Холодец

Рахо(Роха емес) атты  жолдасыммен «Дозор» шекаралық нарядына шықтық. Бізге берілген шекаралық аймақтың 36 шақырымын 5-6 сағатта айналып шығуымыз керек. Шекараның ана басына және мына басына сол күні болғаныңды анықтайтын белгі жазып кетуің керек заң бойынша. Жаз мезгілінде борпылдақ топыраққа (КСП-контрольна следовая полоса,12 метр соқамен жыртып, малалап тастаған арнайы жолақ),қыста қардың бетіне жазып кетесің. Оқиға қыс мезгілінде болғанын айта кетейін. Жаркент жақтың қысын арқаның қысымен салыстыруға келмес әрине. Дегенмен бой үйреніп қалған соң бұл жақтың суығына да өзіңше тоңады екенсің. Бірақ, дәл сол біз нарядқа шығатын күні боран қатты соқты. 5-6 қадам жүріп артыңа қарасаң әлгі ізіңді қар жауып жатады. Әр бір километр не одан сәл көп аралықта заставамен байланысқа шығатын «саңырауқұлақтар» бар. Ауылдың тұсынан өтіп бара жатқанымызда, Рахо «Айсұлтан, аноу шеткі үйге кіріп жылынып алайық демесі бар ма?». Өзімнің де борандатып қаншама жер жүруге құлшынысым жоқ еді. "Қашайын деп тұрған қоянға «тәйт» десеңіз не сәрі" демекші шамалы уақыттан соң әлгі үйде отырдық. Бұл үйде жалғыз баласынан қалған жалғыз немересі Алматыда оқитын әжей тұрады екен. Үйі суып кетіпті. Бүгін тұрып пеш те жақпапты. Көршілер келіп аңда-санда қол ұшын беріп тұрады дейді. Өзінің айтуына қарағанда төсек тартып қалғанына бір апта болыпты. Содан Рахоға көзімді қысып қап ем шамалыдан соң гүрілдеп пеш жанды. Бойымыз жылыған соң Рахо «хазайничить» ете бастады. Заставада аспаздың көмекшісі болған Рахо бір-екі сағат сайын аузына бірдеңе тықпаса жүре алмайтын. Содан ыдыс -аяқты салдырлатып біраз іздегенмен жейтін ештеңе таба алмады. Ақыры шыға берістегі бөлмеден бір тегене көтеріп әкелді. «Мында бір тегене холодец бар екен. Шетінен кесіп жеп көрдім, жейсің бе? » деп менен сұрай бергені сол еді,
"Үйбай, қарағым! ол халадес емес, менің бірапта бойы қақырып жатқан қақырығым ғой, кеше көрші келіншек шығарып қойып еді" демесі бар ма…



Бөлісу: