хикметтер

хикметтер
жеке
блог

Баланың тапқырлығы

 

Бір адамның баласы тентектік жасап, көршісінің мазасын алыпты. Көрші баланың әкесіне шағымданады, «Балаңызды бетімен жібермеңіз, жазалаңыз» дейді. Әкесі жазықты баласын тауып алып, ұрыспақ болып аузын аша бергенде: «Әке, мен кішкентаймын, әлі ақыл-есім толысқан жоқ, мен бар болғаны жасыма сай әрекет істедім, ал сіз маған қарағанда көпті көрген, ақыл иесісіз ғой. Сіз енді өз жасыңызға сай әрекетіңізді көрсетіңіз» дейді. Әкесі ойланып қалады. Соқыр ашуды сабырға жеңгізіп, баласына мейірлене қарайды.

 

                                    Соқыр

 

Ымырт. Шаһар көшесімен бір соқыр келеді. Бір қолында шам, екіншісінде құмыра толы су. Оны көрген бір топ келемеж ете бастайды. «Ей, бейшара, саған күн мен түннің еш айырмасы жоқ емес пе, несіне қолыңа шам ұстап алғансың?» Мұны естіген соқыр күліп, жауап қатады. «Сендер ше мен екенмін ғой соқыр? Жоға, меніңше сендер нағыз соқырлар. Себебі, мен мына жарық шамды өзім үшін емес, сендер сияқты соқырлар үшін ұстап жүрмін. Соны білмеген сендер тек соқыр ғана емес, ақымақсыңдар. Сендер секілділер қараңғыда мені көрмей қағып-соғып өтпесін, құмырадағы сусынымды төкпесін деп жүр емеспін бе?»

 

                                   Жомарт

 

Бір адам өзінің қолы ашық жомарт досын мақтап отыр дейді. «Ол сондай жомарттың жомарты, үнемі жарлы-жақыбайларға мол етіп дастархан жаяды. Және бір ғажабы сол ол өзін жайып отырған дастарханның иесімін деп мүлдем ойламайды, жұртпен бірге отырып, тамақтанады. Бұдан да ең ғажабы, ол осы мол ризыққа дастархан басындағы адамдардың арқасында қолы жетіп отырғандай, баладай пәк көңіл танытатындығы».

 

                                   Мас

 

Бір удай мас көшеде құлап жатады. Лоқсып өзінің бет әлпетін ластайды. Былғанып жатқан оған бір қаңғыбас ит таяп, бетін жалай бастайды. Мас: «О, қайырымды адам, сізге рахмет, менің бетімді тазартып жатқаныңызға қарағанда сіз жасағанның сүйікті құлдарының бірі боларсыз.» Ит мастың бет-аузын жалап-жұқтап болып, кетерінде үш аяқтап тұра қалып, сариды. Мас елжірей басын көтеріп: «О, қайырымдының қайырымдысы, бетімді сүртіп қана қоймай, енді ыстық сумен жуып жатсың, сізге Жаратқан риза болсын, рахмет, рахмет. Сіздің бұл жақсылығыңызды екі дүниеде ұмытпаспын» дейді.