Осыдан екі жыл бұрын жазылған «Иесіз хатыма» жауап келді. Кеше қолыма алып отырып аң-таң болдым. Екі жылдан кейін кешігіп келген хатымның иесі бар екен.
Құрметті иесіз хатқа хат жазып отырған бейтаныс досым!
Хатыңды алдым. Оқыдым. Түйгенім сен өмірде әлі өз орныңды табал алмай жүрген жансың. Тіпті өзіңе не керек екенін де білмейсің. Сен жасап отырған қоғам тым лас. Бірақ ластыққа мас болу басқа дүние. Лай ішінен тап-таза әрі кіршіксіз болып шығу бұл еңбек. Бірақ еңбектену үшін қажыр мен қайрат керек. Сенде бұл аталған екі құндылық бар. Бірақ сен өзің сезінбегенсің. Өйткені адам баласы өмірінң соңына дейін еңбектенумен өтеді. Бірақ не үшін еңбектенді, не үшін неге тер төкті, міне бұл жағы сұрақ болып қала бермек. Жауабы жоқ жұмбақ секілді. Сен де сол жұмбаққа жауап іздеп жүрген жансың. Жауабы бар, тек іздемейсің, талпынбайсың!
«Ақынмын!» деп көрсетіпсің. Ақын болсаң бұл хатты жазуға да хақың жоқ еді. Себебі сенің басыңда болып жатқан әрбір ауыртпалық пен қиыншылық, мұң мен қасірет қоғамнан емес, сенің ішкі жан дүниеңнің арпалысы. Ақындық ғұмырды сүруге дайынсың ба деген сұрақ дұрыс болар. Бірақ ендігі кеш. Өйткені сен жаралып қойдың әрі ақын болып жаралдың. Ендеше аталған тірліктердің бәріне төзуге тура келеді. Шыдау керек.
«Ештеңе де қызық емес»- дейсің бе?! Неге дәл саған, неге сен ғана қызықсыз өмір сүріп жүрсің, менен емес өзіңнен сұрап көрші?! Айналаңа қарашы, достарың бақытты ма?! Олардың да жұтып жүргені осы ауа, олардың да қызыққа белшесінен батып, сайраңдап жүргені осы тіршілік. Бірақ солардың ішінен шет қалып қойған сен ғана. Ендеше бұған кінәлі мен бе әлде өзің бе?! Ойлан досым...
Иесі жоқ хатты жазуға итермелеген сенің ішкі жан дүниең делік. Бірақ жан дүниең сенен бұрын сенген. Тіпті хаттың барар жері жоқ болса да әйтеу біреудің оқитынына, ғайыптан бір күні жауап келетініне сенген. Керемет! Бірақ сол жан дүниенің жанын жаралап жүрген сен өзіңсің ақымақ досым!
Хат жазып тұр. Мен күтемін. Сен ендігі кімге хат жазу керектігін білдің. Иесі хаттың иесі бар. Ол мүлде алыста емес. Қасыңда! Сезбейсің...
Парасаттың шыңына жетуге талпынған досым, жүздесуге жазсын!
Құрметпен, иесіз хаттың иесі ӨЗІҢ!