Бұқаралық Ақпарат Құралдарының шайқасы жүріп жатқан ақпарат майданының заманында өмір сүріп жатырмыз. Бұрын тәрбие мен білім басы ошақ қасы мен мектеп деп білсек, бүгін бұл тізімге теледидар да қыстырылды. Көк жәшікті қосып қалсаң болды, сан түрлі бағыттағы сан жетпес бағдарламалар жүріп жатады.
Жеке басымның теледидар көруге аптасына бір күн ғана жұмсауға мүмкіндігім бар. Осы уақытта өз идеалдарыммен қауышамын. Отбасыммен кез-келген уақытта ұялмай көруге болатын жалғызым «Асыл арна», көкжиегі кең «Kazakh TV» мен жүрегімнің жартысы болған Ұлттық арна «Қазақстанның» бағдарламаларын мұрағатынан жібермей көретінім бар. Осы үш арнаны бар болмыс бітімімен жақсы көремін. Қазақтың тілі, мәдениеті мен тіршілігіне қызығатын шетелдік достарыма үнемі ауыз толтырып кеңес беретін идеалдарым да осы үш арысым еді.
Киіз үйде кереге мен шаңырақты біріктіру қызметін уық атқаратыны белгілі. Ал солардың арасында ең беріктерін «арыс» деп атайды.
Көзімді ашып-жұмғаным сол еді, Ұлттық арнам өз болмысынан тайқып, мәдениетіміздің болашағына тасталатын бомбаны насихаттап жатқанын байқадым. Байқадым да басымды шайқадым. Бұрын өзге тілде орындалған әнді де эфирге жібермейтін, тым ашық киімді қыздары жоқ, қазақылықтың иісі аңқыған «Қазақстан» арнасын Q-POP-тың улы түтінінің арасында жоғалтып алдым. Елбасымыз «Рухани жаңғыру» деп жар салса, менің арнам хайпылдаған жаңғыруды таңдапты. Hit Qazaqstan-ында көркем қазақ тілім мен қазақы мінезді таптап жатқан әндерімен шаштары кемпірқосаққа айналған, жапырақ жамылған қыздар мен жігіттері жүрсе, QPI бағдарламасында олардың қанатын кең жаюына жағдай жасап, жастарды жинап жатыр.
«Қазақстан», сен рейтинг үшін ғана өзгелердің жасағанын жасайтын емес, ұлтымыздың шамшырағына айналған арнасың ғой. Болмыс-бітімі ерек, мәнді әрі заманауи жобаларың жоқ емес, бірақ соңғы реформаларың оларды тұмандап жатыр. Нұрсұлтан атам: «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды,» - деді емес пе?