«Келер күннен жақын жоқ, өткен күннен алыс жоқ» деген сөздің растығы тағы дәлелденді – кеше ғана қол жеткізбестей болып көрінген «Хоббит: күтпеген саяхат» бүгін (тура мағынасында, яғни 2012 жылдың 19 желтоқсанында) ел экрандарына жол тартты. Осы аптада қасына қара ілестірмей (басқа бірде-бір жаңа туынды жоқ) премьераға жалғыз шыққан фильм туралы Киностан тарқатып бергелі отыр.
«Сақиналар әміршісі» трилогиясын түсірген Питер Джексон пайда табуды көздеген киноиндустрияның алыптарына да (жекелеп алғанда New Line Cinema мен Metro-Goldwyn-Mayer), Дж. Р. Р. Толкиннің кітаптарын жата-жастана оқып, көздеріне елестетіп, көңіл экранында көріп жүрген фэнтези фанаттарына да және жақсы фильм көріп қайтсақ деген ниеті бар жалпақ жұртқа да ұнайды деп сендіріп отырған «Хоббит: күтпеген саяхат» ә дегеннен-ақ 2012-нің ең үлкен премьераларының бірі һәм бірегейі болып белгіленді.
«Сақиналар әміршісі: Сақина бауырластығы», «Сақиналар әміршісі: Екі қамал», «Сақиналар әміршісі: Корольдің оралуы» естеріңізде шығар. 1954-1955 жылдары баспа бетін көрген «Сақиналар әміршісі» кітабінің бұл дүниеге келуіне сонау 1937 жылы шыққан «Хоббит, немесе ол жаққа бару және оралу» атты шағын шығарма себепші болған-ды.
Міне, алдымен Гильермо дель Торо, артынан Питер Джексон шығармашылық жетекші болған жоба да сол ізден таймай отыр: «Хоббит: күтпеген саяхат» та, оның 2013 және 2014 жылдары шығатын, екі фильмнен тұратын жалғасы да «Сақиналар әміршісі» трилогиясының приквелі (яғни дейін болған оқиғаларды көрсету) болып саналуда.
Әрине, сюжеттік желіде ауытқулар болады (жұқа ғана кітапты үш фильмге созып, трилогия жасау оңай дейсіз бе), алайда біз экранда бірқатар көзге таныс, көңілге ыстық кейіпкерлерді кездестіреміз.
Мұнда Бильбо Бэггинстің қарттығы (Иэн Холм) көрсетіледі, Сұр Гэндальф (Иэн МакКеллен) сақалы желбіреп, асатаяғын ұстап зұлымдыққа қарсы күреседі, Эльфтар патшасы Элронд (Хьюго Уивинг) ақыл-кеңесін аямайды, кемеңгер Галадриэль (Кейт Бланшетт) ақ тілегін тілеп қала береді, садағын созып Леголас (Орландо Блум) жүреді, Сақинаның құлына айналған Голлум (Энди Серкис) қараңғы түнектен шығады…
Сонымен қатар, бұрын көрмеген жаңа бейнелер пайда болды: жас Бильбо Бэггинс (Мартин Фриман) бас қаһарманға айналады, гномдардың ержүрек басшысы Еменқалқанды Торинмен (Ричард Армитэдж), шақар Гимлидің әкесі Глоинмен (Питер Хэмблтон), айдаһар Смогпен (Бенедикт Камбербэтч) және көңілді, досына адал, жауына қатал он бір гноммен танысамыз.
Бұл әрине бер жағы, бүтіндей бір аймақтың басынан өткен, «Бес әскердің шайқасына» алғышарт болған оқиғаларда алды көз бақырайтып, жақ аштыратын, арты деміңді тарылтып, «мә-мә, мен дәл осылай елестеткем кітап оқығанымда» деп жаныңды алатын кадрлар мен кейіпкерлер жеткілікті болар деп сеніп отырмыз.
Кадр демекші, «Хоббит: күтпеген саяхат» - секундына 48 кадр жиілігімен түсірілген алғашқы фильм, басқаша айтсақ революционер. Алайда аса сапалы, бейненің ұңғыл-шұңғылын алақанға салып алдыңа тартуы тиіс бұл технология әлем кинотеатрларының басым көпшілігінің құрал-жабдық тұрғысынан дайын болмауына байланысты кейінге ысырылып, туынды қалыпты форматта көрсетіледі. Тек шектеулі адамдар тобы ғана RED Epic камерасының «өнерін» көре алатын болды. Бірақ үміт үзілмек емес, атам заманғы «Сұлу мен құбыжықты» 3D-да көргенде, бұл деген не тәйірі, бәрі уақыт еншісінде.
Алдын-ала жарық көрген рецензияларға қарасақ, Толкин шығармашылығына таң-тамаша болып, таңдай қағып жүргендер «Хоббит: күтпеген саяхатты» ұнатып, өзге жұрт «өй» деп, тіпті кейбірі залды тастап шығып кетіп жатыр екен. «Сақиналар әміршісі: Сақина бауырластығы» да кезінде осындай қарсылыққа ұшыраған-ды. Бұл заңды, себебі сюжеттік желі соған әкеліп тіреп отыр: Бильбо Бэггинстің де, Фродо Бэггинстің де (Элайджа Вуд) басынан кешкендері бір фильммен шектелмейді, шешуші сәт, кульминация, ақырғы соғыс кейінгі жобаларға қалды. Сондықтан, шыдам танытып, ертегінің әлқисса-бөлімін, алғашқы туындысын көріп қайтайық. Жемісін кейінгі екі фильмнен көрерміз.
Дж. Р. Р. Толкин мен Питер Джексонның ғажайып әлемі көрерменге есігін қайтадан айқара ашты. Қалай дегенде де техникалық тұрғыдан болсын, шығармашылық шеберлік тұрғысынан болсын шынайы түсірілген, қиялдың қанатын кергізіп, көкке шырқатып жіберетін, ақыл-ойды бір сәт Жерортасына баруды аңсататын кәсіби фильм дүниеге келген секілді.
P.S. Киностаннан фильмнің жеке бетіндегі трейлерлермен қатар берілген түрлі қызықты видеоларды, сонымен қатар түсіру алаңынан кадрларды көруді ұсынамыз.
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/9PSXjr1gbjc&feature","width":"560","height":"315"});
Құрметті киносүйерлер!
Киностан алдын-ала хабарланған, бірақ дер кезінде прокатқа шықпай қалған туындылар үшін жауап бермейді.
Шолу Киностан сайтында жарияланған мәліметтер негізінде дайындалды.
Киностанның фильмдерге арналған ақпарат бетінен сіздердің пікірлеріңізді қуана-қуана оқимыз және қызықты фильмдер көруді тілейміз!
Дінмұхамед Зиядин