Хор Вирап пен Эчмиадзин

Хор Вирап пен Эчмиадзин
жеке
блог

География ғылымында Армян таулы өлкесі аталатын аймақ - күллі адамзатқа ортақ көне тарихтың куәсі. Қасиетті кітаптарда Арарат тауына пенделерді топан судан құтқарған Нұх пайғамбардың кемесі тоқтағаны айтылады. Пайғамбар кептерін ұшырып, қоныстануға болатын жерді анықтайды – «Нахиджеван» - армян тілінен аударғанда «Ноах түскен жер».


(Бұл сурет cntraveller.ru сайтынан алынды, дәл бұлай суретке түсіру қайда маған?!)

Бүгінде қасиетті Арарат тауы – Түркияның аумағында, ал Нахичевань – Әзірбайжанның жері. Бірақ киелі өлкенің бар аңызы мен ақиқаты қалыптасу тарихы біздің дәуірімізге дейінгі мыңдаған жыл бұрынғы есте жоқ ықылым замандарда жатқан армян халқына тиесілі. Арарат Арменияның символы болып қалыптасқан. Армян мифологиясында бұл тау «Масис», «Арагац» (Үлкен Арарат, Кіші Арарат) деп те аталады.


Арараттың етегінде Ұлы Арменияның көне астаналарының бірі – Арташат қаласы орналасқан. Бүгінде қаланың орнында Хор Вирап монастырі бар. Түркиямен шекаралас өңірде, Ереваннан 30 шақырым жерде. Кезінде бұл қыратта зындан ғана болған.

Тарихи деректер бойынша, 252 жылы Ұлы Арменияның патшасы Құсыраудың отбасын парсы тыңшысы қырып кетеді. Патшаның кенжесі аман қалады. Кейін армян жұрты қылмыскерді ұстап, оның отбасын да қырып жояды. Бірақ жендеттер тыңшының екі ұлын көзден таса қалдырады. Оның бірі – Григорий Кесарияда, Римде өсіп-өніп, патшаны өлтірген әкесінің әруағын күнәдан арылту үшін билеушінің тірі қалған кенжесі Трдатқа қызмет етпек болып Арменияға келеді. Күндердің күнінде Трдат ІІІ өзіне шын берілген қызметшінің әйгілі қаскөйдің баласы екенін біліп, оны Хор Вирап зынданына (Арташат құдығы) қамайды.

 

Бұл кезде армян халқы пұтқа табынатын. Патша билігі христиандықты аяусыз қудалады. Трдат патшаның христиандарды қалай жазалағанын кейінірек әңгіме қыламыз. Арада 15 жылдай өткенде патша шошқаборық болып ауырады. Аурудың емі табылмайды. Бір күні патшаның әпкесі түсінде зынданда Трдатты емдей алатын адамның бар екенін көреді. Тас шыңырауға тасталған адамның тірі екені көпшілікті қайран қалдырады. Патшаны ауруынан айықтырған Григорий оның зор сеніміне ие болады, оның ұсынысымен Трдат ІІІ Арменияда христиандықты мемлекеттік дін деп жариялап, пұтқа табынушылықты түгел жояды. (Гарни храмы ғана бүгінге жетті, мен оны көрген жоқпын). Осылайша, Армян апостол шіркеуі өмірге келеді. Ал Иса пайғамбар дүниеге келмей тұрып-ақ іргеленген Армения әлемдегі тұңғыш христиан мемлекеті атанды.

Армяндардың тұңғыш католикосы, әулие Григорий ағартушы 15 жыл отырған зынданның үстіне Хор Вирап монастырі салынған. Арарат шыңымен үйлесім тапқан көрікті де, киелі мекенді тамашалау үшін мұнда ағылып жатқан туристерде есеп жоқ. 

Дінбасылар зынданды қасиеттендіріп, көріктендіріп қойған. Армяндар бұл жерде әулиелердің жаны бар деп есептейді. Менің бойымды үрей биледі. «Сатыда тұрып төмендегі мені суретке түсірші» деген өтінішімді теріс ұққан гидтің мені тастап, зынданнан шығып кетпесі бар ма?!

Зәре-құтым қашып, бар даусыммен айқайлап, баспалдаққа жанталаса ұмтылдым. Даусымнан зындан іші жаңғырып, сырттағы туристер бір шошынып қалды. Сыртқа шығып алып, өкпе-ренішіме, ызама ерік бердім.

Бойым түршіге отырып, монастырь ішіндегі әулие-әмбиелер жерленген орындарды, қорымдарды, кешеннің жер сілкінісінен қираған тұстарын қарауды жалғастыра бердім.

Хор Вираптан бұрын Арменияның Вагаршапат аталатын тағы бір көне астанасында болғанымды айтайын. Ол да Ереваннан 30 шақырым жерде. Қазір елдің негізгі мәдени-діни орталығы. Армянның тұңғыш дінбасысы мұнда алғашқы христиан шіркеуін салып, оған Эчмиадзин деген атау береді. Мұндағы монастырьдің кіреберісінде әйгілі Трдат патша мен тұңғыш дінбасы Григорийдің жаңа дінді жария ету сәті бейнеленген.

Эчмиадзин монастырі кафедралы собордан, әулие Григорий қабірінен, қоңырауханадан, жабдықтар сақталатын орыннан тұрады.

Кешен аумағында діни жазбалар қоймасы мен 1915 жылғы армян геноциді құрбандарына арналған шіркеу бар.

Монастырь ғимараттарында Нұх кемесі қалдығы, Исаға жаншылған найза сақтаулы, бірақ жөндеу жұмыстарына байланысты біз оларды көре алмадық.

Христиан діні қабылданғанға дейін Трдат патшаның бұл дін өкілдерін аяусыз қанағанын айтқан едік. Енді толығырақ. 301 жылы Құдай ананың (Ислам дінінде Мәриям ана) аян беруімен Арменияға 37 христиан қызы келеді. Олардың арасындағы Рипсимэ өте сұлу болатын. Патша оған өзіне тұрмысқа шығуды ұсынады. Ғұмырын құлшылыққа арнаған бойжеткен бас тартады. Сол кезде ел билеуші қыздардың бәрін таспен атып өлтіруге бұйрық береді. Рипсимэ мен оның 34 құрбысы осылай азапталып өледі, жендеттер олардың денесін бұтарлап, өртеп жібереді. Бір ауру қыз шырын сығатын орында азапталады, бір қыз ғана қашып құтылып, Грузияда бой тасалайды.

Кейін патшаны ұяты мазалай бастайды, жүйке ауруына шалдығып, ақылынан айырылады, шықшыты ісіп, түрі шошқаға ұқсап кетеді. Григорий ауруынан жазған соң күнәсі үшін Құдайдан кешірім сұрайды. Ал арада үш ғасыр өткенде азапталушы арулар қабірінің үстінен шіркеу тұрғызылады. Бұл храм – Эчмиадзин монастырінің бір бөлігі.

Мына қабірден әулие қыздардың бірінің сүйегі алынған, дін өкілдері қабірді осылай ашық қалдыруды ұйғарыпты. Қорқынышты.

Хачкар – армян мәдениетінің қайнары, баға жетпес мәдени мұрасы. Крест пен ою-өрнек, айқыш-ұйқыш жазба-сызбалар мен басқа да түрлі кескіндер қашалып салынған тастардың тарихтан бұрынғы дәуірлерден бергі сан мың нұсқасы сақталған.

Хачкарлар мен вишаптар (балбал) елдің барлық аймағында, әрбір түкпірінде бар. Бір діни орынның өзінен осындай көнелі-жаңалы жүздеген ескерткіш табылады. Севан көлі маңындағы Норатус деревнясында 800-ден астам хачкар бар. Бүгінде Әзірбайжанға қарайтын Джульфа өңірінде 3000-ға жуық хачкар болған, бірақ 2006 жылы Әзірбайжан билігі оның бәрін жаппай қиратып, орнын әскери полигонға айналдырды.

Хачкар қашау өнері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Мына кісілер Ереванның орталығындағы қираған ғимаратта хачкар дайындап жатыр. Ескерткіштер көбіне қызғылт туфтан жасалады.


Келесі жазбамда Татев және Нораванк монастырьлері жайлы айтылады. Бұл жерлерде де көп қызықтың куәсі болдық.