сыймайды, нағыз әділетсіздік!"

КСРО баскетболшылары "қайта ойнау болып қала ма?" деген оймен төрт сағат ФИБА-ның шұғыл жиынының нәтижесін күтіп отырды. Жабық дауысқа салу нәтижесінде қайта ойнату болмайтын боп шешім қабылданды. Америкалықтар тарапы бұған да қанағаттанбады, себебі дауыс бергендер арасында социалистік елдердің өкілдері көбірек болатын. Нәтижесінде КСРО құрамасы Олимпиада чемпионы атанды. Ал АҚШ баскетболшылары күміс жүлдеден бас бартып, марапаттау салтанатына да қатысқан жоқ.

Кейін АҚШ тарапы бәрібір Халықаралық Олимпиада комитетіне сегіз пункттен тұратын шағым түсірді. Олардың ойынша тіпті ФИБА хатшысының да секундомердің жұмысына араласуына қақы жоқ. Бірақ америкалықтардың онысы да нәтижесіз аяқталды.

Ал америкалық баскетболшы Кеннет Дейвис медальдан бас тартып қана қоймады, ұл-қыздарына оны ешқашан да алмауды өсиет етті. 

Ал күміс алқалар әлі күнге дейін Лозаннада сақтаулы тұр.