Хат...

               ......Онан қайтып өзіңдей жан кездеспеді. Көңілімнің көгіне ұшып шығардай көгершін табылмады.  Дәл өзіңдей езіуіме ешкім күлкі үйірілтіп, ешкім жанарыма мұң ұялатпады. Қысқасы...  Сен бардағыдай жадырап күлмедім, сен бардағыдай жабырқап жүрмедім.  Аспан қанша биік, аспан қанша шексіз болғанымен оның да бір бағынар жаратушысы бардай, мен қаншалық төзімді, мен қаншалық мықты болғаныммен қиялымның құзар шыңында, арманымның асқар белесінде, күнделікті тірлігімнің күнтізбелерінде Сен тұрасың.  Тұрып қана қоймайсың ау...  Тұрып қана қоймайсың!  Қан жүрекке алпыс екі тамырдан тартылған қызыл қаным сынды тұс тұсымнан сағыныштың тұңғиығына батырып, тұманына қамайсың. Сосын...  Көзден ғайып боласың.
               Ал енді кеп хат жазайын саған... Ағыл да тегіл аққан көздің жасы сынды қаңтарда жауған қалың нөсер асфальт бетін айнадай етіп ақ кетті... Ойпаңдау жерге толған жаңбыр суы жел ессе болды дір етіп бір қалады.  Ол да өзінше толқын... Тек теңіздегідей биік, теңіздегідей үрейлі, теңіздегідей түйдек түйдек емес .    Сол сынды менің де хаттарым кейде сенің электронды поштаңа жетпей қыршынынан қиылып, сенің қиял теңізіңде жүзе алмай, жағаңа жетіп жартасыңды соға алмай тынып жатады. Пернетақтадан періден жеткен үндей боп, менің жан жүрегімнің айхайы әліппедегі әріптерге айналып теріліп жатады, өріліп жатады. 
               Білмейтін шығарсың... Содан кейінгі кешкен күндерім... Әттең...  Әдемі сағыныштарға толы етін.  Сұлулығың дедім бе?  Жылулығың дедім бе?  Жұматай болғым келді ме? Ләйлә болғың келді ме?  Әйтеу алшақ айлар араға еніп кетті де артымызға мойын бұруға, ақтық рет  "аһ" ұрысып, кейінгі рет кіснісесуге де хәліміз келмепті-ау! Қош... Өткен өтті деп өрге қарасам өңім мен түсім парықсыз.  Ал енді ақ пен қарасын ажыратып көр... Өзіңнің дәл осы тірлікте бар мен жоғыңды бағамдап көр... Сөйтсең бәрі бекершілік екен: ұмытпаққа ұмтылғаның мен ұмыттырар жан іздегенің... 
               Жаратқан тәіңірге жалбарынғаныммен болған істің болмаққа айналмағы шындыққа жанаспайтындай. Болар күннің өзінде де дәл екеуміз кешегіндей елжіресіп, кешегіндей тіл қатысып, кешегіндей көрісіп, кешегіндей өбісе алмайтынымыз ойлауға оңай опасыз тірліктің заңы. Көн не, көнбе не?  Көңілдегі жауап жалғыз...  
               ........Сенің ыстық алақаныңды алақаныма салып аз ғана уақытты өткерген сәтім енді менің осыған дейін кешкен күнімнің ең бір төресі сынды. Менің кінәсіз һәм күнәсіз махаббатымның ең биік өресі сынды. Одан кейін не болды... Одан кейін не болмады? Болды... Сосын болмады. Оңды... Сосын оңбады.  Бәрін айт та бірін айт... Сөйтсем сені сағынған екенмін. Сендік жұпарды жұтып, сендік құшақты қысып, сендік ерінді сүйгім келген екен. Кешір....
               Хәліңді сұрамаққа саған қарай қаншама хаттар аттанғанымен, кері қайтқан кішкентай қағаз болмады... Енді оны мүлде күтпеуге әдеттендім.  Әйтеу бір күні әдемі сыйлық етіп әйбәттап хат жазарыңды білем. Және солай ететініңе  имандай сенем....



Бөлісу: