Халел тұлға
блог
Халқымыздың біртуар ұлы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, ағартушы-педагог Халел Досмұхамедұлы 1883 жылы Атырау өңірінде дүниеге келген. Бала кезінде Орал әскери училищесінде оқып, содан кейін сол заманның ең таңдаулы өкілдері ғана оқитын жоғары оқу орны Санкт-Петербургтегі Императорлық әскери-медициналық академияны алтын медальмен бітірген. 1905-1907 жылдардағы болған революцияны өз көзімен көріп, куә болған кезі оның саяси белсенділігінің артуына түрткі болған еді. Ақпан төңкерісінен кейін Халел Досмұхамедұлы туған халқының болашағы үшін саяси күреске араласады. Ол дəрігерлік қызметін тастап, біржола Алаш қозғалысының белсенді көсемдерінің бірі болады.
1920 жылы «Алаш» партиясы таратылған соң, ол Ташкент қаласына келіп, Түркістан Республикасының Денсаулық сақтау және Халық ағарту комиссариаттарында жауапты жұмыстармен қатар, жоғары оқу орындарында ұстаздық және ғылыми-педагогикалық, шығармашылық жұмыстармен айналысты. Жаратылыстану цикліндегі пәндер бойынша алғашқы қазақ мектептеріне арналған бірқатар оқулықтар жазды. Республика үкіметі алдына жоғары педагогикалық оқу орнын ашу туралы мәселе алғаш қойылғаннан бастап, Х.Досмұхамедұлы осы мәселенің басы-қасында болып, оны ұйымдастыруға орасан зор еңбек сіңірді. 1925 жылдың 15 тамызынан бастап, Ташкент қаласында «Қазақтың жоғары педагогикалық институты «Казпедвуз» деген атпен ашылып, жұмыс жасауға кіріскенде оның проректоры болып қызмет атқарды. Сол институтта педология пәнінен дәріс берді.
Х.Досмұхамедұлының ғылыми мұрасының ең негізгі бағыттарының бірі – тіл білімі мен әдебиет, тарих және этнография мәселелері. Оның «Қазақ әдебиеті», «Аламан», «Мұрат ақынның сөздері», «Шернияз шешен», «Исатай-Махамбет», «Жалаңтөс батыр шежіресі», «Диуани лұғат ат түрік», «Қазақ тіліндегі сингармонизм заңы» атты ғылыми еңбектерін жазуы оның жан-жақты терең, энциклопедиялық білімін аңғартады.