Хаджеттепе университетіне ғылыми іс-сапар...
блог
Хаджеттепе университетіне ғылыми іс-сапар...
Академиялық ұтқырлық әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дамуының негізгі басым бағыттарының бірі болып табылады. Бүгінгі таңда университетте ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламалары сәтті жүзеге асырылуда.
Осы бағдарлама бойынша 2015 жылдың 14-29 маусым аралығында біз, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, химия және химиялық технология факультетінің органикалық заттар, табиғи қосылыстар мен полимерлер химиясы және технологиясы кафедрасының магистранттары Түркияның Анкара қаласындағы Хаджеттепе университетіне шетелдік ғылыми іс-тәжірибеге барып келдік. Бізбен бірге кафедраның аға оқытушысы, PhD Қалдыбеков Дәулет Болатұлы да барып, жетекшілік етті.
Түркияның халқы бізді өте жақсы қарсы алды. Мұндағы әрбір тұрғын қарапайым, мейірімді, бауырмал екен. Ауа райы да жақсы болды, тұрақты жылы, 22-25°С шамасында болып тұрды, арасында жаңбырлы күндер де болды.
Хаджеттепе университеті де ҚазҰУ сияқты бір үлкен қалашық, бірақ ауданы үлкен. Университет аумағында оқу ғимараттары, студенттерге, сондай-ақ шетелдік студенттерге арналған жатақханалар, спорт кешені, медицина орталығы, мешіт, көптеген кафе-мейрамханалар, демалатын орындар орналасқан. Университетте әр 10 минут сайын қалаға қарай автобустар жүреді, сонымен қатар такси аялдамалары да бар.
Университет бізді жатақханамен қамтамасыз етті. Бөлмелері екі адамға арналған, ыңғайлы, кең, таза болды. Әр бөлмеде жеке жуынатын бөлмелер орналасқан, ғаламтор желісі тартылған. Жатақханада ас дайындайтын, тамақтанатын, теледидар көретін бөлмелер жасалған.
Ерекше атап кететін жәйт, бұл ас мәзірі. Мұнда астың алуан түрі бар екен, ұлттық тағамдарының да түрлері өте көп және өте дәмді. Тағамдарының ерекшелігі – барлығы дерлік тауық етінен дайындалады. Әсіресе, түрік шайы өте керемет екен.
Бізді осы университеттің Химия факультетінің Радиация және полимер ғылымы бөлімінің профессорлары Мурат Шен мен Олгун Гювен және студенттері құшақ жая қарсы алды. Олар бізді университетпен, химия факультетімен таныстырды, барлық сұрақтар бойынша көмек көрсетті. Профессор Олгун Гювен Қазақстанға қайтар алдында барлығымызды түскі асқа шақырды.
Бұл университетте көптеген талдаулар жүргізетін құралдармен таныстық, олармен жұмыс жасауды үйрендік, тәжірибе жинадық. Олармен жұмыс жасауда бізге сол университеттің PhD-студенттері Али Эрен Атыджы, Айше Бакар Атыджы, Ханде Хайраболулу, Фейза Кырач көмектесті.
Мемлекетіміздің және университетіміздің қолдауымен іске асырылып жатқан мұндай іс-сапардың, ғылыми кәсіптік іс-тәжірибенің жас мамандар үшін, еліміздің болашақ ғылымын дамыту үшін пайдасы өте зор. Себебі, осындай тәжірибе алмасу арқылы әрбір студентте жаңаша көзқарас, жаңаша ойлар туындап, ғылымға деген қызығушылық пен ұмтылыс оянады деп ойлаймын.
Осы орайда ғылыми іс-тәжірибеге баруға қолдау көрсеткен университетімізге, кафедра меңгерушісі Мун Григорий Алексеевичке, кафедрамыздың оқытушыларына, сонымен қатар Хаджеттепе университетінің профессорларына, докторларына, студенттеріне алғыс білдіргім келеді.
Адилет Аликулов,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің,
химия және химиялық технология факультетінің,
органикалық заттар, табиғи қосылыстар мен полимерлер
химиясы және технологиясы кафедрасының 2 курс магистранты.