Хат жаздым өзіңе алғашқы рет

Хат жаздым өзіңе алғашқы рет
жеке
блог

хат

   Асыл аға, қалың қалай? Бізді ойлап, шашыңды біраз ақ басқан да болар. Сол баяғы жарқын мінез жайдарыңқы көңіл-күймен жүрген шығарсың. Білемін ғой асылым, сол жарқындықтың артында бір мұң жатқанын. Сездірмейсің сен бірақ. Өзіңнің қамқоршы екендігіңді білесің бәрімізге. Сондықтан мұңайғың келмейді сенің. Менің барым да, нарым да өзіңсің ағатайым, асылым. Сенің қайраттылығың, шыдамдылығың мен үшін үлкен өнеге, біле берсең. Ағымнан ақтарылып, хат жазып көрмеген едім алдында. Бүгін міне, қолыма қалам алып, саған деген деген алғысым мен сағынышымды білдіргім келіп отырған жайым бар. Қара шаңыраққа барған сайын сенің жүзіңнің солыңқырап бара жатқандығын байқаймын. Іштей налып, қиналамын. Алайда саған білдірмеймін. Нағыз көктемдей күлімдейтін шағыңда, қара уайымға  салынып жүргенің-ай сенің. Өзіңмен жастылардың көпшілігі қарап тұрсам үйленбеген де екен. Ал сен болсаң, бір емес бірнеше отбасыны өз мойныңа алып, асырап отырсың. Қайран менің бауырым-ай, бәрі де тағдыр ғой, білем...Бірақ сен нағыз ерсің білесің бе, сенің алдыңда мен бас иемін. Өйткені, сен сияқты еңбекқор, жанашырды әлі көрмеппін. Мен сен үшін бақыттымын, сен соны сеземісің? Неге дейтін боларсың, мұның себебі асқар тауымызға зор қуаныш сыйлап үлгердің. Өзің де білесің ғой, оның қатты қуанғанын. Тым болмаса, өмірінің соңғы сәттерінде ол қуанып кетті, балаша. Мен ол сәтті мәңгілік ұмытпаймын. Кейде сенің бала-шағаңның ортасында миың ашып отырғаныңды көргенімде мәз боламын). Сен үшін де, өзім үшін де, анам үшін де. Ал кейде оларға жекіп, бауырымның шашын ағартатын болдыңдар ғой деп ұрысқым келеді. Қайран туғандық десейші. Бірақ сенің жүдеуіңе себепкер олар емес әрине, оны сен де ұғасың. Қайтесің ағашым, өзіңнің бауырың ғой. Оны уайымдып, қам жеме дей алмаймын, өйткені мен де оны ойлаймын. Жарайды, басыңды ауыртып, көңіліңді түсіргім жоқ менің. Бар болғаны қарлығашыңның саған Құдайдай сенетіндігін жеткізгім келді. Гүлің сені қатты жақсы көреді. Әрдайым саған арқа сүйейді. Соны біліп жүрші, жарайма. Сен менің – өмірімсің. Сен бар болсаң мен де бармын, ал сенсіз өмірді тіпті де елестеткім де келмейді. Ұмытып барамын ағатай, еркеңді кешірші сені ренжіткен күндеріне. Білесің ғой менің мінезімнің қатқыл, бырт-шырт екенін. Кейде ойыныңды көтере алмай, өзіңе ауыр сөздер айтып қалатыным бар емес пе? Міне, осылардың барлығы үшін сенен үлкен кешірім сұраймын. Өзіңе тура қарап айтпасам да, мен сені жүрегімнің түбінде жақсы көремін ғой. Өзіңді сондай сағындым... Ал енді жолыққанша сау болып тұр. Ауырма, аман бол!

                                                                                                                                       Сәлеммен сенің гүлің