Ғылыми-техникалық революция
Жалпы, сіз бен біздің бүгінде куә болып отырған қол астыңыздағы күнделікті үй тұрмысында қолданып жүрген техникадан бастап сонау әскери-ғарыштық технологияларға дейін, алақаныңыздағы ақылды смартфоннан жеп отырған адал ас-тұзымызға дейін - барлығы адамзат өркениетінің бірізді дамуы нәтижесінде бірде эволюциялық жолмен бірде революциялық жолмен үздіксіз ілгері басып отырған ғылыми-техникалық процесс жемісі. Ғылыми-техникалық революция қоғамның өндіруші күштерін түбегейлі өзгертіп, ғылым мен техникада едәуір сапалы серпіліс берген уақыт кезеңі. Оның басталуы ХХ ғасырдың ортасына келіп, өз кезегінде ҒТР 70-жылдары әлемдік өндірістің экономикалық потенциалын бірнеше есеге ұлғайтуымен қоса қамтымаған саласы қалмаған әмбебаптылығымен анықталады. ХVIII ғасырдағы бу қозғалтқышы еңбекті механизациялауға, ХІХ-ХХ ғасыр тоғысындағы электр қуаты өнеркәсіп индустриясының бастау алуына, өткен ғасырдың 70-жылдарындағы микропроцессордың ойлап табылуы адамзат баласының өмір салтын түбегейлі өзгертуіне себеп болған негізгі шешуші рөл атқарған технологиялық шешімдер деп айта аламыз. Осы ретте ҒТР кезінде техника мен технологиялардың екі түрлі жолмен дамитындығын айта кеткен жөн:
1. Эволюциялық жол - қолда бар техника мен технологияларды ары қарай дамытып, олардың бірлік қуаттылығын арттыруға, шамасын өсіруге тіреледі.
2. Революциялық жол - түбегейлі жаңа шешімдерді ойлап табу. Болмаған технологияларды енгізіп, жаңа техникаларды пайдалану. Мысалы, ҒТР-дың "екінші толқынын" әдетте микроэлектронды революция деп атап жатады, себебі осы кезеңге ЭВМ мен роботтарды кеңінен пайдалану сипаты тәуелді болды.
Сөз жоқ, ҒТР-дың құрамдас бөліктеріне ең бірінші ғылым, техника, технология, өндіріс, басқару кіреді десек, ал оның жетістіктерінің жүйелі жемісін, ең алдымен, оның дамуына бірден-бір орасан зор қаржы құйып, ғылыми-зерттеу мен тәжірибе-құрастыру жұмыстарына шығындарын еселеген дамыған елдер көрді. Әлбетте, қатарының алды болып өздеріңіз біліп отырғандай АҚШ, Жапония, Ұлыбритания, Германия, Франция сынды мемлекеттер тұр. Оның ішінде АҚШ-тың шығындары барлығынан асып түсіп, есесіне оның алған қайтарымы да соғұрлым басым екені дау тудырмайды. Демек, прогресс ғылымға, ал ғылым заманауи озық білім беру жүйесіне тікелей тәуелді екені белгілі болды. Оның көрнекті мысалы ретінде ғылыми жетістіктерді өнеркәсіппен ұтқыр ұштастырып берген Жапонияның білім беру жүйесін айта аламыз.
Ғылым - біз сөз етіп отырған ғылыми-техникалық революцияның негізгі құрамы десек, ғылымды, біріншіден, білім жүйесі; екіншіден, адами еңбектің бір түрі деп қарастырамыз. Ғылым дегеніміз - үш негізгі қызметке ие күрделі білім жүйесі:
1) танымды-теориялық (негізгі заңдылықтарды танып-білу);
2) қолданбалы (ғылым және практика);
3) мәдени-ағартушылық.
Әлемде ғылыммен 5,5 млн. адам айналысса, олардың саны үздіксіз өсуде. Қайсыбір елдің ғылымының хал-жағдайын білгіңіз келсе, онымен айналысатын адам мөлшері мен оған жұмсалатын қаржы көзіне тоқталу керек. Ал әлемдегі бүкіл ғалымдардың 85% жоғарыда айтылған елдер (Ресей мен Қытайды қосу керек) үлесіне тиесілі болса, 12% дамушы елдер, оның ішінде, негізінен алғанда - Үндістан, Бразилия, Мексика, Аргентина сынды мемлекеттер еншісіне тиесілі. Мемлекет өз ғалымдарына баса назарын аударып, олардың ғылыми-зерттеу жобаларына қомақты қаржы бөлмесе - ғылыми-техникалық әлеуеті жоғары білікті мамандардың шетелге үдере көшу үрдісі анық орын алады.
Ғылыми-техникалық революция кезеңінде ғылым-білім, техника, технологиямен қатар сол жаңа заманауи өндірісті берекелі басқару мәселесі де өзекті болды. Себебі, әуелдегі басқару шешімдері жаңа талаптарды қанағаттандыра алмайды, ендігі кезекте осы төртеуінің тегіс те тұтас дамуын реттеп, жұмысын жылжытып қана қоймай, оның экономикалық, экологиялық, әлеуметтік сынды жан-жақты тараптарын түгел ескеріп нәтижелі басқару мәселесі білікті дайындықтан өткен мықты менеджерлердің құзыреттілігіне өтті. Ал, ол менеджерлер өз қарамағына енді жай ғана еңбек күшін ғана емес, жоғары білікті мамандарды жинау керек болды. Еңбектің саны емес, сапасы шешуші рөл атқарды.
Бір қызығы, ҒТР феноменіне қазіргі заман философиясы мен социология ғылымдар тарапынан біржақты оң бағаға ие болып отырған жоқ. Оны түсініп, байыбына жетудің екі жолы: оптимистік (сциентистік) және пессимистік (антисциентистік) бар. Алғашқысы ҒТР-ды адамзат өркениетінің ары қарайғы ретті, кезекті дамуын қамтамасыз ететін заңды даму кезеңі деп білсе, екінші бір топ ҒТР-дың экологиялық апаттар, климаттың өзгеруі, ядролық қауіп, сананың улануы, техниканың адам ағзасы мен психикасына тигізер зияны, ұрпақ сабақтастығының үзілуі, глобализация, адами құндылықтардың құнсыздануы, роботтану, ұлттық сананың жойылуы, адам баласының табиғаттан алыстауы сияқты теріс келеңсіз зардаптарына шүйлігуде. Қалай десек те, әр кезде де "таяқтың екі ұшы бар" демекші ғылыми-техникалық революцияны оң десек те, теріс десек те, өзгерістер артқа қайтпайды. ҒТР-дың нәтижесі материалдық дүниемізге ғана емес, әлеуметтік-қоғамдық, рухани-адамдық дүниемізге де терең өзгерістер әкелгені талас тудырмайды.
Айгүл Базылханова, КазҰУ магистранты
ф.ғ.к. Жанатаев Данат жетекшілігімен.