"Халық көп, адам аз екен"...
блог
Ассалаумағалейкүм, Массагеттіктер! Кезек менде екен, соны пайдаланып дұрыстап бір айызымды қандырып тұрып жазайын деп отырмын. Кеттік, ендеше:
Өмір! Бұл сапарды бастау қандай керемет болса, оны аяқтау соншалықты өкінішті екені хақ. Бірақ осы өмір лабиринттерінен өтудің өзі сол өкінішті ұмыттырып қана қоймай, адамды алға жетелей түседі. Себебі, адам табиғатынан өмірсүйгіш! Арман-қиял, үміт-сенімге толы тағы бір жылымды артқа тастап бара жатырмын...
Сіздерден артық алып-қосарым жоқ, Абай айтпақшы жер ортасы жасқа келмесем де, алды-артыма қарайтын кез келгені анық. Бұл жыл мен үшін көп қызықтар мен қиындықтар сыйлады. Ақылдылық мен ақымақтықтың, ынжықтық пен батылдықтың, жігерлілік пен енжарлықтың, зұлымдық пен мейірбандықтың, текті тәкаппарлық пен жағымпаз жәдігөйліктің ара жігін аңғаратындай болдым. Бұл өмірде «Халық көп, адам аз» екенін ұқтым. Ия, сіздерге қызылды-жасылды қызыққа толы жазба керек болып отырғанын ішім сезіп отыр. Бірақ біреулерге ұқсап биыл шет елге де шықпаппын, ғылыми жаңалық та ашпаппын. Бір жағынан өкінішті, бірақ төмендегі өлең жолдарын оқысаң ойың әп-cәтте өзгеріп, рухани жаңаратыныңа күмәнім жоқ:
Ай мен күнге өптіргің кеп шекеңді,
Көлгірсисің көрмедім деп шет елді,
Тәубеңе кел шет ел түгіл зағиптар,
Көре алмай жүр өзі туған мекенді...
Жә, жарар, маған пәлсапа соғуға ертерек. Одан да келер жылдан не күтетінімді жазайын. «Үйлену оңай, үй болу қиын» - деген сөз бар. Бұл сөздің мәнін үй болған соң тереңірек түсінетін шығармын. Алдағы мақсатым Аллаһ нәсіп етсе жар құшып, перзент сүйіп, жақындарыма қуаныш сыйлау!
“Жалғыздық-құдайға ғана жарасады”-деген сөз бар. Шүкір, туған-туыс, дос-жаранға кенде емеспін. Оның үстіне биыл Массагет арқылы виртуальды болса да қаншама дос таптым. Жылдың жаңалығы деп осыны айтуға болатын шығар. Жоғарыда жазып кеткен адамдардың бәрі мен үшін керемет жандар! (Массагетте мені керемет адамдар санатына жатқызып жүрген жандар да бұл тізімнің ішінде). Осылайша бір жылымды таразылап көргендей болдым. Осындай мүмкіндік берген Ғалия қарындасыма алғысым шексіз! Жаңа жыл барлығыңызға тек қана жақсылық әкелсін! Жылдан-жылға ішкі дүниеміз рухани байып, терең зерделі адам болуға ұмтылайық! Кезексөзді біреуге атап арнайы бермей-ақ қояйыншы? Менің сөзімді жалғағысы келген адам жай ғана «Кезексөзді мен алдым» деп жалғай берсінші... Іске сәт!!!